Дәстүрлі спартакиада

1004

0

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Рәміздерінің 30 жылдығына орай Талсуат ауылындағы мүгедектерге арналған оңалту орталығында мемлекеттік және ведомстволық мекеме қызметкерлерінің арасында дәстүрлі спартакиада ойындары өтті.

Спартакиаданы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы ұйымдастырды. Іс-шараның мақсаты – салауатты өмір салтын ұстанып, спорттық ойындарды көпшілікке насихаттау.

Аталған сайысты басқарма басшысы Ғабит Жаңабаев ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

– Спартакиада ойындары жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Аталған сайыс қызметкерлер арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру үшін өтіп жатыр. Бекітілген жоспарға сәйкес басқа іс-шаралар өтеді. Бүгінгі жарысқа қатысқан командаларға сәттілік тілеп, белсенді болуға шақырамын, – деді ол.

Спорттық сайысқа 6 команда қатысып, «100 метрге жүгіру», «Арқан тарту», «Үстел теннисі», «Волейбол», «Шахмат», «Тоғызқұмалақ» сынды спорт түрлерінен бақ сынады. Тартысты ойынға қалалық спорт бөлімінен арнайы келген мамандар қазылық етті. Қатысушы командалар белсенділік танытып, жеңімпаз атануға барын салды.

– Бүгінгі спартакиада алты кезең бойынша өтті. Орталықта мұнан да басқа спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылады. Тек қызметкерлер ғана емес, мүгедектігі бар жандар арасында да дәстүрлі түрде жарыстар өтіп жатыр. Алдағы уақытта мұнан да басқа іс-шаралар ұйымдастырылатын болады. Бүгінгі сайыстың жоғары деңгейде өтуіне атсалысып жатқан жандарға алғыс білдіремін, – деді мүгедектерге арналған оңалту орталығының директоры Манат Тілеуова.

Сайыс қорытындысы бойынша бас жүлдені мүгедектерге арналған оңалту орталығының қызметкерлері иеленді. Жүлделі 1-орынға №2 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы ие болды. 2-орынды облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, 3-орынды Қазалы ауданының командасы алды. Сондай-ақ, 5 номинация бойынша үздік ойыншылар анықталды. Барлық қатысушы командалар Алғыс хатпен марапатталып, жеңімпаздар арнайы сыйлықтарға ие болды.

Аружан Ералы,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<