Облыс әкімі Ораза айт мерекесімен құттықтады

313

0

Фото: Облыс әкімдігі

Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев өңір тұрғындарын Ораза айт мерекесімен құттықтады.

Құрметті жерлестер!

Сіздерді асыл дініміз бен салт-дәстүріміздің байланысын бекемдеп, рухани құндылығымыздың ажырамас бөлігіне айналған қасиетті Ораза айт мерекесімен құттықтаймын. Отыз күн ораза тұтып, сабырын шыңдаған мұсылман жұрты үшін бүгінгі мейрамның орны ерекше.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы халқымыздың салт-дәстүрі Ислам дінінің, Рамазан айының және Айт мейрамының ұлағатымен ұштасқанын атап өтіп, бұл сабақтастық берекелі бірлігімізді нығайтып, әділетті қоғам құру жолында маңызды рөл атқаратынына тоқталды.

Айт мерекесі бастауын тереңнен алады, ғасырлар қойнауынан сыр шертеді. Халқымызды бейбітшілік пен татулыққа, өзара сыйластыққа үндейді. Имандылық пен парасаттылықты, жасампаздық пен мейірімді дәріптеп, жақсылыққа жол ашады. Осы күндері қайырымдылық молынан жасалады, адамдардың бір-біріне деген құрметі артады.

Бүгінгі мереке күні әр шаңыраққа құт-береке тілеймін! Ниеттеріңіз қабыл болғай! Ораза айт баршамызға жақсылық әкелсін!

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<