Еңбекқор жандардың еңбегі еленді

393

0

Қызығы мен шыжығы қатар жүретін күнделікті күйбең тіршілікте ел мүддесі алдында адал еңбек етіп, нәпақасын айырып жүрген жандар жетерлік. Мұндай адамдар Қазалы ауданында да бар. Қыркүйек айының соңғы жексенбісі – Еңбек күні. Соған сәйкес бүгін Р.Бағланова атындағы мәдениет орталығында қажырлы еңбекті қадірлеген жандардың құрметіне арналған салтанатты шара өтті.

Мерекелік кеш еңбек адамдарына арналған арнайы қойылыммен ашылды. Мұнан соң аудан әкімі Мұхтар Оразбаев сахна төріне көтеріліп, қыстың суығы мен жаздың ыстығына қарамастан қалтқысыз қызмет етіп жүрген адамдарға ыстық ықыласын жеткізді.

– 2013 жылы қыркүйек айының соңғы жексенбісі – “Еңбек күні” мерекесі болып белгіленді. Бұл күні нағыз маңдай терімен отбасын асырап, тынымсыз еңбек етіп жүрген жандар құрметке бөленеді. Мұндай жандар бүгін біздің арамызда отыр. Сіздер қандай да болмасын мәртебеге лайықсыздар. Кейінгі ұрпақ Сіздерге қарап үлгі алады, құрмет тұтады. Сондықтан қажырлы еңбектеріңізбен абыройлы еңбек ете беріңіздер, – деді аудан басшысы.

Шарада көп жыл қорғаныс саласында қызмет еткен ауған соғысының ардагері Күмісбай Серікбайұлына “Қазалы ауданының құрметті азаматы” атағы және аудандық санитарлық эпидемиологиялық бақылау мекемесінде 37 жыл еңбек етіп, зейнет жасына жеткен Муаззам Рахметоваға “Қазалы ауданының құрмет грамотасы” табысталды. Бұдан бөлек, кеште етікші, жүк тасымалдаушы, пеш салушы, кәріз жөндеуші, дәнекерлеуші, темір жонушы, қаңылтыр бұйымдарын жасаушы, құлыптас қашаушы, тросс тоқушы, қазаншы, қасапшы, дөңгелек желімдеуші мүсін жасаушы, мотор және зергерлік бұйымдар жөндеуші шеберлер облыс әкімінің, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының “Алғыс хатымен” және аудан әкімінің арнайы “Дипломымен” марапатталып, сый-құрметке бөленді.

Еңбегі ескерусіз қалмаған қонақтар үшін мәдениет үйінің өнерпаздары ән салып, жыр арнап, ерекше көңіл-күй сыйлады.

Қазалы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<