Белгілі ирандық геолог, ЮНЕСКО-ның жаһандық геопарктер кеңесінің мүшесі, геотуризм саласының халықаралық сарапшысы Алиреза Амриказеми мен ЮНЕСКО өңірлік кеңесінің жаратылыстану ғылымдары бағдарламалары бойынша маманы Елена Осипова Арал ауданына арнайы іссапармен барды.
Бұл сапардың басты мақсаты – «Geopark Aral» жобасын жан-жақты зерттей отырып, экологиялық және туристік әлеуетін халықаралық деңгейде таныту.
Сапар барысында делегация өкілдері Арал қаласындағы «Балықшылар музейіне» барып, Арал теңізінің тарихы туралы құнды жәдігерлермен таныс болды.
Одан кейін халықаралық сарапшылар «Жасыл әлем – ұрпаққа сый» атты экологиялық акцияға қатысып, ауданды көгалдандыруға өз үлестерін қосты.
Сонымен қатар, шетелдік сарапшылардың қатысуымен Арал геопаркінің орталығында «Арал өңіріндегі климаттың өзгеруі жағдайында туризмді, ғылымды және технологияларды дамыту» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Басқосу барысында өңірдің экологиялық ахуалы, климат өзгерісіне бейімделу тетіктері, геопаркті дамытудағы ғылыми және инновациялық тәсілдер жан-жақты талқыланды. Қатысушылар тұрақты туризмді дамыту, табиғи мұраны сақтау және халықаралық тәжірибені енгізу бағытында өзара пікір алмасты.

Іс-шарадан кейін сарапшылар Аралдың рухани ордасы саналатын «Руханият» орталығына табан тіреді. Мұнда қонақтарға қазақ халқының бай мәдениеті мен салт-дәстүрлері кеңінен таныстырылды. Дәстүрлі шашу-шашу рәсімі көрсетіліп, этно-бағдарлама аясында ұлттық ойындар ұйымдастырылды. Сондай-ақ «бесікке салу» және «тұсаукесер» сынды салт-дәстүрлер сахналанып, шетелдік меймандар қазақ халқының рухани мұрасына ерекше қызығушылық танытты.
Сапар барысында делегация өкілдері тарихи-өлкетану музейінде де болды. Мұнда Арал өңірінің өткені мен бүгінінен сыр шертетін құнды жәдігерлер мен деректер ұсынылды. Сарапшылар аймақтың тарихи-мәдени ерекшеліктерімен танысып, өңірдің туристік әлеуетіне жоғары бағасын берді.
Аталған сапар Арал геопаркінің халықаралық деңгейде танылуына, тәжірибе алмасуға және өңірдің тұрақты дамуына бағытталған жаңа бастамаларды жүзеге асыруға тың серпін берді.
Қызылорда облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы






