Қай кезеңде болмасын, әрбір мемлекеттің алға қарай қарыштап қадам басуы, тұғырының берік болуы – сол елдің білімді жастарының қолында. Осы орайда заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің «Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін – білім» деген аталы сөзі ойға оралады. Жас ұрпақтың жігеріне жалын беріп, көкірек көкжиегін кеңейту жолында жоғары оқу орындарының қосар үлесі қомақты.
Қызылордадағы «Болашақ» университеті ілкімді істерімен, толағай табыстарымен биыл өзінің 30 жылдық белесіне қадам басты. Одан бөлек, университеттің негізін қалаушы экономика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының академигі, университеттің ғылыми жетекшісі Бақберген Досманбетов мерейлі 80 жасқа толып отыр. 30 жыл ішінде университет мемлекет және қоғам қайраткерінің басшылығы негізінде ғылыми жетістіктерімен, заманауи білім бағдарламаларымен және білікті кадр даярлаудағы жаңашылдығымен ерекшеленіп, облыстағы алдыңғы қатарлы оқу орнына айналды. Қазіргі күні мұнда 2 жоғары мектептен тұратын 8 кафедра бар. Бакалавриат пен магистратураның білім беру бағдарламалары аясында 5 мыңға жуық жас оқып жатыр. Студенттерге 200-ден астам профессор-оқытушы дәріс береді, оның ішінде ғылыми дәрежесі мен атағы бар штаттық оқытушылар саны 80-нен көп.
– Бізде студенттердің оқу процесін, тұрмысын, өмірі мен бос уақытын дұрыс ұйымдастыру үшін қолайлы жағдай жасалған. 12 қабатты кампуста заманауи зертханалар, компьютерлік және интернет-аудиториялар, интерактивті тақталар, электронды оқу залдары жеткілікті. Өзге өңірлерден, жақын шет елдерден келіп оқып жатқандар да бар. Олар 800-ден астам адамға арналған, айналасы абаттандырылған екі жатақханада тұрады. Оқу орнының материалдық-техникалық базасының талапқа сай болуы, жыл сайын нығаюы бәсекеге қабілетті маман даярлауға мүмкіндік береді, – дейді «Болашақ» университеті бизнес, техника және технология жоғарғы мектебінің деканы, техника ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Мұратбек Ембергенов.
Университетте жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру қызметі ғылыми-педагогикалық және бейіндік бағыттағы магистратура бағдарламалары бойынша іске асырылады. Дәрістер қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жүргізіледі. Ұстаздар оқу процесінде тұлғаға бағытталған тәсілдер мен оқытудың инновациялық әдістері, оқу процесін компьютерлендіру және жаңа білім беру модельдерін енгізу тәжірибесін белсенді түрде қолданады.
Білім беру бағдарламалары аясында түлектер жұмысқа орналасу немесе оқуды жалғастыру үшін білім, дағдылар мен және құзіреттерді игеру мүмкіндігіне ие. Білім беру сапасын бағалаудағы басты критерий – түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіші. Осы орайда бакалавриат түлектерінің жұмысқа орналасу динамикасы жыл өткен сайын артып келе жатқанын байқаймыз. Мысалы, 2019 жылы түлектердің 72,5, 2020 жылы 80, 2021 жылы 83,2, 2022 жылы 84,8, ал өткен оқу жылында 85,3 пайызы екі қолға бір күрек тапқан. Соңғы жылдары магистратура түлектерінің де жұмысқа орналасу көрсеткіші жоғарылаған.
«Болашаққа» қарасты екі колледж бар, соның бірі – университеттің жоғары колледжі. Ашылған жылы мұнда небәрі 9 мамандық болса, уақыт талабына сәйкес гуманитарлық, педагогикалық, техникалық, қызмет көрсету салалары бойынша 34-ке (56 біліктілік) артты. Оқытушылар мыңнан астам ұл-қызды өмір сүруге икемді, қоғамға пайдалы, білімді, шығармашылыққа бейім, бәсекеге қабілетті тұлға ретінде қалыптастыруға күш салып келеді. Көпшілік арасында жұмысшы мамандықтарды дәріптеу, оларға қажетті жағдай жасау, білім беру жүйесін жаңғырту арқылы жастардың осы мамандықтарға қызығушылығын арттыру бағытындағы бастамалар «Жұмысшы мамандықтар жылында» лайықты жалғасын тауып отыр. Өскелең ұрпақты осы салаға тартуда, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша білікті кадр даярлауда колледж елеулі қызмет атқарады.
– Білім алушылар мамандығының сәйкестігіне қарай қысқартылған оқу бағдарламасы негізінде оқиды. Өндіріс орындарымен келісімге сәйкес аптасына бір күн дуальды оқытуға көңіл бөлеміз. Студенттер өндіріс орнына барып, тәжірибе жинақтайды. Мысалы, банктерде, құрылыс, құқық қорғау, мұнай-газ, электр энергетикасы мекемелерінде білімін шыңдайды. Еліміздің техникалық-кәсіптік білім беру жүйесіне дуальды оқытудың қолданысқа енгізілуі маман даярлау үшін маңызды. Болашақ мамандар студент бола жүріп жұмыс орнында сынақтан өту арқылы теорияны тәжірибемен ұштастырады. 2023-2024 оқу жылында 300-ден астам жас колледж бітірсе, соның 75 пайызы мамандығына сәйкес еңбек етіп жатыр. Ал 10 пайызы жоғары білім алу жолында, – дейді Мұратбек Ембергенов.
Президент бастамасымен 2025 жылдың «Жұмысшы мамандықтар жылы» болып жариялануы қоғамның еңбек адамына құрметін арттыруға бағытталған. Ал бұл еліміздің экономикалық дамуына жол ашады. Осы ретте «Болашақ» университетінің жоғары колледжі жұмысшы мамандықтарға жаңаша көзқарас қалыптастыруда маңызды рольге ие. Білім алуға лайықты жағдайдың жасалуы студенттердің біліктілігін арттыруға және олардың халықаралық деңгейдегі талаптарға сай білім алуына мүмкіндік береді.
Отыз жылдық тарихында білікті кадр даярлау ісіне, ғылымды дамытуға елеулі үлес қосқан университет бүгінгі күні өрісі кеңейіп, әлдеқайда беделді әрі еңселі білім ордасына айналып келеді. Алдағы белестерді бағындыруда қажырлы еңбек, үздіксіз ізденіс, қарымды қабілет іргелі ұжымның негізгі ұстанымы болып қала бермек.
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы».
Суретті түсірген Нұрболат Нұржаубай
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<