Екпе қорғанысты күшейтеді

1068

0

«Адамзат көптеген індетті бастан өткерген. Вакцина пайда болғаннан кейін ғана қауіпті дерттерге тосқауыл қойылғанын ұмытпауымыз керек. Алдағы уақытта әлемде коронавирустың жаңа штамдары шығуы мүмкін. Сарапшылар басқа да індеттер пайда болатынын айтуда. Біз оның қашан болатынын күтіп, қарап отыра алмаймыз. Осындай жағдайда өмір сүріп, әрі қарай дамуға бейімделуіміз керек. Қазір «бустерлік вакцинаны» сатып алу өте маңызды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында тіркелген вакциналарды тезірек сатып алу қажет. Сонымен бірге, бүкіл денсаулық сақтау саласын тұрақты екпе алу жүйесіне дайындаған жөн».

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында осылай деген еді.

Облыста вакциналауға айрықша көңіл бөлінуде. Ұжымдық иммунитеттің қалыптасуы, ең бастысы, адамдардың денсаулығы осыған байланысты. Бүгінгі таңда облыс бойынша бірінші компонентпен 413348 адам немесе жоспарланған контингенттің 91,4 процентіне екпе салынды. Екінші компонентті 371 871 тұрғын немесе 82,2 проценті алған.

22 қарашада елімізде халықты коронавирус инфекциясына қарсы қайта вакциналау науқаны басталғаны белгілі. Қазақстандықтар бұл процедураның адамның өзі үшін ғана емес, оның туыстары үшін де маңыздылығын түсінгендіктен, қайта вакциналауға белсенді түрде баруда.

Бүгін облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет ревакциналаудан өту үшін №3 қалалық емханаға барды. Алдымен дәрігерлер оның қан қысымын, сатурациясын өлшеп, денсаулық жағдайын сұрады. Осыдан кейін емдеу бөлмесінде «CoronaVac» вакцинасы егілді.

№3 қалалық емхананың эпидемиолог-дәрігері Гүлнұр Ілиясованың айтуынша, жыл басынан мұнда 37 049 адам, яғни 100 проценті вакцинаның бірінші компонентін алған. Олардың арасында медицина қызметкерлері, мұғалімдер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, мемлекеттік қызметкерлер, әлеуметтік қызметкерлер, студенттер, диспансерлік есепте тұрғандар бар.

– Қазіргі таңда «QazVac» және «CoronaVac» вакциналарымен ревакциналау жүргізілуде. Халық арасында COVID-19 инфекциясының алдын алу мақсатында ауқымды түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Ревакциналау – вакциналаудан алынған иммунитетті сақтауға бағытталған күшейткіш. Процедура күшейткіш инъекция деп те аталады, – дейді Г.Ілиясова.

Дәрігерлердің айтуынша, Қазақстанда ревакциналаудың тоғыспалы әдісі қолданылады. Яғни, вакцинаның үшінші дозасы ретінде вакциналау үшін тікелей қолданылған препараттан өндіру технологиясымен ерекшеленетін екпе қолданылады. Күшейткіш ретінде бастапқы қолданылған вакцинаны егуге рұқсат етілгенімен, сарапшылар тоғыспалы әдіс үлкен қорғанысты қамтамасыз етуі мүмкін деп санайды.

Осылайша, векторлық вакцинаны («Спутник V») алған адамдарға екінші дозаны алғаннан кейін тоғыз ай өткен соң үшінші доза ретінде инактивацияланған (QazVac, CoronaVac, Hayatt-Vax) немесе м-РНҚ вакцинасын (Pfizer) қолдану ұсынылды. Керісінше, инактивацияланған (QazVac, Sinopharm, CoronaVac, Hayat-Vax) вакциналармен егу курсынан өткен адамдар алты ай ішінде векторлық («Спутник V») немесе м-РНҚ вакцинасын (Pfizer) ала алады. Ал, м-РНҚ вакцинасын алған адамдар алты айдан кейін инактивацияланған немесе векторлық вакцинамен қайта вакциналануы мүмкін.

Ревакциналаудан бірінші болып тәуекел тобындағылар: дәрігерлер, полиция қызметкерлері, әскерилер, мұғалімдер, созылмалы аурулары бар адамдар өтеді. Олар «Спутник V» вакцинациясының негізгі курсынан 2021 жылдың ақпан-наурыз айларында бірінші болып өтті. Сәуір айының соңында QazVac қолданыла бастады, оны ревакциналау мерзімі қарашаның үшінші онкүндігіне сәйкес келеді.

2020 жылдан бері облыста барлығы 19395 коронавирус инфекциясын жұқтыру жағдайы тіркеліп, 18863 азамат емделіп шықты.

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<