Форум қатысушыларына құттықтау хат жолдады

433

0

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Болашақ» халықаралық стипендиясының 30 жылдығына арналған салтанатты форум қатысушыларына құттықтау хатын жолдады.

«Құрметті Форумға қатысушылар! Баршаңызды «Болашақ» халықаралық стипендиясының белгіленгеніне 30 жыл толуымен құттықтаймын! Бұл – Қазақстанның әр түкпіріндегі дарынды жастарға  жол ашқан теңдессіз бағдарламаның мерейлі белесі. Осы бірегей жоба мемлекетімізде озық ойлы әрі білікті кадрлар резервін қалыптастыруға зор септігін тигізді. «Болашақ» бағдарламасының мыңдаған түлегі бүгінде түрлі саладағы оң өзгерістің жаршысы болып, еліміздің игілігі үшін табысты еңбек етіп жүр.

Қазір Қазақстанды өркендете түсу үшін тың серпіліс қажет. Біздің алдымызда ел экономикасының құрылымын қайта түзу, саяси жүйені одан әрі жаңғырту және шын мәнінде әділетті әрі инклюзивті қоғам қалыптастыру сияқты ауқымды міндеттер тұр. Осы орайда білім беру саласына инвестиция салу және азаматтардың өз әлеуетін толық пайдалануына мүмкіндік жасау өте маңызды. Мемлекет адал азаматқа тән қасиеттерді бойына сіңірген дарынды, еңбекқор, талапты жастарды әрдайым қолдайды.  

«Болашақ» бағдарламасының түлектері ғана емес, еліміздегі барлық  жас мамандар Қазақстанды жан-жақты жаңғырту жолындағы келелі іске өз үлесін қосады деп сенемін.

Баршаңызға бақ-береке, толағай табыс тілеймін!», – делінген құттықтау хатта.

Астана қаласының әкімін қабылдады

Мемлекет басшысы Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбекті қабылдады.

Президентке елорданың әлеуметтік-экономикалық және инфрақұрылымдық дамуы туралы баяндалды. Қасым-Жомарт Тоқаевқа негізгі экономикалық көрсеткіштер бойынша оң динамика бар екені жөнінде мәлімет берілді. Биылғы 10 айдың ішінде бір триллион теңгеден астам инвестиция тартылған. Жыл соңына дейін жалпы сомасы 87,7 миллиард теңге болатын 25 инвестициялық жобаны, соның ішінде өңдеу өнеркәсібі саласында 14, білім және медицинаға қатысты 7, логистика бағытында 4 жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Бұл бастамалар 1,4 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысына жылыту маусымының барысы туралы да айтылды. Атап айтқанда, биыл күзде «Оңтүстік-Шығыс» газ жылу станциясының, «Тұран» газ жылу станциясының бірінші кезеңінің және үшінші ЖЭО-ның бірінші кезеңінің құрылысы аяқталды. Елорданың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін бұл нысандардың қуаты – сағатына 1140  гигакалория. Қала ұзақ уақыттан бері алғаш рет биылғы жылыту маусымында жылу энергиясына деген сұранысты артығымен қамтамасыз ететін болды.

Келесі жылы «Тельман» газ жылу станциясының бірінші және «Тұран» газ жылу станциясының екінші кезеңі пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Бұл нысандар қаланы қосымша 850 Гкал/сағат жылумен қамтуға септігін тигізеді.

Сонымен қатар Жеңіс Қасымбек әлеуметтік нысандар  (мектеп, жеңілдікпен берілетін қолжетімді тұрғын үйлер, медициналық орталықтар) салу, құрылысы ұзаққа созылған нысандардың жұмысын аяқтау, апатты жағдайдағы ескі үйлерді сүру, тұрғын үй алаптарын дамыту және басқа да жұмыстар жөнінде баяндады. Атап айтқанда, келесі жылы елордада бес оқушылар сарайының, сондай-ақ мемлекеттік балабақшалардың  құрылысы басталады. 

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды одан әрі дамыту жөнінде бірқатар тапсырма берді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<