Ғасыр жасаған ардагер

522

0

Қызылорда облысы Қазалы ауданында тұратын қарт майдангер Қабақ Смағұл жүз жасқа толды. Осыған орай, ауданда түрлі мәдени іс-шаралар ұйымдастырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қарт майденгер Бекарыстан би ауылында тұрады. Сондықтан, мәдени шаралар ауыл орталығында өткізілді. Жергілікті жұртшылық «Ғасыр жасаған майдангер» атты жиынды тамашалады. Онда аудан әкімі Мұхтар Оразбаев көпшілікті мерекемен құттықтап, атаулы мейрам қарсаңында ғасыр жасаған Қабақ Смағұлды мерейтойымен құттықтады.

Қарт майдангерге «Қазалы ауданының құрметті азаматы» атағы табыс етіліп, қазақы дәстүрге сай иығына шапан жабылды. Одан кейін Қызылорда облысы әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың құттықтауын жеткізіп, арнайы сыйлығын тарту етті. Сондай-ақ, ҚР Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовтың және өзге де азаматтардың құттықтауын оқып берді.

Жергілікті жұртшылыққа Қабақ Смағұлдың мерейтойына арнап шығарылған «Тамыры терең бәйтерек» атты кітап тарту етілді.

Одан кейін көпшілік аудан өнерпаздардың өнерін тамашалап, ақындар айтысының куәгері болды. Мерейтой шарасы келесі кезекте аударыспаққа ұласып, ат бәйгесіне жалғасты.

Республикалық деңгейде ұйымдастырылған бәйгеге Жамбыл, Түркістан облыстары, Жаңақорған, Шиелі, Жалағаш және Арал аудандарынан 50-ден аса шабандоз келді. Ауыздықпен алысқандардың аламанына тігілген жүлденің жалпы қоры – 3 600 000 мың теңге.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<