Цифрлы формат – уақыт талабы

448

0

Халықтың кітап оқу белсенділігін арттыру үшін қолайлы жағдай жасау маңызды. Сондықтан қазір кітапханалар мыңдаған кітапты цифрлы форматқа көшіруде. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасы директорының орынбасары Айгүл Жанғабылова айтты.

– Бүгінде облыс кітапханаларында цифрлық ресурстарды және электронды дерекқорларды құруға бағытталған бірнеше бағдарлама бар. Бұл сирек кітаптар қоры мен өлкетану басылымдарын цифрландыру үшін тиімді болмақ. Жалпы жыл басынан бері 609 дана кітап цифрлы форматқа көшірілген болатын. Қазіргі таңда цифрландырылған кітап саны 15499 данаға жетті. Бұдан бөлек, кітапхана келушілеріне дәстүрлі қызметпен қатар жаңартылған электронды каталогтар, виртуалды анықтама қызметі, құжаттарды электронды жеткізу, әдебиеттердің мерзімін онлайн ұзарту сынды қызметтерді көрсетуде. Сондай-ақ кітапханаларды заманауи білім беру орталықтарына айналдыру үшін 78 coworking орталығы ашылып, келушілерге ыңғайлы жағдай жасалды, – деді ол.

Оның айтуынша, халықтың кітап оқуға қызығушылығын ояту үшін биыл біршама ауқымды жұмыстар атқарылған. Нақтырақ айтсақ, облыс кітапханаларында 5 мыңнан аса мәдени іс-шара ұйымдастырылып, оған 100 мыңнан аса адам қамтылды. Бұл жұмыстар жыл көлемінде үздіксіз жүргізілетін болады.

Орайы келгенде айта кетейік, облыста 209 мемлекеттік кітапхана бар. Жыл басынан бері облыстық кітапханалар 142 мыңнан астам оқырманға қызмет көрсетіп, қажетті мәліметтермен қамтамасыз еткен. Жалпы облыста 4,5 миллионнан  астам кітап қоры бар болса, оның 2,5 миллионы – мемлекеттік тілдегі кітап. Ал 7 мыңнан астам жаңа кітап кітапханалардың қорына алынған.

Ақтілек БІТІМБАЙ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<