Қарың талмасын, Қамшыбек!

1059

1

Токио Олимпиадасы бел ортасынан ауды. Әзірге Қазақстан қоржынында – үш қола медаль. Әлі де үміт артқан отандастырымыз жарыс жолына шығады. Бокстан ел құрамасының капитаны, қызылордалық Қамшыбек Қоңқабаев та жеңіс тұғырынан көрінуге жақындай түсті. Талай тайталаста тұғырдан таймаған гүрзі жұдырықты оғлан, тұтас елдің сенімін ақтайды деп білеміз.

Қай жекпе-жек те оңайға түсіп жатқан жоқ. Іріктеу кезеңінде египеттік боксшы Юсри Резк Мұстафа Хафезді тізе бүктірген Қамшыбек ширек финалда ресейлік Иван Верясовпен қолғап түйістірді. Биыл 28 жасқа келген ресейлік әзірге әлемдік және құрлықтық чемпионаттарда үздіктер қатарында болған емес. Алайда, бұл – Олимпиада. Осалдар ойнақ салатын орын емес. Қазірге дейін әуесқой бокста 281 жекпе-жек өткізген ол 255 мәрте жеңіске жеткен екен. Ол Олимпиаданың 1/8 финалында камерундық Максим Йеньонг Ньиейодан 5:0 есебімен басым түсіп, шаршы алаңда шеберлігін көрсеткенін естен шығармаған жөн.

Қамшыбектің жекпе-жек барысында мнйлінше аз күш жұмсап, жоғары нәтижеге қол жеткізуді қалағаны байқалды. Дегенмен, бірінші раундта қазақстандық боксшының басымдығы көзге көрініп тұрды. Оны төрешілер де оң бағалап, барлығы Қамшыбектің жеңгенін мақұлдады.

Екінші раундта ресейлік боксшы да намысқа тырысты. Жеңісті қолдан бергісі жоқ. Қарсыласына біршама соққыны дәл тигізді. Оған Қамшыбек лайықты деңгейде төтеп берді. Қарсы шабуыл ұйымдастырып, соққылар жұмсады. Нәтижесінде екінші раундта екеуі терезесі тең деңгейде ойын көрсетті.

Үшінші раунд та дәл осындай тайталасқа толы болды. Үзілісте бапкерлер кеңесіне құлақ асқан Қамшыбек өте сауатты ойын көрсетті. Талай жанкүйердің толқынысын тудырған жекпе-жек біздің спортшының пайдасына шешілді. Осылайша Қамшыбек жартылай финалға жетті. Әзірге қола қоржынға түсіп тұр. Десе де басқа – басқа, бокста туы жығылмаған қазақтың осы жолғы өзге спортшылардан олжасы ойсырап тұр. Қысқасы, Қамшыбектің қмашы басатын нағыз шағы келді. Алтынға үмітті елдің барша тілеуі осы!

Сонымен, қазақстандық боксшы енді 4 тамызда жартылай финалда АҚШ-тан келген Ричард Торрезбен қолғап түйістіреді. Ол ширек финалда кубалық Дайньеро Пероны қапы қалдырып кетті.

Ричард Торрез 1999 жылы 1 маусымда дүниеге келген. Қазірге дейін әуесқой бокста 60 жекпе-жек өткізіп, оның 51-де жеңіске жетті. 2016 жылы жастар арасындағы әлем чемпионатында қола жүлдегер атанды. Ал 2019 жылы Панамерикан ойындарында да дәл сол жетістігін қайталады. 2019 жылғы әлем чемпионатында ширек финалда өзбекстандық Баходир Жалоловтан нокаутпен ұтылған еді.

Әрине, одан бері екі жылдай уақыт өтті. Америкалық боксшы тәжірибе жинақтаған шығар. Сондықтан әрбір жекпе-жектің өз салмағы бар.

Ал Қамшыбектің басты қарсыласы өзбекстандық Баходир Жалолов жартылай финалда ұлыбританиялық Фрейзер Кларкпен шаршы алаңға шығады.

Еске салсақ, биылғы Олимпиадаға ерлер құрамасынан 8 спортшы барды. Олардың арасынан Қамшыбектен өзге Сәкен Бибосынов (52 келі), Закир Сафиуллин (60 келі) жарысты жалғастыруда.

Өткен демалыс күндерінде Қазақстан қоржынына жүлде түскен жоқ. Десе де көпшілік есінде қалатын бірқатар оқиғалар болды. Жеңіл атлетикадан үш қарғып секіруде үш Олимпиадада жүлдегер атанған қазақстандық Ольга Рыпакова үлкен спортпен қош айтысты. Ол алдағы уақытта отбасына көбірек көңіл бөлетінін айтты.

Жеңіл атлет Михаил Литвин, Ольга Сафронова, әйелдер күресінен Эльмира Сыздықова, грек-рим күресінен Мейрамбек Айнағұлов, боксшы Әбілхан Аманқұл, байдарка мен каноэде есуден ағайынды Сергей мен Тимофей Емельяновтар жарыс жолынан шығып қалды.

Айта кетейік, Токио Олимпиадасы 23 шілдеде басталды, 8 тамызда мәресіне жетеді.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<