Облыста кейінгі жылдары волонтерлердің белсенділігі артып келеді. Енді еріктілер сыбайлас жемқорлыққа қарсы жобаларға қосылып, ең бір күрмеулі мәселенің бірін шешуге ат салыспақ. Осыған орай кеше Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Студенттер сарайында азаматтық қоғам өкілдері мен белсенді жастар қатысқан «Жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасының презентациясы өткізілді.
Ең алдымен жиында сөз алған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Ернар Мақажанов бастау алған жобаның мақсаты туралы айтып, презентацияға қатысушы тұлғаларды сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шараларға волонтер ретінде атсалысуға шақырды.
– 2020 жыл еліміздің тарихында ерекше мәнге ие. Себебі ол жылды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Волонтерлер жылы» деп жариялаған болатын. Бүкіл әлемде волонтерлер көмегімен көптеген іс жүзеге асып жатыр. Дүние жүзіндегі волонтерлер саны 1 млрд шегінде. Елімізде де еріктілер өте белсенді. Сондықтан олар азаматтық қоғамда жемқорлықтың жойылуына қарсы күресе алады, – деді Ернар Әбсейітұлы.
Бұдан соң басқосуда департамент басшысының бірінші орынбасары Асылхан Ашиков жобаның мақсаты, іске асу бағыттары, мерзімі мен кадрлық қамтамасыз ету һәм басқару жөнінде баяндама оқыды. Іс-шара барысында жобаға қатысуға ниет білдірген жастардың тізімі жасақталып, алғашқы жұмыстар басталды.
Сондай-ақ жиынға «Әділдік жолы» Қызылорда облыстық филиалының басшысы Л.Бақтыбаева, «Қазақстандық үздіксіз білім беру қауымдастығы» жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар бірлестігі облыстық филиалының басшысы Н.Мишукова, «Қызылорда волонтерлері» қоғамдық қорының атқарушы директоры О.Чебакова қатысты. Одан бөлек, орталық атқарушы органдардың өңірлік департамент және әкімдікке қарасты басқарма басшылары да шарадан тыс қалған жоқ. Жемқорлыққа қарсы күрестегі тәжірибелер жөнінде айтылып, еріктілерді алдын ала әзірліктен өткізу жайы қозғалды. Осылайша тараптар басым бағыттарды айқындады.
Жиын соңында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті мен «Қызылорда волонтерлері» қоғамдық қоры жоба аясында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Мадияр Төлеу,
«Сыр бойы»





