Ізденген адамға мүмкіндіктер есігі ашылады

3146

0

Сурет: ашық дереккөз

Бүгінде шетел асып білім алам деген жандарға барлық мүмкіндік жасалған. Кейіпкеріміз Маржан Ердібек АҚШ-тың Огайо университетінде білім алуда. Шетелде білім алуды көздеп жүрген жастар нені білуі керек? АҚШ-тағы студент өмірі мен мүмкіндіктер, қандай ерекшеліктері бар? Назарларыңызға «Болашақ» бағдарламасымен магистратурада білім жетілдіріп жатқан жерлесімізбен болған сұхбатты ұсынамыз.

– Әңгімемізді АҚШ-қа қалай оқуға барғаныңыздан бастасақ. Нақты осы елді таңдауыңызға не түрткі болды? Университеттегі бағдарлама туралы айтып өтсеңіз…

– Менің мамандығым – «Ересектерге білім беру және адам ресурстарын дамыту». АҚШ – бұл салада өте дамыған мемлекет. Сол үшін  Огайо университетінде «Болашақ» бағдарламасы арқылы тәжірибе алмасып, білімімді одан әрі еселеудемін. Бір қызығы, 2020 жылдың қорытындысымен осы мамандықты оқыту бойынша бұл оқу орны АҚШ университеттері арасында І орынға ие болды. Ал  жалпы «Болашақ» бағдарламасына келсек, ерекшелігі сол, студенттің барлық шығынын мемлекет өтейді. Оған сіздің жатақханаңыз, оқу ақысы мен шәкіртақы кіреді. Қалған шығындарыңызды қажеттелігіңізге қарай өзіңіз көтересіз. Ол жақта курс өте қымбат болғандықтан, біршама шығындаласыз. Тамағы да, киімі де бізге қарағанда қымбатырақ.

– Екі елдің оқу бағдарламасын салыстырмалы түрде айтсаңыз. Сізге қайсысы, несімен ұнады?

– Маған ұнайтыны – еркіндік. Студенттердің де, оқытушылардың да киім үлгісін еркін. Бастысы, адамның өзіне жайлы. Оқу бағдарламасында нұсқауланған сабақты және мұғалімді өзіміз таңдауымызға мүмкіндік жасалған. Қазақстанда мұғалімдер көбіне студенттерді міндеттейді. Сабаққа келмей қалсақ, «жоқ» деп белгілейді, балыңды төмендетеді. Ал шетелде сізді олай ешкім қинамайды, профессорлар бұндай мәселеге басын мүлдем ауыртпайды. Ең бастысы – емтиханда барып, бүкіл тапсырманы тапсыруға міндеттісіз. Егер сабаққа бармасаңыз, оны тапсыра алмайсыз. Сондықтан әркім өзі үшін барады.

Тағы бір айырмашылығы – профессорлар мен студенттердің қарым-қатынасында. АҚШ-та студент кез келген уақытта профессорларға барып, өзін мазалап жүрген сұрақтарын қоя алады. Ол жақта WhatsApp деген түсінік жоқ, мұғалімнің поштасына жазасыз. Барлығы пошта арқылы жауап береді, яғни, мұнда электронды пошта мәдениеті қалыптасқан.

– Америкалықтардың өмірі, күнкөрісі қандай?

– Америкада бәрі тең құқылы. Мемлекет тарапынан қандай дәрежедегі отбасы болсаңыз да, тегін азық-түлік алуға болатын жерлер бар. Мен тұрып жатқан штатта адамдардың ритмі басқаша, яғни, көпшілігі жұмыс істеуге емес, қолын жайып отыруға бейім. Мұнда айлықты жұмыс істеген сағатына алады. Сондықтан олар бір жұмыспен шектеліп қалмайды. Трейдинг секілді қосымша табыс алып келетін мүмкіндіктерді пайдаланады. Бос уақыттарында еріктілікпен, қайырымдылықпен айналысады. Тағы бір ерекшелігі, мұндағылар бала-шаға, ағайын-тума үшін өмір сүрмейді. Өзі үшін өмір сүреді, жұмыс істейді, әлемді саяхаттайды деген секілді. Мұндағылар итті көп асырайды. Сондықтан біздегідей далада қаңғып жүрген ит көрмейсіз.

