Ғалым ата-аналардың шебер сыныбы

688

0

12 сәуір – Қазақстанда ғылым қызметкерлерінің күні ретінде аталып өтеді. Бұл мереке 2011 жылы 22 қазанда бекітіліп, алғаш рет 2012 жылы аталып өтті. Осыған орай оқушыларға білім, тәрбие берумен қатар ғылымға бағыттау, үйрету мақсатында  Абылайхан атындағы №140 қазақ орта мектебінде облыстық білім басқармасы басшысының қатысуымен «Scince factory» ғылыми зерттеу орталығы ашылған болатын. Орталықтың тұжырымдамасы бекітіліп, жүйелі жұмыстар да жүргізіп келеді.

Бүгін аталған күнге орай ғалым ата-аналар мен арнайы қонақтардың қатысуымен «Білім.Ғылым.Ата-ана» тақырыбында ғалым ата-аналар шебер сыныбы және  конференция өтті. Жиынның ашылуында мектеп директоры Айгүл Мұсабаева конференцияның сәтті өтуіне тілек білдірді.

Алғашқы бөлімде ата-аналар мен мектеп еріктілері эко марафон өткізіп, мектеп айналасын жасыл таза аймаққа айналдыру мақсатында көшеттер отырғызды.    «Метеорология» тәжірибелік-зерттеу алаңында 10-сынып оқушысы Қадырбай Аружан  зерттеу жұмысымен, «Green study» жылыжай ғылыми-зерттеу орталығында таныстырылым көрсетті.
Іс-шараның негізгі бөлімінде ғалым ата-аналарлар мен мектеп ұмтаздары бірлескен шебер сыныптар өткізілді. Онда қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша 10-сынып оқушыларына Ш.Мұртаза «Бесеудің хаты»  тақырыбында «Болашақ» университетінің аға-оқытушысы, ф.ғ.к, «Әлімсақ» журналының редакторы Нұрлан Көбегенұлы шебер сынып көрсетті. Химия пәні бойынша 8-сынып оқушыларына «Тұздар. Тұздардың қасиеті және алынуы» тақырыбында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті, экология және химия технологиялар кафедрасының қауымдастырылған профессоры, х.ғ.к.,  Нұрлыбек Ахатаев шебер сынып жүргізді. Құқық негіздері пәні бойынша 10-сынып оқушыларына «Қылмыстық іс жүргізу құқығындағы сот талқылауының негіздері» тақырыбында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті, «Құқықтану» кафедрасының аға-оқытушысы, заң ғылымдарының магистрі Алия Мүйденова тәжірибесімен бөлісті.  

Ғалым ата-аналар мектеп оқушыларымен сабақ өткізіп  білімге, ғылымға деген қызығушылықтарын тағы бір мәрте арттырғандай болды.

Шараның екінші бөлімінде білім ордасының әжелер кеңесінің төрайымы Тамаша Әбілқасымова  бүгінгі ұрпақ тәрбиесіндегі ата-әженің алатын орны маңызды екеніне тоқталды. Баланың  ұлттық құндылықтарды бойына сіңіруде үйдегі үлкендердің берер тәлім-тәрбиесі үлкен рөл атқаратынын айтты. Мұнан соң ата-аналар комитетінің төрағасы Нұрбек Есдәулетов бала құқы жайында әңгіме өрбітіп, оларды қазіргі қоғамдағы қатігездіктен қорғау, теріс ақпараттар мен буллингтен сақтандыру керегін тілге тиек етті. Әкелер мектебінің төрағасы Талғат Меңдібай баланың зердесін ашып, танымын кеңейтуде кітап оқытудың көмегі көп екенін айтты.

Конференцияны өткізудегі мақсат – бала, ата-ана және мектеп арасындағы байланысты нығайта отырып, жан-жақты дамыған рухани дамыған тұлға қалыптастыру.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<