Достықты дәріптеген іс-шара

448

0

Елімізде «Бірге» ақпараттық науқаны өтуде. Халықтар достығы, этнос өкілдерінің бірлігі насихатталатын іс-шарада «Біз әртүрлі болғанымызбен, Отанымыз ортақ!» идеясы  негізінде алынған.

Маңызды шараға ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі бастамасымен Конрад Аденауэр атындағы қордың Қазақстандағы өкілдігі қаржылай қолдау көрсетіп отыр. Оны «MediaNet» халықаралық журналистика орталығының сарапшылары ұйымдастыруда. Іс-шараның мақсаты – қоғамдағы этносаралық толеранттылықты арттыру және медиа кеңістіктегі азаматтардың қарым-қатынас мәдениетін жақсарту.

Ақпараттық науқанының тұсаукесері осы жылдың 6 қарашасында Астана қаласында өткізілді.  Жоба аясында еліміздің барлық өңірінде көрнекі материалдар әзірленіп, қоғамдық орындарда таратылады. Осы мақсатта плакат, бейнеролик және жарнамалық баннерлер дайындалған. Барлық материалда #Бірге хэштегі мен «Біз әртүрлі болғанымызбен, Отанымыз ортақ!» ұраны бейнеленген.

– Бұл бағытта біздің облыста ақпараттандыру жұмыстары кең көлемде жүргізілуде. Анимациялық «Дастархан», «Жастар»,  «Балалар» бейнероликтері алгоритмге сәйкес  облыстық және қалалық телеарналар арқылы көрерменге жол тартты. Енді «Ата-ана» бейнеролигі эфирден көрсетіледі. Бұл бейнеөнімдерді Арал, Қазалы, Сырдария, Шиелі, Жаңақорған аудандарында және қала орталығында орналасқан LED-экрандар арқылы тұрғындар көре алады. Сондай-ақ, ол қала орталығында және барлық аудандағы халыққа қызмет көрсету, жұмыспен қамту орталықтарында, оқу орындарында, ауылдық округтерде халық назарына ұсынылып отыр. Аталған өнімдерді тарату алдағы жылы  да жалғасын табады. Ал плакаттар қала орталығында жүретін қоғамдық көліктерге ілінді. Аталған плакаттармен тұрғындар халық көп шоғырланатын орындарда, орталық көшелерде, ақпараттық стендтер арқылы танысуына мүмкіндігі бар. Жарнама баннерлерінің эскиздері барлық қала, аудан әкімдіктеріне жолданды. Барлық аудан әкімдіктері алдағы жылы қаржы мүмкіндігіне қарай баннерді кеңінен таратады, – дейді облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Алмасбек Есмаханов.

Бұдан бөлек, қала, аудан әкімдіктерінің, қоғамдық даму бөлімдерінің «Facebook», «Instagram» әлеуметтік желілеріндегі ресми парақшаларында және белсенді пабликтерде жалпы саны 150-ге жуық бейнематериал жарияланды.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<