Химиялық білім беру ғылыми-әдістемелік орталығы ашылды

893

0

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 85 жылдық мерейтойы аясында ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, профессор, педагогика ғылымдарының кандидаты Күлбарам Сәдуақасқызы атындағы химиялық білім беру ғылыми-әдістемелік орталығы ашылды.

Салтанатты шарада Басқарма Төрағасы-ректор Бейбіткүл Кәрімова ғалымның еліміздің білім мен ғылым саласына қосқан еңбегін атап, Күлбарам Сәдуақасқызының қызы Лаззат Жарқеткенованы университеттің стратегиялық дамуына қосқан үлесі үшін «Қорқыт Ата атындағы Алтын медальмен» марапаттады.

Күлбарам Сәдуақасқызы 1960 жылы Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтының Жаратылыстану факультетінде «Химия және биология» мамандығы бойынша білім алды. Алғашқы еңбек жолын 1965 жылы химия және биология пәні мұғалімі қызметінен бастады. Ғалым 1997 жылдан бастап Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің «Химияны оқыту әдістемесі», «Химия және экология», «Биология, география және химия» кафедраларында аға оқытушы, доцент, профессор қызметтерін атқарған.

– Бүгін ел болып, тарихи оқиғаның куәсі болып отырмыз. Білімнің қара шаңырағында соңғы демі қалғанша еңбек етті. Ол кісіні еске алғанда артында қалған ізін дәріптейміз. Орталықтың ашылуы – ғалымның еңбегі көрсетілген құрмет, болашақ ұрпаққа жасалынған зор еңбек», – деді ҚР Парламент мәжілісінің депутаты Ғалым Әміреев.

2006 жылы Астана қаласындағы Еуразия педагогикалық институтының диссертациялық кеңесінде «Оқыту процесінде нәтижеге бағыттап оқыту жағдайында оқушыларды өзіндік бақылауға бейімдеу» педагогика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін кандидаттық диссертациясын қорғады.

Күлбарам Сәдуақасқызына 2018 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің Құрметті профессоры атағы берілді.

Профессордың 110 мақаласы, халықаралық және республикалық конференциялардан 41 материалы мен тезисі, 2 патенті, білім алушылар мен мұғалімдерге арналған 21 оқу-әдістемелік құралы, авторлық құқық берілген 2 электрондық оқулығы және 3 монографиясы жарық көрді.

Күлбарам Сәдуақасқызы Халықаралық «Д.И.Менделеев» медалі, «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі», «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілерімен, ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет грамотасымен» марапатталды. Сонымен қатар, ғалым 2 мәрте ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атты жоо оқытушыларына тағайындалатын мемлекеттік грант иегері атанды.

Айта кетейік, тұсаукесер салтанатында лента қию рәсімі – Бейбіткүл Сәрсемханқызы мен Қазыбай Құдайбергенұлына берілді. Жиынға зиялы қауым өкілдері, ардагер ұстаздар, профессор-оқытушылар мен білім алушылар қатысты.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<