Аудан жаңалықтары

683

0

«Кәсіпкерлер үйі» ашылды

Арал. Республика күні және Арал қаласының 95 жылдығы аясында аудан орталығында «Кәсіпкерлер үйі» ашылды.

Жаңа нысанның ашылу салтанатына аудан әкімі Серік Сермағамбетов қатысып, көпшілікті ұлттық мерекемен құттықтады. Сонымен бірге өңірдегі кәсіпкерлік саласындағы оң өзгерістерге тоқталды. Жаңа орталықта шағын және орта бизнес субъектілері үшін қажетті кеңестер беріледі. Бұл жерде кәсіпкерге өзінің бизнес идеясы мен бастамасын жүзеге асыру үшін барлық жағдай жасалған.

Тартысты турнир

Қазалы. Республика күніне орай волейболдан мемлекеттік қызметшілер мен құқық қорғау органы қызметкерлерінің арасында аудандық жарыс өтті. Жарысқа 7 команда қатысты.

Әйтеке би кентіндегі спорт кешенінде ұйымдастырылған жарыстың ашылу салтанатына аудан әкімі Мұхтар Оразбаев қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі. №17 Қазалы ауданының олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебі жеңімпаз болып танылды. Келесі жүлделі орындарды ауылдық округтер әкімі аппаратының қызметкерлерінен құралған команда мен аудан әкімдігі және мәслихат аппаратының командалары өзара бөлісті.

Диқандар еңбегі еленді

Қармақшы. Аудан бойынша егін жинау науқаны қорытындыланып, «Алтын дән» іс-салтанатты

шарасы өткізілді.

Аудан әкімі Әділбек Ерсұлтанов дала еңбеккерлерін марапаттап, қамбаны молайтып, шаруалардың адал еңбегін жоғары бағалады. Салтанатты іс-шарада Қармақшы ауданының дамуына үлес қосқан азаматтарға «Қармақшы ауданының Құрметті азаматы» атағы табысталды. Сондай-ақ, «Алтын дәнде» бірқатар сала қызметкері облыс әкімінің «Құрмет» грамотасы, аудан әкімінің Алғыс хаттарымен, «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Ал, топ жарған озаттар түрлі номинация иеленді.

Балаларға базарлық

Жалағаш. «Балалар жылы» аясында 5 спорт-ойын алаңы пайдалануға берілді.

Аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Еспенбет ауданға қарасты Бұқарбай батыр, Аламесек ауылдық округтерінде жаңадан бой көтерген спорт-ойын алаңдарының ашылуына қатысып, тұрғындардың қуанышын бөлісті.

Жалағаш ауданы бойынша биыл құны 58 млн теңгеден асатын 7 ойын алаңын салу жоспарланды.

Әлем чемпионын қабылдады

Сырдария. Н.Ілиясов ауылының жас спортшысы Нұрдәулет Карбозов Испанияның Понтаведро қаласында өткен грэпплинг спорт түрінен

92 кг салмақта бозкілемде тартысқа түсіп, барлық қарсыластарын басып озып, Әлем чемпионы атанды.

Жас спортшыны жетістігімен құттықтаған аудан әкімі Мұрат Ергешбаев жаттықтырушысы екеуін қабылдап, сый-құрмет көрсетті.

– Ауданның ғана емес, облыс және республикамыздың мерейін әлемдік аренада асырдың. Алдағы уақытта чемпиондық биіктен түспей, ел спортын дамытуға үлесіңді қоса бер, – деді аудан әкімі.

«Тең қоғам» орталығы

Шиелі. Орталық мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен балалардың қоғам өміріне белсене араласуына мүмкіндік жасау мақсатында ашылды.

Ашылу  салтанатында  аудан  әкімі  Нұржан  Ахатов мүмкіндігі шектеулі  жандардың құқығын қорғауға негізделген шаралар алдағы уақытта жалғасын табатынын жеткізді. «Тең қоғам» орталығы кент орталығынан ашылып отыр. Ал ғимараттың кеңселік құрал-жабдықтары «Байқоңыр Солар» ЖШС-нің демеушілігімен алынған. Айта кету керек, мүмкіндігі шектеулі жандар мұнда үстел ойындарымен қатар, дене жаттығуымен, шығармашылықпен де айналыса алады.

Жаңақорған марафон – 2022

Жаңақорған. Аудандық ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ және Жаңақорған аграрлық-техникалық колледжінің қолдауымен жүгіру марафонынан жарыс өтті.

Жарысқа 100-ге жуық жас қатысып, жүйрікті анықтады. Жарыс қорытындысы бойынша 3 жеңімпазға қаржылай сыйақы беріліп, алғашқы келген 20 үздік қатысушыларға медаль, алғыс хаттар табысталды. Жеңімпаздарды аудан әкімінің орынбасары Д.Тұрсынбаев марапаттады.

Дайындаған:

Шынар БЕКБАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<