«Қайраттың» қорғанысындағы қызылордалық

840

0

Футбол – әлемдегі нөмірі бірінші ойын. Дүние жүзінде аталған спорт түріне қызықпайтын жан кемде-кем шығар. Ең көп жанкүйер қатары да аяқдоп өнерінің еншісінде. Қазір әлемде осы спорт түріне жақсы көңіл бөлініп,  оны дамыту жолдары жүзеге асырылып жатыр. Қазақ футболы да жыл санап дамып келеді. Жас футболшылар қатарға қосылып, сенім артуға болатынын дәлелдеуде. Соның дәлелі ретінде облыстан шығып, жаңа белестерді бағындырып жүрген жастарды айтуға болады. Соның бірі – Әділет Садыбеков.

Әділет – қазір алматылық «Қайрат» футбол командасының қорғаушысы. Ол 2002 жылы 26 мамырда Қазалыда дүниеге келді. Мектепке барғанша туған топырақта ата-әжесінің тәрбиесінде болды. Қазір Алматы қаласында тұрады. Ата-анасы осыдан біраз жыл бұрын қоныс аударған. Әкесі Нұркен Өтегенов Алматы қаласындағы «Метропроект» мекемесінің бас инженері болып қызмет етеді. Ал анасы Роза Құралбаева Қазақ ұлттық аграрлық университетінің аға оқытушысы.

Әңгіме ауанын  Әділетке бұрайық. Атасының айтуынша, бала Әділет кішкентайынан допқа құмар болып өскен. Ала жаздай үй көрмей, ауыл көшесінде қатар өскен балалармен көкала шаң қылып доп қуып жүргені сол. Сондағы есіл-дерті топырақтың үстінде доп артынан қуалап жүріп,  оны өз ырқына бағындыру. Немересінің сол еңбегі еш кетпей, қақпа маңындағы қарбалас сәттерде жиі көзге түседі екен.

Иә, көшеден басталған осынау қызығушылық кейін мектеп қабырғасында да жалғасты. Алматы қаласына көшіп барған соң, 8 жасынан бастап «Құлагер» шағын ауданында орналасқан «ФШМ» командасына футбол секциясына алынды. Бірінші бапкері Ағаділдә Хасенов ынта-жігері байқалып тұрған баланы қыран құстай баптап, топқа салады. Тәуір ойынымен көзге түскен кейіпкеріміз бірнеше жыл бойы қала біріншілігінде команда капитаны болып, «Қайрат» командасы селекционерлерінің көзіне түседі. Сөйтіп, 13 жасында «Қайрат» командасының шақыртуымен Тимур Сегізбаев атындағы футбол академиясына («Қайрат» футбол клубы) қабылданады.

Академия жас өреннің тынысын ашқандай еді. Өйткені мұнда жүріп, Еуропаның  біраз қалаларында доп тепті, халықаралық турнирлерге барды. Ала допты ұршықша иіріп, дарынымен көзге түскен ол біраз жетістіктерге қол жеткізді. Санамалап айтсақ, Е.Пехлеваниди атындағы Халықаралық турнирінде
І орын, «ValenciaCup» халықаралық турнирінде ІІ орын, «Еуразия кубогі» бірінші клубтық турнирінде ІІ орын,  «KhimkiCup» халықаралық турнирінде ІІІ орын, әр жылдары жастар арасындағы Қазақстан біріншілігінде І-ІІ орын, Виктор Катков атындағы республикалық турнирінде І орын иеленді. Мұның өзі – жиырмаға толмаған футболшы үшін ауыз толтырып айтарлық жетістік.

Айтпақшы, Әділет осы аралықта экономикалық институтқа оқуға түсті. Бірақ футболдан қол үзген жоқ. Керісінше, шеберлігін шыңдай түсті. Сөйтіп, 2020 жылы 1 лигада «Қайрат-Жастар» командасының футболшысы ретінде доп тепті. Сол жылы жастар арасындағы Чемпиондар лигасына қатысты. Ал былтыр «Қайрат-Мәскеу» командасының футболшысы ретінде Ресейдің 2 лигасында өнер көрсетті. Ала допты жусатып өргізер шын шеберге айнала бастаған сәті бұл. Қақпа алдындағы допқа талас кезінде талай мәрте мерейі үстем болып, жасыл алаңда жасындай жарқылдаған шағы. Мұнда ол 11 кездесуге қатысты. Алайда көрші елдегі мансап ұзаққа созылмады. Себебі, Ресейдің сыртқы шиеленісі мен команданың қаржылық дағдарысы ұжымның тарауына алып келді. Осы тұста команданың бас бапкері Кирилл Кекер Қазақстанға келіп, «Қайрат» командасының тізгінін қолына алды. Бас бапкер мәскеулік командадан жай келмей, әдемі ойын өрнегін көрсеткен бірнеше шәкіртін бірге ерте келді. Соның бірі – Әділет.

Жас таланттың еңбекқорлығы, алаңды көре алуы, қорғаныстағы қабілеті команда басшыларын тәнті етсе керек,  «Қайрат» Әділетпен бірден  екіжылдық келісім-шартқа отырды. Елге оралған кейіпкеріміз команданың қосалықы құрамына емес,  негізгі құрамына ілікті. Бүгінде ел чемпионаты мен Еуропа лигасында ойынға негізгі құрамда шығып жүр.

– Менің Әділетті танығаныма біраз болды. Ол сабырлы, тұйық, бірақ спортқа бейім жігіт. Сенім білдіріп, негізгі құрамға алуыма оның ойындағы шеберлігі мен мінезі әсер етті. Бойы да ұзын. Қорғаныста тіптен керемет ойнайды. Ол «Қайраттың» негізгі құрамына ауыспай тұрып, қорғаушы болып келді. Оның ойын мәнерін жақсы білемін. Қазір оны жартылай қорғаушы ретінде де ойынға қосып жүрмін. Аяқалысы жаман емес. Биылғы маусымда баспен 2 гол соқты, – деді «Қайрат» футбол клубының жаттықтырушысы К.Кекер.

Жанкүйерлер жүрегінен орын алған жас ойыншыны бүгінде футболсүйер қауым жақсы біледі. Әкесі Нұркен Өтегенов осы күнді көп күткен.

– Арманым футболшы болу еді. Алайда, тағдыр мені басқа арнаға бұрды. Бірақ балам мен жетпегенге жетсе деп армандайтынмын. 2000 жылдары Ақтөбеде жұмыс істедім. Келіншегімнің жүкті кезі. Екеуміз  «Ақтөбе» стадионына келіп, ойын көреміз. Сонда стадионда отырып, балам футболшы болады дейтінмін. Кейін келіншегім босанды. Әділет ес білгеннен  бастап футболмен айналысуына жағдай жасадым. Содан өмірі осы саламен байланысып кетті ғой.  Қазір жетістіктеріне қарап марқайып отырамын, – дейді әкесі.

Әкенің тілегі, баланың жан қалауы алдамаса керек, Әділеттің бүгінгі бағындырған белесі көңіл қуантарлықтай. Айтпақшы, кейіпкеріміз үш ағайынды. Інілері Рахат пен Даниял – БИЛ оқушысы. Екеуі де үлкен тенниспен айналысады.

Қош. Танымал ойыншылардың көпшілігі қарапайым ғана ауылдан шыққаны баршаға мәлім. Ала допты ұршықша иірген қорғаушы Әділеттің де болашақ футбол жұлдызы болатынына сенім мол. Қазақ футболының өркендеп дамуы осындай жас таланттар мен келешектің еншісінде екенін айтқымыз келеді.

Ақтілек БІТІМБАЙ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<