– Сіздің салаңыз АҚШ-та қаншалықты дамыған?

– АҚШ – заманауи ел. Мұнда дүкендер, ғимараттар, сауда үйлері, тіпті штаттың әрқайсысы бір-бірінен ерекшеленеді. Далаға шығып, серуендегеннің өзінде бойыңыз мотивацияға толады.

Мамандық пен жұмыс бойынша да жақсы дамыған, мамандар жоғары айлық алады. Менің мамандығым – жұмысқа орналасқалы жатқан кадрларды даярлау және олардың үздіксіз білім алып, жұмысты сапалы жасауын қамтамасыз ету. Бізде ол қызметті кадр бөлімі атқарады. Негізі Қазақстанда менің саламдағы мамандар тапшы.

– Жалпы, АҚШ-ты көргеннен кейінгі әсеріңіз қандай болды? Қандай жерлеріне бардыңыз, қайда саяхат жасадыңыз?

– Әлем көз тіккен озық мемлекет болғандықтан шығар, өз басым ерекше әсер алдым. Тек маған ұнамайтыны барлық жердің ас мәзірі тез даярланатын тағамдар және тәттілерден тұрады. Құнары мол табиғи азық-түлік алғыңыз келсе, соған қарай бағасы да өседі. Бір қызығы, мұнда барлық ұлттың өкілін көруге болады.

Көптеген тілдік және бизнес мектептері, колледждер мен ЖОО әлемнің түкпір-түкпірінен студенттерді тартады. Америкалық университеттер теориялық әзірлемелер мен практикалық зерттеулерде де  ең озық талаптарға сай болуға тырысады. Мұнда оқу бағдарламаларындағы ең үздік техникалық жабдықтауы жаңадан келген зерттеуші үшін үлкен мүмкіндік береді және таңдаған мамандыққа деген қызығушылықты оятады.

АҚШ-та саяхаттау қолжетімді. Мәселен, әр адамның ай сайынғы табысы саяхат жасауына жетеді. Ал мұндағы саяхат сөзсіз көзқарасты өзгертіп, жаңа энергияға толтырады. Әр штаты, әр қаласы – әртүрлі әлем. Маған әзірге әлем кереметтерінің бірі – Ниагара сарқырамасын көру бұйыртты. Ешқандай камера ол сұлулықты жеткізе алмайды. Атлант мұхитының жағалауында орналасқан Майами де маған ерекше ұнады. Мұхиттан соққан самал желі, жағажайлары адамға ерекше жылылық береді. Десек те, қымбат қалалардың бірі. Ал Мичиган көлінің жағасында орналасқан Чикаго – халықаралық қаржы, мәдениет, коммерциялық қызмет, индустрия, оқыту, технология, телекоммуникация, және транспорт орталығы. Ауа райы мұнда өте құбылмалы. Көбіне суық. Адамдарының тез өмір сүру ритмі Астананы еске салады. Жалпы, көбіне қазақтар осы қалада тұрақтауды жөн көреді. Алда басқа штаттарды аралау жоспарымда бар.

– Шетелде оқыған студенттердің көбі Қазақстанға оралмай жатады. Себебі неде деп ойлайсыз? Сіз елге қайта ораласыз ба?

– Шетелде оқыған студенттердің елімізге оралмай қалуына әртүрлі фактор әсер етеді. Оның негізгісі – шетелдік университетте алған мамандық бойынша Қазақстанда жоғары жалақы беретін жұмыс табудың қиындығы. Тіпті, кей мамандықтар бізде мүлдем жоқ. Сол себептен жақсы білім алғаннан соң әлемдік компанияларда өз жолын тауып, мансабын жақсартуға тиімді мүмкіндікті пайдаланады. Ал өзіме келсем, «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты ретінде оқуды тәмамдаған соң өз елімде жұмыс істеуім қажет. 

