Қазалы Маринамен мақтанады

329

0

Бүгін аудан әкімі Мұрат Ергешбаев Қазақстан Республикасының чемпионаттарында жүлдегерлер қатарынан көрінген спортшылар мен жаттықтырушыларын қабылдады.

– Қазалы ауданының спортшылары қай жарысқа қатыспасын жеңіске жетіп, қашан да үздіктер қатарынан көрініп келеді. Ауданнан шыққан атақты спортшылардың да қатары қалың. Әріге бармай-ақ, 2012 жылы Лондон Олимпиадасында қола медаль жеңіп алған Марина Вольнова қызымыздың жетістігін айтсақ болады. Маринаның есімі ауданның тарихында ғана емес, еліміздің тарихында алтын әріптермен жазылып қалады. Өйткені ол Тәуелсіз Қазақстан тарихында Олимпиадада әйелдер боксынан жүлде алған алғашқы спортшы, – деген Мұрат Нәлқожаұлы қазіргі таңда Маринаның ұзақ жылғы үзілістен кейін шаршы алаңға қайта оралғанын атап өтті.

– Марина Вольнова Лондон Олимпиадасынан кейін отбасылық жағдайына байланысты шарша алаңға шықпаған болатын. Осы жылы былғары қолғапты қайта қолға алды. Жетістіктері де жаман емес. Кеше Шымкент қаласында бокстан ерлер мен әйелдер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионатында күміс жүлдеге ие болды. Осының алдында Венгрияда өткен халықаралық жарыста қола медаль иемденді, – деді.

Мұнан соң Қазақстан Республикасының чемпионаттарында күміс, қола медаль алған спортшыларға «Құттықтау» хатын табыс етіп, сый-сияпат көрсетті. Ал, Олимп шыңына шыққан Маринаның бапкері, көптеген жеңімпаз боксшылардың ұстазы Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Бақытбек Құлбаевты«Қазақстан Конституциясына 25 жыл» мерекелік медалімен марапаттады.

Басқосуда Қазалы аудандық олимпиадалық резервтың мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің жаттықтырушысы Бақытбек Құлбаев пен ардагер спортшы Сапарбек Көбегенов спортшыларға ерекше мән беріп, қабылдау өткізген аудан басшысына алғысын айтып, өздерінің ұсыныс-пікірлерін жеткізді.

Айта кетейік, 23-29 қараша күндері Шымкент қаласында бокстан ерлер мен әйелдер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионатында Дәметкен Келімбет пен Гүлсая Ержан қола жүлдегер атанды.

Ал, Олжас Сырлыбай пен Айдос Сүлеймен қараша айының соңғы күндері Алматы қаласында грек-рим күресінен ересектер арасында өткен Қазақстан Республикасының чемпионатында күміс және қола медальді еншіледі.

Тағы бір жас талант Аяжан Нұржан биылғы жылдың ерекшелігіне байланысты Қызылорда қаласында ауыр атлетикадан әйелдер арасында онлайн өткен Қазақстан Республикасы чемпионатында қола жүлдеге қол жеткізді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз