Азаттықтың алғашқы қарлығаштары

402

0

Сенбіде Қызылорда қаласындағы «Тағзым» алаңында 16 желтоқсан – ҚР Тәуелсіздігі күніне орай және Желтоқсан оқиғасы құрбандарын еске алуға арналған арнайы  іс-шара өткізілді.

Жиналған қауым Желтоқсан оқиғасында құрбан болғандарды бір минут үнсіздікпен еске алды.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев зиялы қауым өкілдерімен бірге Тәуелсіздік үшін күрескендерді өзгелерге үлгі-өнеге ету – басты парыз екенін атап өтті.

– Желтоқсан – қазақ халқы үшін қасіретті әрі қасиетті ай. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «1986 жылы өрімдей ұл-қыздарымыз кеңес одағының қаһарынан қаймықпай, ұлт намысы үшін алаңға шықты. Осы күннен соң тура бес жыл өткенде Тәуелсіздігімізді жариялауымыздың символдық мәні зор. Бұл орайда азаттықтың алғашқы қарлығаштары – Желтоқсан қаһармандарының азаматтық ерлігі лайықты бағасын алып, жоспарлы түрде насихатталуы керек» деді. Біз әр кезеңдегі қиын-қыстау шақтарда халқымыздың қалқаны болған батыр ұл-қыздарымызды мақтан етеміз. Тәуелсіздікке ұмтылған қазақ жастарының бұл қадамы, шын мәнінде, ерлік еді. Желтоқсан қаһармандарының ерлігі мен өрлігі тәуелсіз Қазақ елімен бірге өмір сүріп, есімдері халық жүрегінде жасай береді, – деді облыс әкімі.

Мұнан кейін ел тарихындағы қасіретті оқиғаның куәгері, Желтоқсан оқиғасына қатысушы Аманбай Қанетов бостандық үшін күрескен боздақтардың жанкешті еңбегі мен ерен ерлігін еске алды.

Шара қорытындысында Желтоқсан құрбандарының рухына Сыр жұртшылығы атынан тағзым гүлі қойылды. Олардың рухына арнап облыстың бас имамы Болатбек Әбуов құран бағыштады. Жиналған жұртшылық таазаттық күрескерлеріне бас иіп, гүл шоғын қойды.

Айта кетсек, қазақ жастарының арасында алаңға шығып, өз құқығын талап еткені үшін жала жабылып, жапа шеккендер қатарында Сыр өңірінен 150-ден астам азамат болды. Олардың барлығы дерлік оқудан шығарылып, партия қатарынан шеттетілген.

Ел тәуелсіздігін алғаннан кейін 1993 жылғы 14 сәуірдегі «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Заңына сәйкес, оқиға салдарынан зардап шеккен азаматтар, желтоқсаншылар толық ақталды.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<