Инновациялық жобаларға грант беріледі

409

0

«Бизнес старт» кәсіпкерлік орталығы биыл республикалық бизнес инкубаторлар жүйесіне енгізілген болатын. Осы бағдарламаға сәйкес,  «QazІnnovation» АҚ еліміздегі жас кәсіпкерлердің инновациялық жобаларын қолдау мақсатында қайтарымсыз грантқа өтінім қабылдайды.

Аталған грант электронды өндіру, «жасыл» және қаржылық технологиялар, робототехника, IT салаларына бағытталған.  Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті кәсіпкерлік орталығының жетекшісі Жанарыс Түбекбаев айтып берді. 

– Бизнес идеяларды жүзеге асыруға қолдау танытып келе жатқан «QazІnnovation» АҚ бірнеше бағыт бойынша қайтарымсыз грант тағайындайды. Оның алғашқысы – технологиялық коммерцияландыру бойынша 20 млн теңгеге дейінгі қаржыландыру гранты. Басты шарт – жеке кәсіпорын жобаның мөлшеріне сай өзінің атынан 10 пайыз қаржы салуы керек. Сондай-ақ, жобаны іске асыру мерзімі – 6 ай. Екінші бағыт – жұмыс істейтін кәсіпорындардың  IT технологияларды енгізуге арналған гранттық бағдарламасы. Жобаны қаржыландыру мөлшері – 100 млн теңге. Ол 36 ай мерзімде толық іске қосылуы шарт. Келесі грант – жалпы технологиялық құрал-жабдықтарды алуға бағытталған 400 млн теңгелік бағдарлама. Мұнда жеке қаржыландыру мөлшері келісім-шарт бойынша 30, ал құрал-жабдықтарды алуға 50 пайыздан төмен болмауы қажет, – деді ол.

Айтуынша, соңғы гранттық жоба – кластерлердің технологиялық дамуына арналған 800 млн теңгелік бағдарлама. Бұл жобаға кәсіп иесі жеке қаражатынан 20 пайыз көлемінде қаржы салуы тиіс. Жалпы, инновациялық жобаларға арналған қайтарымсыз грант – жас кәсіпкерлер үшін мол мүмкіндік. Тек әр жобаны өз мерзімінде орындау керек.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<