Мәзірді қазақшалауда мән бар

317

0

Сәрсенбі күні облыстық жастар ресурстық орталығында мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, ісқағаздар мен көрнекі ақпараттарды мемлекеттік тілде қолдану қағидаттарын сақтауға бағытталған «Мемлекеттік тіл және аударма мәселелері» атты семинар өтті.

Жиынға облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Артур Қамбаров, облыстық басқармалар мен аумақтық департаменттердің жауапты мамандары, «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының өкілдері, жарнама агенттіктері мен тіл жанашырлары қатысты.

Семинарда облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Артур Қамбаров қазақ тілі ұлттық сана қалыптастыруда басты құрал екенін айтып, мемлекеттік тілдің қолданысына барша азаматтардың жауапты екенін тілге тиек етті. Сонымен қатар, осы басқарманың тілдерді дамыту және ономастика бөлімінің басшысы Ләззат Есімова «Мемлекеттік тілдің қолданылуы» тақырыбында, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің оқытушы-ғалымдары Аман Абасилов «Тағам атауларының мемлекеттік тілдегі базасын қалыптастыру» мәселелері, Алдажар Әбілов «Аударма және балама мәселелері» тақырыбында баяндама жасады.

– Ас мәзірлерін мемлекеттік тілде ұсыну – жер иесі, ел иесінің құзырындағы жауапты іс. Өйткені кез келген шетелдік қазақ топырағына табаны тиісімен көрнекі ақпараттарға, жарнамаларға, ас мәзіріне назар салады. Осыдан келіп ел туралы пікір қалыптаса бастайды. Сондықтан мұны қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық жағдайға әсер ететін аса маңызды фактор ретінде қарауымыз керек. Қазақ тілінде сөз жасау, термин жасаудың осы айтылған тәсілдері мен оң бағыттағы қағидаттарын негізге ала отырып, тамақ атауларының мемлекеттік тілдегі базасын қалыптастыруға болады. Ол үшін арнайы ғылыми жоба жұмысы аясында зерттеулер жүргізуіміз қажет. Қазір жаңа жоба ұсынып отырмыз. Жобаның мақсаты – қоғамдық тамақтандыру орындарындағы ас мәзірлерінің мемлекеттік тілдегі  лингвистикалық базасын  қалыптастыру, – деді  профессор Аман Мәделханұлы.

Иә, мұндай база жасау – еліміздегі тіл саясатын жүзеге асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаның бір бағыты. Айта кетерлігі, бұл бағытта бұрын-соңды мұндай зерттеулер қолға алынбаған.

Профессордың айтуынша, жоба аясында елімізде барлық қоғамдық тамақтану орындарында ас мәзірін мемлекеттік тілде ұсынуды қалыптастыруға жол ашылып, мекеме иелері ас мәзірін мемлекеттік тілде ұсынуға дағдыланады. Ал келушілер үшін ас атаулары мен әр ұлт ас мәзірлерінің ерекшеліктері жайлы мемлекеттік тілде ақпарат алуға мүмкіндік туады. Сондай-ақ, ас атауларын  қазақ тілінде ұсыну арқылы ел мәртебесін биіктетуге, ұлттық  салт-дәстүрді дамытуға қол жеткізуге болады.

– Мемлекеттік тіл мәртебесін алған қазақ тілі бүгінде ұлттық руханиятымыздың өзегіне айналды. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде қызмет етуінің алғышарттарының бірі – оның қоғамдық өмірдің әр саласында қызмет етуі және соған орай ісқағаздарының қазақша  жүргізілуі. Биыл  тоғыз  айдың  қорытындысымен шығыс құжат айналамындағы мемлекеттік тілдің үлесі жергілікті атқарушы органдар бойынша 99,8 пайызды құрады. Өздеріңізге белгілі, 2001 жылы республикада облысымыз алғашқы болып іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізуге көшкен. Алайда 97 пайызын қазақ ұлты құрайтын Сыр өңірінде құжат айналымындағы мемлекеттік тілдің үлесін әлі күнге 100 пайызға жеткізе алмай отырмыз. Бұл облыстың рейтингіне де нұқсан келтіретіні сөзсіз. Аталған көрсеткішті діттеген межеге жеткізу біздің ортақ мақсатымызға айналуы тиіс. Жалпы, іс қағаздарын қазақша жүргізу – мемлекеттік тілдің жүзеге асуының нақты көрсеткіші, – деді Л.Есімова.

Семинарда баяндамашылар мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту туралы өзге де ойларын ортаға салып, қазіргі мәтіндердегі аударма мәселелерін кеңінен талқылады. Күн тәртібіндегі мәселелер толық қамтылғаннан кейін жиынға қатысушылар өздерінің ұсыныс-пікірлерін жеткізді.

Ақтілек БІТІМБАЙ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<