«Қазақстан – геосаяси аймақта түбегейлі реформа жүргізіп жатқан бірден-бір ел»

550

0

Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуына қатысты.

Парламенттің бірінші сессиясын ашық деп жариялаған соң сайлауда жеңіске жетіп, депутат мандатына ие болған азаматтардың қызметіне табыс тіледі. Мемлекет басшысы бір жылдың ішінде еліміздің қоғамдық-саяси өмірінде болған негізгі өзгерістерге, жүзеге асырылған реформаларға тоқталды.

– Мен бір жыл бұрын, осы ғимаратта халыққа Жолдауымды жарияладым. Еліміз үшін аса маңызды сәтте саяси жаңғыру бағдарламасын ұсындым. Бастамаларымыз жұрттың шынайы қолдауына ие болды. Оған былтырғы референдумда айқын көз жеткіздік. Біз тәуекелге бел буып, бірден іске кірістік. Бір жылдың ішінде ауқымды жұмыс атқарылды. Конституциялық реформа арқылы бүкіл жүйені өзгертетін қадамдар жасалды. Президент жеті жылға бір рет қана сайланатын болды. Сондай-ақ Парламенттің құзыреті мен қызметі қайта қаралды. Депутаттардың рөлі едәуір күшейді. Конституциялық Сот құрылды. Бүкіл сот жүйесіне түбегейлі реформа жасау басталды. Адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғауға қатысты жұмыс жаңаша сипат алды. Азаматтардың саяси өмірге емін-еркін араласуына жол ашылды. Реформаларымыз «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидасына негізделді. Бұл қағида – мемлекетіміздің басты тірегі, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Осы орайда Президент референдумнан кейін Конституцияның жаңа талаптарына сай билік тармақтарын түгел жаңғыртуға қадам жасалғанын атап өтті.

– Халықтың да көптен күткені осы еді. Конституциялық өзгерістерге сәйкес Президент сайлауы, Сенат, Мәжіліс және мәслихаттар сайлауы өтті. Референдумды қосқанда бір жылға жуық уақыттың ішінде өте маңызды 5 саяси науқан өткізілді. Оның бәрі аса күрделі кезеңге тұспа-тұс келді. Қаншалықты күрделі болса да, біз еліміз үшін өте қажет жолды қысқа мерзім ішінде жүріп өттік. Қазақстанның жаңарып, жаңғыра бастағанына жұрттың көзі жетті, – деді Мемлекет басшысы.

Кешегі өткен сайлау елімізде жаңа азаматтық, саяси мәдениет қалыптасып келетінін айғақтап отыр. Осы ретте Президент сайлауға белсене қатысқан барша азаматқа алғыс айтып, бұл науқан бұрынғыдан ерекше болғанын жеткізді. Сондай-ақ, Президент ешбір партияның мүшесі еместігін, облыс әкімдері партия бөлімшелеріне жетекшілік етпейтінін атап өтті.

– Бәсеке жоғары болғандықтан, сайлау нәтижесін алдын ала болжау мүмкін емес болды. Оның қорытындысы еліміздің нағыз көппартиялы мемлекетке айналу жолында маңызды қадам жасағанын көрсетті. Мемлекет басшысы ретінде айтарым, Мәжіліске көзқарасы әртүрлі саяси ұстанымдағы күштер келді деп есептеймін. Алғаш рет ұзақ жыл бойы оппозицияда болған партия Парламентке өтті. Біз осының бәріне ауқымды саяси реформаның арқасында қол жеткіздік. Партияларды тіркеу мәселесін реттейтін заңнаманың өзгеруі де бұған септігін тигізді. Енді партиялар еліміздің болашағына зор ықпал ететін саяси үдерістің басы-қасында жүретін болады. Мәжіліске бір мандатты округтен де депутаттар сайланды. Яғни, Парламентке түрлі әлеуметтік топтан шыққан өкілдердің келуіне жол ашылды. Сондай-ақ ұзақ жылдан бері алғаш рет өзін-өзі ұсынған үміткерлер депутат атанды. Бірқатар азамат партия атынан шыққан үміткерлерді тартысты бәсекеде жеңіп шықты. Осылайша, елімізде демократия дәстүрі жаңа деңгейге көтеріліп, нығая түсті. Саяси күштердің бәріне бірдей мүмкіндік берілетініне азаматтардың сенімі артты, – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы жастардың айрықша назарда екенін, билікке ойы озық, білімді жастар келуі керек екенін тағы бір еске салды. Жастар қоғамға жаңа құндылықтар әкелуге тиіс. Сондай-ақ әйелдердің және ерекше қажеттілігі бар жандардың Мәжіліске өтуіне жағдай жасалды.

