Ауылда кәсіпкерлік аясы кеңейе түскен

418

0

Қала әкімдігінің баспасөз алаңында Қарауылтөбе ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Қойшыбай Жүсіпов 2025 жылдың І жарты жылдығында  атқарылған жұмыстар туралы баяндады.

Ауылдық округте халық саны 2952 адамды құрайды. Экономикалық белсенді халық саны 1304 адам. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар саны – 402, жұмыссыздар саны 24 адам.

«2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы» аясында халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары арқылы 1 адам жастар практикасымен, 18 адам  ақылы қоғамдық жұмысқа, 2 адам қысқа мерзімді кәсіптік оқуға мүмкіндік алған.

– 2024 жылы жалпы бюджет 177,2 млн теңгеге бекітілген, оның ішінде IІ тоқсанында бюджет жоспары 81,8 млн теңге, 2025 жылдың жоспары 220,8 млн теңге IІ тоқсанында 142,8 млн теңгеге бекітілген. Есепті мерзімде бюджет 98 пайыз игерілді. Салық түсімінің жылдық жоспары 12,7 млн теңге болса, IІ тоқсанға нақты түсім 9,6 млн теңге. Жылдық жоспардағы салық түсімі 76,2 пайыз орындалды.

Кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы жұмыстар да өз деңгейінде атқарылып жатыр. Бүгінде ауылдық округте 131 шағын кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істеп тұр. Нақтырақ айтқанда, 3 жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 115 дара кәсіпкер, 18 шаруа қожалығы. Бұдан бөлек, биылғы жылдың IІ тоқсанында 6 кәсіпкерлік субъекті тіркеліп, 6 тұрақты жұмыс орны ашылды.,«Бизнес-Бастау» бағдарламасы аясында 8 тұрғын оқу курсын аяқтап, қайтарымсыз грантқа өтініш беруде.

2025 жылдың IІ тоқсанына жалпы құны 25,4 млн теңгені құрайтын 3 жоба қаржыландырылды. Атап айтқанда, «Байқоңыр ӘКК»  АҚ арқылы «Ауыл аманаты» бағдарламасымен бір жоба, «Аграрлық Несие корпорациясы»  АҚ арқылы  «Іскер» бағдарламасымен 2 жоба асылтұқымды мал өсіру кәсібі бағытында тиісті қаражатқа қол жеткізді, – дейді ауыл әкімінің міндетін атқарушы.

Ауылдық округтегі №179 орта мектепте 500-ден астам оқушы білім алады. 2024 – 2025 оқу жылы бойынша 10 оқушы 11-сыныпты аяқтап, ҰБТ-ға толық қатысып,  4  оқушы  грант  иегері  атанған.

Әлеуметтік салаға келсек, биылғы ІІ тоқсанның қорытындысымен ауылдағы аз қамтылған 24 отбасындағы 102 балаға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, қаржылай көмек көрсетілген.

«Қарауылтөбе» ауылдық округінің жалпы жер көлемі – 6 806 гектар. Оның басым бөлігі ауыл шаруашылығы мақсатында табысталған. Ауылдық округ бойынша биыл 700 гектар күріш, 124 гектар ескі жоңышқа және 276 гектар жаңа жоңышқа, 5,0 гектар бидай, 10 гектар арпа,  150 гектар қант құмайы, 3 гектар көкөніс-бақша дақылдары егілген. Былтыр ауылдағы мал басы саны 2 400 болса, биыл 2 637 бас тіркеліп отыр.

Баяндамада айтылғандай, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында 1,9 млн теңгеге ауылға кіре беріс жаңа қоныс аумағындағы №4, №5  көшелер   жарықтандырылған. «Жарықтандыру» бағдарламасы бойынша ауылдық округтегі жаңа қоныс аумағындағы №7, №8, №9 көшелеріне 3,3 млн теңгеге көше бойына  жарық бағаналары орнатылған.

Ауылды абаттандыру бойынша С.Байсейітов көшесінің бойынан балалар ойын алаңын салуға мемлекеттік сатып алу порталы арқылы мердігер «Әділжан и К» серіктестігімен 5 млн 945 мың теңгеге келісімшарт жасалып, қазіргі кезде құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Ауыл ішіндегі жолдарды жөндеу, санитарлық тазалықты қамтамасыз ету жұмыстары тұрақты түрде атқарылып келеді.

Ауылдық округтің көше жарықтандыру бағаналарын электр энергиясымен қамтамасыз ету үшін «Қызылорда электр тарату тораптары» компаниясымен 10,5 млн теңгеге келісімшарт жасалған. Сонымен қатар, жарық бағаналарына техникалық қызметтер көрсету бойынша «Инно Тех» ЖШС қызмет көрсететін болады.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»