Табиғатты қорғау акциясы өтеді

553

0

Облыста 1-31 желтоқсан аралығында «Киік» кең ауқымды табиғатты қорғау акциясы өтеді. Акцияның негізгі мақсаты – киіктерге рұқсатсыз броконьерлік жасауға және басқа да жануарларды заңсыз аулаудың алдын алуға бағытталады. Шара күшейтілген режимде құқық қорғау органдарының тікелей қатысуымен жүргізіледі. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Охотзоопром ӨБ» РМҚК-ның Қызылорда өңірлік филиалының басшысы Расул Маханов хабарлады.

– Өздеріңізге белгілі, киік аңы жойылып кету қауіпі төнген жануарлар қатарына кіреді. Жалпы қыс мезгілінде киіктер біздің облыс аумағында көбейеді. Сол себепті, бір ай көлемінде киіктерді және табиғатты қорғау жұмыстары күшейтілген түрде жүргізілетін болады. Аталмыш шара еліміздің 12 облысында да ұйымдастырылады. Биыл жүргізілген арнайы санақтың нәтижесінде, елімізде қоныстанған киік саны 1 млн 318 мың басқа көбейген. Ал біздің аймақтың солтүстік-шығыс беткейіндегі қарақұм деп аталатын далалық аумағына былтыр 30 мыңға жуық киік қоныстанған, – деді Расул Маханов.

Айта кетейік, «Киік» кең ауқымды акция барысында Қызылорда-Ақтөбе, Қызылорда-Жезқазған және Қызылорда-Түркістан бағытындағы жолдарға мобильдік топтар мен арнайы бекеттер жұмыс істейтін болады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<