Еңбекте еленген елдің мақтаныштары

346

0

Өңірлік коммуникациялар қызметінде Сыр өңірінің дамуына үлес қосып жүрген белгілі меценаттардың жетістіктеріне арналған брифинг өтті. Оған Қазақстанның Еңбек Ері, белгілі меценат, «Таң ЛТД» ЖШС директоры Имамзада Шағыртаев, «Абай-Дәулет» ЖШС басшысы, белгілі меценат Мұрат Сәрсенбаев, облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев қатысты.

Ұлттық мереке – Республика күні қарсаңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен жерлесіміз, белгілі меценат-кәсіпкер, «Таң ЛТД» ЖШС директоры Имамзада Шағыртаевқа өндірістік қызметтегі ерекше еңбегі үшін «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілді. Еңбек жолын өзі туған ауылы «Таңнан» бастаған ол сол елден табан аудармастан қызмет етіп келеді. Қарапайым жұмысшы, артынша мамандығына сәйкес механик, инженер-механик болып жұмыс істеді. Ал 2003 жылы «Таң ЛТД» серіктестігін құрды.

Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында ауылды дамыту мен көркейтуге айтарлықтай үлес қосып, халықтың ризашылығына бөленген азамат. Туған ауылына 1 млрд 56 млн теңге, ал көршілес Қармақшы ауданының «Ақжар» ауылына 100 млн теңге демеушілік көрсеткен.

– Бұл – жалғыз маған берілген награда емес, барлық Сыр елінің еңбекші азаматтарына берілген баға. Менің ғана емес, салада жұмыс істеп жүрген барша азаматтардың еңбегі деп білемін, – деді Имамзада Шағыртаев брифингте.

Елге болсын деген ниеттен ажырамаған кәсіпкер былтыр меценаттық қызметі үшін республикалық «Жомарт жүрек» байқауында «Туған өлке» номинациясын иеленді. Ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, іскер, халық арасында құрметке ие қарапайым азамат биыл Қызылорда облысының Құрметті азаматы атанды. Сондай-ақ «Ерен еңбегі үшін» медалі мен «Құрмет» орденінің иегері.

Жақында ғана елордада Мемлекет басшысының қатысуымен бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі «Парыз» республикалық байқауы өткен болатын. Дәстүрлі түрде өтетін байқауда «Абай-Дәулет» серіктестігінің директоры Мұрат Сәрсенбаев Президенттің қолынан бизнестің әлеуметтік жауапкершілігіне берілетін жоғары марапат – «Парыз» сыйлығының гран-приін алды.

Аймақ абыройын асқақтатқан «Абай-Дәулет» ЖШС – қарқынды дамып келе жатқан көп салалы кәсіпорын. Негізгі бағыты – күріш өсіру. Дегенмен соңғы жылдары бұл кәсіпорын құс және мал өсіру, сондай-ақ, тамақ өндірісі, құрылыс материалдарын шығарумен де айналысып келеді. Бұл кәсіпорында 200-ге жуық адам жұмыспен қамтылған. Брифингте Мұрат Сәрсенбаев биылғы жыл жетістіктеріне тоқталып, алдағы жоспарларымен бөлісті.

– Жыл басынан бері біздің кәсіпорында жасалған жұмыстар аз емес. Әртарапты мекеме болғандықтан, қазіргі уақытта кәсіпорында бірнеше ауқымды жобалар сәтті жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда біздің кәсіпорында күріш өндіруден бөлек, мал шаруашылығы мен құс шаруашылығы қолға алынған. Алдағы уақытта аймағымыздың кәсіпкерлік саласын дамытуға өз үлесімізді қосатын боламыз, – деді Мұрат Сәрсенбаев.

Айта кетейік, «Абай-Дәулет» ЖШС 2019 жылы «Қазақстанның үздік тауары», 2020 жылы «Іскер», 2021 жылы «Алтын сапа» байқауларының лауреаты атанған.

Жиында облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев салада биыл қол жеткізілген жетістіктерге тоқталды.

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<