Күн тәртібінде – маңызды екі мәселе

380

0

Сейсенбіде ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздің өңдеу өнеркәсібін одан әрі дамыту және  жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары қаралды.

2022 жылдың қорытындысына сәйкес сала еліміздің жалпы ішкі өнімінің 13,4%-ын құрап, сауда және тау-кен өнеркәсібінен кейінгі экономикаға қосқан үлесі бойынша үшінші көрсеткішке қол жеткізді. Өндіріс көлемі бойынша салада оң динамика байқалады. Өткен жылы өндірілген өнімнің көлемі 21,1 трлн теңгені құрап, нәтижесінде бес жыл бұрынғы көрсеткіштен 2,2 есеге артты.

Сонымен қатар өңдеу өнеркәсібінің өндіріс көлемі 8 ай ішінде 14 трлн теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,1%-ға өсті. Салалар бойынша автокөлік құралдарын, машиналар мен жабдықтарды, сондай-ақ электр жабдықтарын шығару есебінен машина жасау тұрақты өсім көрсетті.

Биыл жол-көлік оқиғаларының негізгі көрсеткіштері төмендеген. Дегенмен, Алматы қаласы, Жамбыл, Түркістан, Алматы, Жетісу облыстарында жол апаттары әлі де жиі кездеседі.

Үкімет отырысынан кейін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев арнайы мәжіліс өткізіп, өңдеу өнеркәсібі өнімінің көлемін арттыруға арналған жобаларды уақытылы іске қосудың маңыздылығын атап өтті.

– Биылғы 8 айда Қызылорда облысы бойынша өңдеу өнеркәсібі саласында 192,5 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3,6%-ға артты. Тек Қызылорда қаласында 99,1%-ға орындалды. Осы ретте 9 ай қорытындысымен қала және аудан әкімдеріне, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасына облыстық статистика департаментімен бірлесіп, аймақтағы өңдеу өнеркәсібі өнімінің көлемін арттыру бойынша тиісті жұмыстарды күшейтуді тапсырамын, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Айта кетейік, өңдеу өнеркәсібі пулы аясында аймақта 715 млрд теңгенің 46 жобасы жүзеге асырылуда. Оның ішінде жыл соңына дейін құны 7,2 млрд теңгеге жуық 7 жоба іске қосылуы жоспарланған. Қазір 2 жоба бойынша өнім шығарыла бастады. Аймақ басшысы осы орайда облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасына Қызылорда қаласы және аудан әкімдерімен бірлесіп, жыл аяғына дейін қалған жобалардың іске қосылуын қамтамасыз етуді міндеттеді.

Аймақта жол-көлік оқиғаларының салдарынан соңғы бес жылда және биылғы 8 айды қоса есептегенде 668 адам қаза болып, 3 323 адам жарақат алған. Маусым айында облыс әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында осы мәселе арнайы қаралып, құзырлы мемлекеттік органдарға тиісті тапсырмалар берілді. Дегенмен, 8 айдың қорытындысымен облыс көлемінде 306 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, көрсеткіш 24 пайызға өскен.

– Автокөліктердің қараусыз жүрген үй жануарларымен соқтығысу оқиғаларының алдын алу үшін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізінің Қызылорда қаласынан Түркістан облысына дейінгі аралықта қоршау орнату жұмыстары қолға алынды. Күре жолдың Ақтөбе облысы бағытындағы ұзындығы 566 шақырымын 4 жолақты санатқа ауыстыру бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. 2024 жылы жоба-сметалық құжаттамалары әзірленіп, құрылыс жұмыстары 2025 жылы басталады. Дегенмен, жол-көлік оқиғаларының алдын алуда атқарылған шаралар әзір көңіл көншітпейді. Бұл ретте полиция департаменті жергілікті әкімдіктермен бірлесіп жүйелі әрі нақты жұмыс жасауы қажет,– деді облыс әкімі.

Сондай-ақ, жол қауіпсіздігін сақтауда жүйелі шаралар қабылдау керек екенін айтты. Қазіргі таңда электрсамокаттарын және басқа да жеке көлік құралдарын пайдалану тәртібін реттейтін заң қабылданды. Осыған орай аймақ басшысы облыстық полиция департаментіне көліктің жаңа түрлерін қауіпсіз пайдалануды, автомобиль жолдарындағы авариялық қауіпті учаскелерді анықтау қажеттігін ескертті. Аталған кемшіліктерді жою және сол аумақтарды жетілдіру бойынша тиімді ұсыныстар енгізілуі тиіс. Сондай-ақ, мүдделі органдармен бірлесіп, қалаішілік және облысаралық бағытта заңсыз жолаушылар тасымалдаумен айналысатын азаматтарға қатысты тиісті шаралар қабылдау міндеттелді.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<