Бар жақсылық – балаларға

793

0

Бүгінде Қызылорда облыстық ардагерлер кеңесі өңіріміздегі ардагерлердің қоғамдық-саяси шараларға белсене қатысуларына барынша ықпал етуде. Халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру, жастар тәрбиесі мен басқа да мәселелердің оңтайлы шешімін табу мақсатында аймағымызда түрлі іс–шаралар ұйымдастыруда ұйытқы болып келеді.

Кеше қалалық орталық демалыс және тынығу паркінде Республика бойынша 1 тамыздан бастап өтіп жатқан «Мектепке жол» акциясы аясында және «Білім күніне» орай «Бар жақсылық – балаларға» атты бастамамен облыстық ардагерлер кеңесі Қызылорда қаласына қарасты кент және ауылдық округінде тұратын отбасы аз қамтылған балаларға арнап қайырымдылық іс-шарасын ұйымдастырды. Бұл іс-шараға қаладағы әртүрлі саланың бастауыш ардагерлер ұйымының төрағалары мен білім саласының өкілдері және ата-аналар, қала тұрғындары қатысты.

Жиналған қауымға іс – шараның мәні мен маңызын облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев қысқаша түсіндіріп өтті.

– Өздеріңіз білесіздер, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде жыл сайын «Мектепке жол» акциясы тұрақты түрде өтіп келеді. Біздің аймағымызда да биыл бұл акция өте жоғары деңгейде өтуде. Алдымен осы акцияны өткізуде ешкімнің айтуынсыз қолдау білдіріп жатқан демеушілерге, ел азаматтарына алғысымды білдіремін. Шариғатта «Жерде бір бала қуанса, көктегі періштелер жақсылық жасаушыны мың бір бәледен қорғайды» деген екен. Әрбір сауапты істе ел болып ұйыса білуіміздің өзі, осындай жақсы істеріміздің көптігінен болар деп ойлаймын. Қашанда «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» болмақ. Осындай бірліктен елімізді айырмасын. Еліміздегі осал топтардың балаларына қолдау көрсету, олардың қатардан қалмай мектепке баруларына жағдай жасау, балаларға шаттық, қуаныш сыйлау, қайырымдылық көрсете білу әрбір көкірегі ояу іскер азаматқа тән қасиет деп білеміз. Сондықтан аймағымыздың өркендеуіне зор үлес қосып жүрген әрбір кәсіпкер азаматтар әлі де болса осы акцияға өз қолдауын көрсетеді деп сенемін.

Өңіріміздегі мектептерде оқитын әрбір оқушының сапалы білім алуына жыл сайын баса назар аударылып келеді. Соның ішінде аймақта «Жайлы мектеп» жоба аясында 21 мектеп құрылысы салынады. Биыл 10 мектеп құрылысы бастау алмақ. Соның ішінде «Білімді қолдау қоры» есебінен Қызылордада дарынды балаларға арналған физика-математика бағытында мектептің құрылысы басталды. Сондай-ақ, облыс бойынша 1775 орынға арналған 4 мектеп құрылысы жүзеге асуда. Бұдан басқа да жергілікті бюджет есебінен қаладағы №264 мектеп-лицейі және №3 мектеп-лицейіне қосымша оқу ғимараттарының құрылысы жүруде. Ол қараша айына дейін беріледі деп күтілуде. Міне, оқушылардың сапалы білім алуы мақсатында осындай қыруар жұмыстар атқарылуда. Осының қызығын балаларымыз сапалы әрі терең білім алып қызығын көре берсін дейміз, – деді облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы С. Әбішұлы.

Осыдан соң облыстық ардагерлер кеңесі атынан кент пен ауылдан келген отбасы аз қамтылған 20 балаға сапалы білім алумен қатар, салауатты өмір салтын ұстауда денсаулықтарын шынықтыра түссін деген мақсатпен спорттық толық комплексті киімдер табысталды. Қалалық демалыс паркінің ұжымы атынан балаларға аттракциондарға тегін мініп, көңілдерін көтеруге сертификаттар берілді. Сонымен қатар, балаларға ақысыз балмұздақтар таратылды. Балалардың ата-аналары осы іс-шараны ұйымдастырған облыстық ардагерлер кеңесіне өз алғыстарын жеткізді.

Облыстық ардагерлер кеңесі әрқашанда аймақтағы қоғамдық-саяси  жұмыстарға белсене қатысып, елді ауызбірлікке бастауда, жастарды тәрбиелікке бағыттауда өз үлестерін қоса беретіні анық.

«СБ» ақпарат  

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<