Мен өмірді жырлау үшін келгенмін…

1612

0

Осындай атаумен И.Панфилов атындағы №5 мектеп-лицейде ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығына арналған әдеби кеш өтті. Салтанатты іс-шараға «Өрлеу» біліктілікті арттыру орталығының директоры Бауыржан Елеусінов, қалалық білім бөлімінің әдіскері Нұржан Қуанышбай және ұстаздар мен оқушылар қатысты. 

– Мұқағалиын ел-жұрты шын құрметтейді, шын қадірлейді. Ақын мұрасы, маржан поэзиясы – мәңгілік. Ол – болашақ ұрпақтың еншісі. Мақатаевтың көкірегінен буырқана ағылған жыр жанартаулары өлеңқұмар халыққа таусылмайтын сый, мол қазына болып қала бермек. Ақынның сөзі өлмесе, өзі де өлмегені, – деді орталық директоры.

Мұзбалақ ақын шығармашылығына арналған әдеби кештің шымылдығы «Аққулар ұйықтағанда» қойылымымен түрілді. Одан соң оқушылар жадымызда жаңғырған жыр жолдарын кезектесе оқып, әндерін шырқады. Ал қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Ақерке Балманова Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығы мен өмір жолын сабақтай отырып, ақынға арнаған арнауын оқып берді.

Кеш соңында Нұржан Қуанышбай балаларға, мектеп ұжымына алғысын айтып, қазақ руханиятына үлес қосатын жастарды тәрбиелеудің маңызды екенін тілге тиек етті. Сонымен қатар, «ХХ ғасырдағы әлемдік геосаясат: оған қандай тұлғалар ықпал жасады?», «Үлкен саясат: тұлғалар мен тағдырлар» атты кітапты мектеп кітапханасына сыйға тартты.

Ақтілек БІТІМБАЙ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<