Бағы жанған балалар

781

0

Облысымызда жас таланттар үйірмелері тұрақты жұмыс істейді.Бүлдіршіндер мен балаларға арналған – «Бал бала», «Ақ көгершін», «Бозторғай», «Ботақан», «Таңшолпан», мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған «Жүрек жылуы» секілді конкурстар көп және оларға ерекше мән беріледі. Мәселен, өнерлі балалар бағбаны болған марқұм Қаракөз Ағдәулетова мен дарынды композитор Рамазан Таймановтың мектебінен шыққан қаншама таланттың бағы жанды.

2017 жылдың тамыз айында Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Қ.Ақдәулетова жетекшілік жасайтын облыстық балалар студиясының 7 өнерпазы Болгария еліндегі халықаралық балалар шығармашылығына арналған екі конкурсқа қатысты. Балғын өнерпаздарымыз осы өнер бәйгесіндегі басқаларды құр қалдырып, сенсация жасады! Бас жүлде, 1, 2-орындар алып қайтты.

Мұнан кейін де осы Болгария мен Беларуссияда өткен «Хрустальды магнолия», Витебскідегі «Арт-парад» ән конкурстарында мәдениет саласының үздігі, облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығының бөлім меңгерушісі Бағдагүл Есмұрзаева дайындаған қызылордалық жасөспірімдер Қарақат Базарбай мен Серік Мадияр бас жүлдені жұлып алып келді. Саят Сәрсенбек 2-орын алып, Хорлан Сайн лауреат атанды.

Санк-Петербург қаласында өткен мүмкіндігі шектеулі балалардың «Шаг навстречу» деп аталатын халықаралық шығармашылық фестиваліне №6 есту қабілеті бұзылған балалардың арнайы мектеп-интернатынан 4 өнерпаз қатысып, «ым» тілінде ән айту мен халықтық орындау жанры бойынша жас ерекшеліктеріне қарай 4 талапкердің барлығы да жүлделі І орынды иеленді.

Бұл күндері Алматы қаласында Халықаралық «Бозторғай» конкурсы өтіп жатыр. Оған Қызылордадан және Қармақшы, Жалағаш аудандарынан –  «Балбұлақ», «Эверест», «Тұмар» би топтары, Жаңақорғаннан қобызшылар триосы, С.Майқанова мәдениет үйінен 2 термеші, «Сыр сандуғаштарынан» 5 вокалист, т.б. барлығы 76 сырбойылық өнерпаз бала қатысуда.

Байқауға өз елімізбен бірге Армения,  Өзбекстан, Қырғызстан, Болгария секілді елдерден мыңнан астам қатысушы келіп отыр.

Біз балаларымыздың бұл жолы да базарлы оралатынына сенеміз.

«СБ» руханият бөлімі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<