Мүліктік емес сипаттағы атқарушылық ұжаттарды орындау тәртібі

814

0

Фото: ашық дереккөз

Қазақстан Республикасының «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Заңының 138-бабына сәйкес  мемлекеттік сот орындаушы орындауды жүзеге асыратын атқарушылық санаттары белгіленген.

Олар – мемлекеттен өндіріп алу; дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан көп пайызы мемлекетке және олармен үлестес заңды тұлғаларға тиесілі заңды тұлғадан өндіріп алу; табиғи монополиялар субъектілерінен өндіріп алу; өндіріп алу мөлшері бір мың айлық есептік көрсеткіштен асатын соманы мемлекет пайдасына өндіріп алу; мүлікті тәркілеу не мүлікті мемлекетке беру туралы және мемлекет мүддесіне жүргізілетін үйден шығару, үйге қоныстандыру, үйлерді бұзу, жер учаскелерін алып қою және басқа да істердің санаттары туралы атқарушылық құжаттар.

Оның ішінде мемлекет мүддесіне жүргізілетін үйден шығару, үйге қоныстандыру, үйлерді бұзу, жер учаскелерін алып қою және басқа да істердің санаттары туралы атқарушылық құжаттар мүліктік емес сипаттағы атқарушылық болып табылады.

Осы Заңның 105 және 107-баптарында жұмысқа қайта қабылдау, борышкерді үйден шығару және өндіріп алушыны қоныстандыру туралы атқарушылық құжатты орындау тәртібі мен орындамаудың салдары көрсетілген. Сондай-ақ, заңның 34-бабының негізінде мүліктік емес сипаттағы атқарушылық құжатты дәлелсіз себептермен орындамаған жағдайда сот орындаушысы орындау мерзімі өткеннен кейін, ал алименттер өндіріп алу туралы атқарушылық құжаттар бойынша берешек жиналып қалған жағдайда борышкерге лицензиялар, рұқсаттар және арнайы құқықтар беруге уақытша тыйым салу туралы, сондай-ақ борышкерге бұрын берілген лицензиялардың, рұқсаттар мен арнайы құқықтардың қолданылуын тоқтата тұру туралы сотқа ұсыныс жібереді.

Сонымен қатар, осы заңның 104-бабына сай, борышкердi тек өзi ғана жасай алатын әрекеттi жасауға немесе оларды жасаудан тартынуға мiндеттейтiн атқарушылық құжатты орындау кезiнде сот орындаушысы борышкерге мерзiм белгiлей отырып, осындай әрекет жасау туралы хабарлама немесе оларды жасаудан тартыну қажеттiгi туралы хабарлама жiбередi.

Борышкер сот орындаушысының талаптарын белгiленген мерзiмде орындамаған жағдайда сот орындаушысы борышкерден мемлекет кірісіне мерзімі өткен әрбір күн үшін жеке адамдардан екі айлық есептік көрсеткіш және заңды тұлғалардан он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде өсімпұл өндіріп алу туралы ұсыныспен сотқа жүгінеді.

Атқарушылық іс жүргізу барысында қабылданған мәжбүрлеп орындату шаралары нәтиже бермеген жағдайда ҚР ӘҚБтК-нің 669, 670-баптары негізінде әкімшілік жауаптылыққа тарту туралы сотқа ұсыныс, ал ҚК-нің 430-бабымен қылмыстық жауапкершілігін қарау жөнінде полиция органына ұсыныс жолданады.

Мейрамбек ЕРМЕКБАЕВ,

Облыстық әділет

департаментінің сот орындаушысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<