Дүние дүрмек

289

0

Күн толық тұтылады

ТАСС «8 сәуірде Күн тұтылуының максималды және жартылай фазасының ұзақтығы бес сағаттан асады» деп жазды.

– Дүйсенбі, 8 сәуір күні Күннің толық тұтылуы болады. Оның жалпы ұзақтығы бес сағаттан асады (Астана уақыты бойынша 20:42-ден 01:52-ге дейін). 1,029 максималды фазасы 4 минут 28 секундқа созылады, – деп хабарлады Мәскеу планетарийінің баспасөз қызметі.

Бұл құбылыс әсіресе, Мексиканың солтүстігінде байқалады. Күннің толық тұтылуы АҚШ пен Канадада, Тынық мұхиты мен Атлант мұхитындағы кейбір аралдардан да көрінеді. Жеке фазаларды Солтүстік және Оңтүстік Америка, Орталық Америка, сондай-ақ Тынық және Атлант мұхиттарынан және Батыс Еуропада тұратындар көре алады.

Мумбай – миллиардерлер астанасы

Nikkei Asia  Шанхайдағы Hurun зерттеу институтының ақпаратына сүйене отырып, Үндістанның Мумбай қаласы Азиядағы жаңа «миллиардерлердің астанасы» атанғанын хабарлады.

92 миллиардері бар Мумбай Пекинді басып озып, Азиядағы ең көп миллиардер тұратын қала атанды. Институттың есебіне сәйкес, Нью-Йоркте 119 миллиардер болса, Лондонда – 97. Мумбай 92 миллиардермен әлемде үшінші орында тұр.

Айта кетейік, Үндістанда барлығы 271 миллиардер бар. Ал Мумбай экономикасы 2023 жылы 7,5 пайызға өскен. Елдер бойынша тізімде Қытай 814 миллиардермен көш бастап тұр, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 155 адамға азайған.

Миллиардерлер саны бойынша Америка Құрама Штаттары 800 миллиардермен екінші орынға жайғасқан. Жасанды интеллект пен ақпараттық технологиялар салалары АҚШ экономикасында көшбасшыға айналды. АҚШ-тың чип өндірушісі Nvidia бас директоры Дженсен Хуанг 48 миллиард доллар байлығымен үздік 30 тізімге енді. Google, Meta және Microsoft иелерінің байлығы айтарлықтай өскен.

Көрермен санын қысқартты

Deutsche Welle агенттігі Мәскеу маңында болған лаңкестік әрекетке байланысты Франция теракт қаупінің ең жоғары деңгейін жариялағанын хабарлады. Бұл туралы X әлеуметтік желісінде елдің премьер-министрі Габриэль Атталь мәлім етті.

Оның айтуынша, Франция президенті Эммануэль Макрон Елисей сарайында елдің қорғаныс және ұлттық қауіпсіздік кеңесін жинаған. Атталь кездесуге себеп ретінде 22 наурызда Мәскеу түбіндегі Красногорск қаласындағы Crocus City Hall концерт залында болған терактіні, бірнеше қарулы адам келушілерге оқ жаудырып, кейін ғимаратты өртеп жібергенін атады.

Наурыз айының басында Politico газеті Макрон 26 шілдеде өтетін Париждегі Олимпиада ойындарының ашылу салтанатында лаңкестік әрекет болуы мүмкін деген қауіпке байланысты көрермен санын қысқартуға бұйрық бергенін жазған. Газеттің хабарлауынша, ол кезде елдің барлау қызметі 2024 жылғы Олимпиада ойындарында жасалуы мүмкін лаңкестік әрекеттер қаупін тіркемеген, бірақ алаңдаушылық білдірген.

Айта кетсек, Париждегі Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты әдеттегідей стадионның ішінде емес, ашық алаңда – Сена жағалауында өтеді.

Ақпарат көздерінен

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<