Ержігіттің бас бәйгесі

637

0

Қазақтың қара баласы Түркияның Фенике қаласында Мұстафа Кемал Ататүріктің 100 жылдығына орай өткен халықаралық байқауда бас жүлде иеленді.

Ержігіт Сармырзаев – Қызылорда қаласы Т.Есетов атындағы №264 мектеп-лицейінің 6 сынып оқушысы. Оқуда озат, алғыр бала С.Майқанова атындағы мәдениет үйінде түрлі үйірмелерге қатысқан. Бүгінде А.Тоқмағанбетов атындағы  мәдениет үйіндегі «Көркемсөз оқу» үйірмесіне барады. Белсенді, ізденімпаз.

Өнер бәйгесіне Қазақстан, Түркия, Грузия, Болгария, Молдава, Румыния елдерінен өнерпаздар қатысып, бақ сынады. Байқау вокал, көркемсөз оқу, би, ансамбль бойынша өткізілді. Жарысқа  Қазақстаннан жиырма бес жасөспірім қатысып, солардың ішінен Ержігіт Сармырзаев топ жарып, ел мерейін үстем етті.

Оны осы дарындылар сайысына республикалық «Мен де жұлдыз боламын» байқауының бас продюсері Лариса Мақсатқызы дайындап апарған. Байқауда Түркияның атақты шайыры Неджип Фазыл Кысакюректің «Annacigim» шығармасын түрік тілінде оқып, қазылар алқасының ең жоғары бағасын алды.

Осылайша Ержігіт тек Сыр өңірі ғана емес, барша қазақ елінің намысын қорғап келді. Ол бұған дейін 3 дүркін халықаралық байқаудың жеңімпазы болған. Атап айтар болсақ, Дубай, Түркия, Грузия елдерінде өткен сайыстарда үздік атанды. Қазір «Қызылорда» телеарнасында «Айбала» балалар бағдарламасын жүргізеді.

– Республикалық «Мен де жұлдыз боламын» байқауының бас продюсері Лариса Мақсатқызының жетекшілігімен қазақстандық «Мұрагерім» фильмі Түркияда түсірілді. Ержігіт ақын  баланың  рөлін  сомдады. Кино қыркүйек айында көрерменге жол тартады. Байқауға аз уақыт қалғанда ұсыныс түсіп, уақыт тапшылығына қарамай бірлесе дайындық жұмыстарын бастадық. Апаратын шығармамызды екі күнде жаттап алды. Өнерпазына қолдау көрсеткен барша жетекшілеріне алғыс айтамын. Өнер өміршеңдігі жас дарындармен жалғасын таба бермек, – дейді анасы Динара Сармырзаева.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<