Көшекбай атына көше берілді

548

0

Қызылорда қаласына қарасты Ж.Махамбетов ауылының әлеуметтік дамуына үлес қосқан соғыс ардагері, ауыл шаруашылығы саласының үздігі Көшекбай Сартаевқа көше аты берілді.

Ұлы Отан соғысының ардагері 1903 жылы «Қызылқұм» елді мекенінде дүниеге келген. Отбасында 5 ағайынды, Көшекбай ұлдың үлкені болды. Жастық шағы заманның ашаршылық тұсына тура келіп, туған жерінде оба ауруы тарап, ел жан сауғалаған тұста ол ата-ана, ағайын-туыс, бауырларын алып, Самарқанд қаласына бет алады. Өзі көш бастап осылайша көрші елге табан тіреп, сонда тіршілік етеді.

Кейіннен «Қызылқұм» өңіріне белгілі болыс болған А.Абылаевтан хабар жетіп, туған елге келуге жол ашылады. Осылайша Самарқандағы барша ағайынның басын қосып, елге оралған К.Сартаев егіншілікпен айналысады. «Жаңатұрмыс», «Жасқайрат» елді мекенін құруға үлкен үлесін қосады.

Шаңырақ көтеріп, әке атанған тұста сұрапыл соғыс басталып, қан майданға аттанады. Өзінен кейінгі екі інісімен бірге 1942 жылы «Атбасарда» 3 ай алғашқы әскери дайындықтан өтеді. Сталинград үшін шайқаста басы мен оң иықтан жарақат алса да аяққа қайта тұрған жауынгер ендігі Калининград шайқасында ауыр жараланады. Осы жолғы жарақаты ауыр болғандықтан елге келіп, егіншілікті кәсіп етеді.

«Ақсуат» ауылдық округі құрылған тұста К.Сартаев колхоз бақташысы болады. Ауылдың ауыл шаруашылығы саласын өркендетуге  атсалысқан. Еңбегі еленіп, «Бесжылдықтың үздігі», «Мал шаруашылығын өсіру шебері» төсбелгісімен марапатталған. Бірнеше рет мал шаруашылығы саласының үздігі, ауыспалы ту иегері атанды. Оған қоса «Жеңіске 30 жыл», «СССР Қарулы күштеріне 60 жыл» медальдарын иемденген.

Бүгінде ауыл халқы майдангер атына көше берілгеніне қуанып, ер есімі еленіп жатқанына ризашылығын білдірді.

А.ӘДІЛЖАНҰЛЫ,

Н.НҰРЖАУБАЙ (фото)

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<