Мерейтой иелерін құттықтады

700

0

Сырда туып, Сырда өскен әрі туған елден табан аудармастан еңбек еткен ардагер ағалар қандай құрметке де лайық. Олардың жүріп өткен жолы, қалтқысыз қызметі кейінгіге үлгі. Сондай азаматтардың арқасында ел ынтымағы артып, бірлігі бекемделіп, тірлігі түзелді. Алдыңғы буынды құрметтеу – кейінгілердің парызы. «Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» дейтін аталы сөзден ауытқымаған халықтың ұтары да көп. Қуанарлығы, бүгінде облыс төңірегінде қызмет атқарып, саналы ғұмырын аймақтың әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани дамуына арнаған, халық қошеметіне бөленген жандарды ардақтап, лайықты құрмет көрсету дәстүрге айналып отыр.

Мерейтой иелерін құттықтады

Осындай игі шараның бірі облыс әкімдігінде өтті. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ел ағалары Шахизат Төребаев пен Қожахмет Баймахановты мерейтойымен құттықтады.

– Бүгін біз қос мерейтой иесінің қуанышына орай жиналдық. Қоғам қайраткері, Қармақшы, Жалағаш аудандары және Қызылорда қаласының құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Төребаев Шахизат Хамитұлы мерейлі 75 жасқа, мемлекет және қоғам қайраткері, Қызылорда облысының құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Баймаханов Қожахмет Мәдібайұлы 70 жасқа толды. Екі ағамыз да киелі Сыр бойындағы шежіре тұнған, жан сарайы жырға толы асылдар туған Жалағаш ауданында дүниеге келіп, туған жерінің құрметіне бөленіп келеді. Біз де елдік мүддені жоғары қоятын, парасаты биік, адами болмысы асқақ, абыройлы ағаларымызға қарап бой түзейміз, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Шахизат Төребаев облыста жауапты қызметтер атқарған. Ол Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына, соның ішінде аймақтағы қоршаған ортаны қорғау саласына, экологияны жақсартуға зор үлес қосты. Нарыққа өту кезеңiнде шағын кәсiпкерлiктiң дамуына, кооперативтердiң құрылуына, яғни ел экономикасының жаңа жүйеге бетбұрыс жасау уақытындағы бастамаларға атсалысты. Облыс орталығын абаттандыруға, сәулеттi ғимараттардың бой түзеуiне еңбек сіңірді. Парламент Мәжілісінің депутаты кезiнде «Қоршаған ортаны қорғау туралы» заңның шығуына белсене қатысты. Ғылыми iзденiстерінің көкжиегін кеңейтіп, 1997 жылы «Арал өңiрiнiң экологиялық проблемалары» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғап, 8 ғылыми мақаланың авторы атанды.

Құрылыс саласында өзіндік қолтаңбасы бар мемлекет және қоғам қайраткері Қожахмет Баймаханов егемендіктің алғашқы жылдарындағы қиын-қыстау кезеңде ел тізгінін қолға алып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жолында аянбай еңбек етті. Жалағаш ауданы және облыстың бас шаһары – Қызылорда қаласының әкімі, ҚР Парламенті Сенатының депутаты болды. Қожахмет Мәдібайұлы қаланы басқарған жылдары облыс орталығында «Тағзым алаңы», «Қорқыт ата» кітабының 1300 жылдығына арналған мемориал, «Қорқыт ата» әуежайы, «Еуразия» мәдени-спорт кешені, аквапарк секілді жаңа нысандар бой көтеріп, «Сарқырама» каналы қайта қалпына келтірілді. Қазір ол басқаратын «Асар Холдинг ЛТД» компаниясы тұрғын үй кешендері мен халыққа қызмет көрсету орталықтарын салып, аймақ экономикасына үлес қосуда.

Жиында аймақ басшысы мерейтой иелеріне «Құрмет» грамотасын табыстады.

Сонымен бірге Жалағаш аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Әлиев, мемлекет және қоғам қайраткерлері Бақберген Досманбетов, Бақыт Нұртазаев, Батырбек Маншарипов мерейтой иелерін құттықтады.

– Барша Жалағаш жұртының атынан қос азаматты шын жүректен құттықтаймын. Ал бүгінгі кездесу кейінгі буынға үлгі боларлықтай маңызы мол шара деп есептеймін. Кеңестік дәуірде де, егемендік алғаннан кейін де, жалпы екі кезеңде азаматтарымыз абыройсыз болған жоқ. Өңірдің дамуы мен гүлденуіне үлес қосып, нарық заманында жоқтан бар құрастырғанын да білеміз. Мерейтой құтты болсын! – деді Садық Әлиев.

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<