Елена «Ескендір» поэмасын жатқа біледі

253

0

Қызылордалық студент Елена Пак қазақтың ұлы ойшылы Абай өлеңдерін жатқа біледі. Алаштың ардақты тұлғасының шығармашылығына ерекше қызығушылық танытқан жас көптеген байқауда жеңімпаздар қатарынан көрінді.

Елена 2001 жылы Шиелі ауданына қарасты Ақмая ауылында дүниеге келген. Ақмаяны көптеген ұлт өкілдерімен бірге кезінде тағдырдың жазуымен қазақ топырағына табан тіреген де этнос өкілдері мекен етеді. Солардың қатарында Пак әулеті де бар. Бұл әулет жергілікті жұртпен етене араласып, елдегі ағайынмен дос-бауырдай болып кетті. Береке мен бірлік ұя салған шуақты шаңырақтағы барлық адам қазақ тілін жетік біледі. Халқымыздың мақал-мәтелін, бейнелі сөздерін, өзге де ерекшелігін біркісідей түсінеді.

– Кезінде атам Виталий Пак ауылда күрішші болып еңбек етсе, әжем Светлана Лян есепші қызметін атқарды. Қазір екеуі де зейнеткер. Әкем Владимир мен анам Татьяна да сол құтты қоныста тұрақ тапты, бүгінде «Ақмая» шаруашылығында несібе теріп жүр. Отбасында үш баламыз. Үлкені – менмін, інім Виталий де қазақ ақын-жазушыларының шығармаларына қызығады. Ол да Абайдың біршама өлеңін жатқа біледі. Биыл елімізде кемеңгер тұлғаның 175 жылдығын кеңінен атап өту жоспарланып отыр. Біз мерейтой барысында зердемізге тағылымды ой түйеріміз сөзсіз, – деді Елена.

Елена ауылда қазақ мектебінде білім алды. Ес білгеннен қазақша сөйлеп, білім ұясында ешбір қиындық көрген жоқ.  Дос­тары секілді әрбір сабақта қабілетін көрсетіп, зердесіне тоқыған дүниелерді ұстазына емін-еркін жеткізе алатын. Әжесі Светлана немересінің қолынан жетектеп қазақ мектебіне алып барған еді. Тәуелсіз еліміздің ертеңі – қазақ тілінде екенін жете түсінген шаңырақ иелері қарияның орайлы пікіріне ешбір қарсы болған жоқ. Білімге құштар жеткіншек осылайша ұлан-ғайыр даланың тереңнен тартқан тарихына бойлап, қаншама толымды туынды, жыр маржанымен сусындап өсті. Дархан даланың данасы – Абай өлеңдеріне деген қызығушылық та сол мектеп қабырғасында жүргенде оянды.

– Тоғызыншы сыныпта оқып жүрген кезім еді. Ең алғаш Абай атамыздың өлеңдеріне деген қызығушылығымды оятқан ұстазым Бибігүл Сұлтанова «Абай оқулары» байқауы болатынын айтты. Соған қатысуға шақырды. Мен жүрексінген жоқпын. Әзірлік жасауды бастап кеттік. Бас-аяғы үш-айдың көлемінде Абайдың 80-ге тарта өлеңін жаттадым. Аудандық байқауда еңбегім жоғары бағаланды. Бірінші орын иегері атандым. Одан кейін облыстық байқауға дейін ұлы ақынның «Ескендір» поэмасын жаттап алдым. Ұстазым екеуміз ол байқаудан да абыройлы оралдық, – дейді ол.

Бүгінгі күндері Елена Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде филолог мамандығы бо­йынша екінші курста оқиды. Зерек қыз тіл білімінің қыр-сырына қаныға түсуге ынта жасап отыр. Әрбір тілді жете зерттей білсең, сол ұлттың бүкіл болмыс-бітімін зерделеуге әбден болатынын айтады. Көптеген қоғамдық шараларға белсене қатысып келеді. Оған қазақ тілін жақсы білетіндігі көп көмектеседі.

Достық пен бірлік ұлт таңдамайды. Сонау бір аласапыран жылдарда қазақ топырағына қаншама ұлт пен ұлыс қадам басты. Қадым заманнан қанымызға сіңген қалпымызды сақтап, тағдыр жазуымен біздің жерге келген талай жан кеңпейіл ниетіміздің шуағынан қуат алды. Қазіргі таңда егемен еліміздің еңсесін тіктетуге олар да бізбен бірге хал-қадірінше үлесін қосып келеді. Қазақтың тілі мен ділін бойына сіңіріп, олармен туыс-бауыр секілді етене араласып кетті. Елена – сондай шуақты шаңырақтың тәлімін көрген мерейлі жастың бірі.

Әділжан Үмбет.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<