Майдан Мәселеева – 70 жаста

721

0

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова еңбек ардагері Майдан Мәселееваны 70 жасқа толған мерейтойымен құттықтады.

– Егемендігіміздің бастауында тұрған Тұңғыш Президентпен бірге бүгінгі ел ағалары, ардагерлеріміз мемлекеттің, Сыр өңірінің аяғынан тұрып, нығаюына зор үлес қосты.

Тарихы терең, топырағы кенен біздің Сыр елі – ұлттың бағына туған талай қайраткер тұлғаларды тербеткен өңір. Сондай азаматтарға лайықты құрмет көрсетіп, ғибратты ғұмырын жастарға үлгі етуді дәстүрге айналдырып келеміз.

Бүгін, міне, осындай қайраткер тұлғамыз, еңбек ардагері Майдан Аяшқызы Мәселеева апамыздың 70 жасқа толған мерейлі күніне орай жиналып отырмыз.

Майдан апамыз дүниежүзін жайлаған экономикалық дағдарыс кезінде жұмыссыздық деңгейінің өсуі, жалақы мен зейнетақы, балалар жәрдемақысының бірнеше айлап берілмеуі салдарынан халықтың тұрмыс-тіршілігі төмендеп, күрделі жағдай орын алған кезеңде облыс тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға еселі еңбек етті.

Облыстың тәуелсіздік жылдарында әлеуметтік-экономикалық даму тарихында Майдан Аяшқызының да өз қолтаңбасы бар. Сізді Сыр жұртшылығы атынан 70 жасқа толған мерейтойыңызбен тағы да құттықтаймын! Ұзақ ғұмыр, мықты денсаулық, отбасыңызға бақ-береке, амандық тілейміз, – деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Кездесуде облыс әкімі еңбек ардагеріне Президент Жарлығымен бекітілген ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекелік медалін және облыстың ең жоғары наградасы – Қызылорда облысының Құрмет грамотасын табыстап, қазақ дәстүріне сай құрмет көрсетті.

Майдан Мәселееваның замандас әріптестері, еңбек ардагерлері Нажмадин Мұсабаев, Камал Шөкеновтың жұбайы Длара Раимбердиева және Раиса Көзденова құттықтап, мерейтой иесінің өмір және еңбек жолы жайлы айтты.

Майдан Мәселеева 1951 жылы 13 желтоқсанда Өзбекстан Республикасында дүниеге келген. Семей қаржы-экономикалық колледжін, Қазақ мемлекеттік басқару академиясын бітірген.

Еңбек жолын 1971 жылы Қармақшы аудандық қаржы бөлімінде аға экономистен бастап, мемлекеттік кірістер инспекциясының бастығы, меңгерушінің орынбасары, салық инспекциясының бастығы, салық инспекциясы бастығының бірінші орынбасары, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы, облыс әкімінің кеңесшісі, облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары қызметтерін абыройлы атқарды.

«Құрмет» орденінің иегері.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<