Енді оқушылардың өз автобусы бар

533

0

Бала өмірі мен оның қауіпсіздігі әрдайым бірінші орында. Шалғай жерде тұратын оқушылардың мектепке арнайы автобустармен қатынағаны дұрыс. Былтыр Балалар жылы аясында елімізде бастауыш мектебі ғана бар ауылдардың балаларын жақын маңдағы білім беру ұйымдарына қауіпсіз тасымалдау үшін 515 жаңа автобус сатып алынатыны айтылған болатын.

Жаңа автобустардың алғашқы легі өңірге келе бастағанын естіген ата-аналар қуанып қалды. Осы ретте облыстық білім басқармасының баспасөз хатшысы Бекбол Қаратайұлынан ақжолтай жаңалық жайлы сұраған едік.

– Облыс әкімінің қолдауымен аймағымыздағы ауыл мектептерінің көліктері 30 жаңа автобуспен толығатынын жеткізгім келеді. Бұл балаларды мектепке және үйлеріне қауіпсіз тасымалдауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бүгінгі күні жаңа 30 автобустың 12-сі қалаға жеткізілді. Айдың аяғына дейін қалған 18-і әкелініп, мектептерге пайдалануға беріледі, –  деді ол.

Балаларға арналған көліктер облыстық білім басқармасы мен «Өнеркәсіпті дамыту қорының» келісім-шарты негізінде қаржылық лизинг бағдарламасы бойынша жеңілдікпен алынуда. Елімізде құрастырылған автобустар 20 және 40 орынға шақталған. Оның техникалық сипаттамалары барлық талаптарға сәйкес келеді. Қауіпсіздік белдіктері, апаттық шығу есігі, жылдамдық шектегіштер мен сәйкестендіру белгілері бар. автобуста бала қалған жағдайда белгі беретін жүйемен қамтылған.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<