Байқауда 8 маман бақ сынады

516

0

Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен облыс кітапханашыларының арасында «Жыл кітапханашысы − 2022» байқауы өтті. Кітапханашылардың кәсіби шеберлігін шыңдау, беделін арттыру және оң имиджін қалыптастыру мақсатында өткен байқауда 8 маман бақ сынады.

Қатысушылар «Мен − кітапханашымын» кезеңінде бейнеролик арқылы өздерін таныстырды. «Ұшқыр ой, ұтымды жауап» кезеңінде мамандық бойынша кәсіби сұрақтарға жауап берді. Ал «Білікті маман – креативті жоба» кезеңінде кітапханашылар шығармашылық, инновациялық жобаларын ұсынды. Ең соңғы «Мен өлкемді жырлаймын» кезеңінде қатысушылар жергілікті ақын-жазушылардың туған жерге арналған ән-жырларын орындап, өз өнерлерін көрсетті. Сонымен қатар байқауға қатысушылар үй тапсырмасы бойынша «Жыл кітабын бірге оқимыз» тақырыбында 2022 жылы «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында жаппай оқуға таңдалған Ахмет Байтұрсыновтың шығармаларынан бейнеролик дайындап ұсынды.

Cала мамандарының біліктілігін саралайтын қазылар алқасына Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының басшысы Нұрлыбек Мыңжас төрағалық етті. Құрамында облыстық мәдениет және спорт басқармасының бөлім басшысы Жанар Нұржақыпова, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті ғылыми кітапханасының жетекшісі Гүлмира Сәтбаева болды.

Қазылар алқасының шешімімен байқаудың бас жүлдесін Арал   аудандық  орталық  балалар  кітапханасының  меңгерушісі  Құндызай Шалбаева  жеңіп алды.

Отыз жылдық тәжірибесі бар маман кәсібі бойынша қойылған сұрақтарға мүдірмей жауап беріп, балаларға арналған ерекше жоба қорғады. «Библиотерапия: шексіз мүмкіндіктер әлеміне жол» жобасының  мақсаты балалардың кітапханада білім көкжиегін дамытуға бағытталған. Жобаны жүзеге асырса, бір тоқсанда 35 даму мүмкіндігі шектеулі  балалар   кітапхана қызметін пайдаланып, өздерін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінеді. Олардың кітапқа деген қызығушылықтарын  ояту,  оқылған нәрсені нақты өмірмен байланыстыруға үйретіп, баланың жеке басының шығармашылығын дамытуға арналған. Нәтижесінде өзін-өзі танып мінез-құлқы, қызығушылығы қалыптасады. Аталған кітапханада  28 мыңнан аса кітап қоры бар. Білікті маман Құндызай Кенжебекқызы басқаратын кітапхананың 3120 оқырманы бар.

Шиелі ауданы, Көкшоқы ауылдық кітапханасының кітапханашысы Айдана Әділсерікқызы I орынды жеңіп алды. Жалағаш аудандық кітапханасының бөлім меңгерушісі Жансұлу Ешімова мен Қызылорда қалалық №12 кітапхананың кітапханашысы Манат Жұмахметова келесі жүлделі орындарды иеленді.

Байқауға қатысушыларға арнайы диплом, алғыс хаттар және бағалы сыйлықтар табысталды.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<