Білім ошағы биыл оқушылар қабылдайды

581

0

Өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған көшпелі брифинг аясында БАҚ өкілдері қалаға қарасты «Бәйтерек» шағын ауданында бой көтерген 600 орындық мектептің құрылысымен танысты.

Елді мекеннің орталығында, алыстан «менмұндалап» тұрған мектеп ғимаратының сырты ғана емес, ішкі көрінісі де көңілге қонымды. Кең, жылы әрі жарық сынып бөлмелері оқушылар үшін қолайлы екені даусыз. Қалалық білім бөлімінің басшысы Е.Бодановтың айтуынша, білім ошағы алдағы оқу жылында пайдалануға беріледі.

– Президент Жолдауында берілген тапсырмаға сәйкес өңірде 3 жылда  15100 орынға арналған 21 заманауи мектеп салынады деп жоспарланып отыр. Әрине, ол мектептердің материалдық-техникалық базасы жаңаша оқу талаптарына сай жабдықталады. Одан бөлек, Жаңақорған, Қазалы, Шиелі аудандарында құрылысы басталған мектеп пайдалануға беріледі. Негізгі мақсатымыз үш ауысымдық білім беруден арылу. Егер биылғы оқу жылында осы мектепті пайдалануға берсек, көптің көкейіндегі өзекті мәселенің бірі шешімін табады деп ойлаймын. Өздеріңіз көріп тұрғандай, білім ошағының 40 сынып кабинетін ашуға мүмкіндігі бар, яғни, 2 ауысымда 1200 оқушыны қабылдауға дайын. Осыған сәйкес мектеп қолданысқа берілгенде 86 мұғалім, 61 кіші техникалық қызметкер жұмыспен қамтылады. Алдағы қыркүйек айында ашылу салтанатын өткіземіз деп жоспарлап отырмыз, – деді қалалық білім бөлімінің басшысы. 

Айта кетейік, аймақта өткен жылы білім беру ұйымдарының құрылысы қарқынды жүргізілді. 6 жаңа мектеп, 19 балабақша (2 мемлекеттік, 17 жеке), 1 оқушылар үйі (Жалағаш ауданы) пайдалануға берілді. Бұған қоса, облыстық бюджеттен 2 млрд- дан астам қаржы қаралып, 6 мектепке күрделі жөндеу жүргізілді. 

Иә, осындай әлеуметтік маңызы зор, іргелі  құрылыстың бой көтеруіне  бірінші кезекте облыс әкімінің қолдауы болса, облыстық білім басқармасы тарапынан құрылыстардың уақытылы әрі сапалы жүргізілуіне тиісті талаптар қойылған.

Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Е.Төрәлиевтің айтуынша, бүгінде мектеп құрылысының 95 пайызы аяқталған. Қазіргі күні ғимараттың сыртқы жағын абаттандыру, жарықтандыру, сондай-ақ,  құрал-жабдықтарды орналастыру жұмыстары жүріп жатыр. Жоспарға сәйкес жаңа мектептің құрылысы алдағы мамыр айында толық аяқталып, 2023-2024 оқу жылында қолданысқа беріледі.

Ғазиза ӘБІЛДА

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<