– Жергілікті тұрғындардың шетелдік студенттерге деген көзқарасы қандай?

– Шетелдік студенттер көп болғандықтан, мұндағы адамдар үшін қалыпты жағдай секілді. Әрдайым көмектесуге әзір, тіпті университеттегі шетелдік студенттерге арналған ұйым ел мәдениеті мен өміріне үйренісу үшін арнайы кездесу, өзге де шаралар ұйымдастырады.

– АҚШ-та студент қанша ақшамен өмір сүре алады? Онда қосымша  жұмыс істеуге мүмкіндік бар ма?

– Американың әр штатында баға да, жағдай да, табиғат та әртүрлі. Мәселен, атақты Нью-Йорк, Лос-Анджелес қалаларында өмір сүру үшін 2000$ аздық етеді. Себебі үйді жалға алу қымбатқа түседі. Пәтерді басқалармен бөлісіп тұруға тура келеді, яғни, үй бағасы орналасқан жеріне байланысты өзгеріп отырады. Сондықтан бір ғана степендиямен өмір сүру жеткіліксіз. Ал отбасымен келушілер үшін үлкен қалаларда тұру алғашқы кезде қиындық тудырады. Сонымен қатар, азық-түлік, көлік секілді шығындар бар. Менің университетімнің студенттік картасы арқылы көлікте тегін жүруге болады. Мұнда заңды түрде шетелдік студент аптасына 20 сағат университет кампусында жұмыс істеуіне рұқсат. Оқу мен жұмысты тең алып жүру студенттің өзіне байланысты.

– Айтпақшы, қазақтар мен америкалықтардың ұқсастықтары бар ма екен?

– Америкалықтар барлығын алдын ала жоспарлауды, уақытпен санасуды үйретеді, яғни, ешқандай жерге кешікпеу қажет. Кешіккен жағдайда алдын ала қайтадан жазылуға тура келеді. Біз де соны үйренуіміз қажет. Білесіз бе, мұнда тіпті, жұмыста отырған артық сағат үшін де қосымша ақысын береді, яғни, адам ақысын жемейді. Кезекте сабырмен күтіп тұратыны да таңғалдырады.

– Соңғы сауал. Шетелде оқығысы келетін студенттерге қандай кеңес бересіз?

– Шетелге оқуға бару үшін алғашқы қадамды ағылшын тілін үйренуден бастаңыз. Тіл үйренуге бірнеше ай емес, жылдар кетеді. Сол үшін арасын үзбей, тоқтаусыз тіл үйреніңіз. «Бір немесе екі айда бір деңгейді меңгере аласыз» деп жарнама жасап, адам тартатындарға сену қиын. Себебі тілдің деңгейін көтеру бөлек және оны сол деңгейде ұстап тұру бөлек. Бір деңгейді толық әрі нақты игеруге кемі жарты жыл кетеді. Өзіңізді түрлі жастар жобаларында байқап көріңіз. Гарвард секілді топ университеттер сайтынан тегін курстар үйреніп, сертификат алыңыз. Мұнда білім алғыңыз келсе, түйіндемеңізде сіздің деңгейіңізді көрсете алатындай, іліп алар дүние болуы шарт. Өйткені, шетелдік оқу орнына түсу үшін академиялық жетістіктен бөлек, қоғамға көрсеткен еріктілік қызмет жоғары бағаланады.

Екіншіден, мүмкіндіктерді іздеп әрі пайдаланып үйреніңіз. Сізге келіп ешкім шетелде оқытатын бағдарлама тауып бермейді. Өзіңіз ізденіп, қажеттіліктеріңізді қанағаттандырсаңыз, мүмкіндіктер есігі ашыла береді. Білім алуға ешқашан кеш емес. Менімен бірге зейнет жасынан асып кеткен егде жастағы кісілер оқиды. Ең бастысы, арманыңыздан бас тартпаңыз. Барлығы үздіксіз іздену, тоқтаусыз еңбекпен келеді.

– Ашық әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен

Ақтілек БІТІМБАЙ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<