– Ақпараттық технология дамыған қазіргі заманда халық бәрін жіті бақылап отыр. Осы ретте депутаттардың ел алдындағы жауапкершілігі артқанын атап өткен жөн. Сондықтан осы ғимаратта отырған депутаттар 5 жыл бойы саналы, парасатты түрде белсенді жұмыс істейді деп сенемін. Себебі ел мүддесі үшін қызмет ету қажет. Бұл – «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық» деген қағиданың тағы бір көрінісі, – деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, кез келген сайлауда жеңіске жету үшін жылдар бойы қажырлы еңбек ету қажет. Халықтың және тарихтың алдындағы жауапкершілікті сезіну керек. Бір сөзбен айтқанда, ұзақ мерзімді, жүйелі стратегияның арқасында ғана жеңіске жетуге болады. Қажетті дауыс жинай алмаған үміткерлер үшін де бұл – үлкен тәжірибе және жаңа мүмкіндік.

– Небәрі бір жылда мұндай ауқымды жұмысты іске асыру – нағыз жасампаз жұрттың ғана қолынан келетін шаруа. Біз Отанымызды өркендету жолында зор бетбұрыс жасап, жаңа дәуірге қадам бастық. Бірақ өзгерістер мұнымен бітпейді. Бұл – ұзақ жолдың басы ғана. Реформалар жалғаса береді, саяси құрылымды жетілдіру қажет. Бұл – аса маңызды жұмыс, – деп нақтылады Қасым-Жомарт Тоқаев.

Биыл алғаш рет 45 аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін тікелей сайлау өтеді. Одан кейін еліміздегі барлық аудан әкімдері сайланады. Осылайша, биліктің барлық институттары жаңарып, тың қарқынмен жұмыс істей бастайды.

– Біз саяси үдерісті демократияландырып, азаматтардың мемлекетті басқару ісіне қатысу мүмкіндігін кеңейте береміз. Бәріміз мына бір өте маңызды нәрсені түсінуіміз керек. Қазақстан – осы геосаяси аймақта түбегейлі реформа жүргізіп жатқан бірден-бір ел. Кейбір адамдар, солардың ішінде саясаткерлер де бар, осындай реформалар Қазақстанға қауіп төндіруі мүмкін деп айтады. Бірақ мен осы өзгерістердің барлығы, ең алдымен, ел болашағы үшін ауадай қажет деп ойлаймын, – деді Президент.

Осы орайда Мемлекет басшысы алдымызда айрықша маңызды міндеттер тұрғанын нақтылай түсті. Жан-жақты жаңғырту жұмысына, әлеу меттік-экономикалық даму барысына тың серпін берілу керек.

– Еліміз ұзақ уақыт бойы қолайлы сыртқы ахуалға арқа сүйеп келді. Неше түрлі тұжырымдамаларға, бағдарламаларға сенді. Атқарылған жұмыс туралы жалған есепке сенуге мәжбүр болды. Алайда аса маңызды, өзекті мәселелер назардан тыс қалды. Халықтың тұрмыс сапасы әлі күнге дейін жақсы емес. Құқықтық әділетсіздік белең алды. Бай мен кедейдің арасы алшақтай түсті. Алдағы бес жылда Үкімет және Парламент осы негізгі мәселелердің шешімін табуы қажет. Біз еліміздің белдеуін бекемдеп тартуымыз керек. Экономикада және әлеуметтік салада жылдар бойы жиналып қалған түйткілдер бар. Оның барлығын ретке келтіруіміз қажет. Сол үшін жұрттың бәріне бірдей жаға бермейтін, бірақ тиімді әрі қажетті шешімдер қабылдау керек болады, – деді Мемлекет басшысы.

Президент бұл орайда нақты басымдықтар форматында жұмыс істеу керектігін, аса маңызды мәселелерді дереу шешу қажеттігін қаперге салды.

– Алдағы бес жыл ел тағдыры шешілетін маңызды кезең болмақ. Елімізді қарқынды дамыту үшін сапалы заңнамалық база қалыптастыру керек. Ол үшін экономикаға қажетті ережелер мен қағидаларды өзгерту қажет. Бұл бағытта алғашқы қадамдар жасалды. Монополиядан арылту және елімізден заңсыз шығарылған капиталды қайтару жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл елімізге орнықты, бәсекеге қабілетті ірі бизнес керек емес дегенді білдірмейді. Керісінше, қажет екені сөзсіз және біз оны қолдаймыз. Ірі бизнес біздің жаңа экономикалық парадигмада жаңаша жұмыс істей бастайды әрі міндетті түрде дамиды. Жалпы ашық әрі өзін-өзі қамтамасыз ететін нарықтық экономика қалыптастыру басты басымдық болып қала береді, – деді Президент.

Шағын және орта кәсіпкерлік экономика мен еңбек нарығының қозғаушы күшіне айналуға тиіс. Бұл жөнінде көп айтылып келеді. Бірақ Президент атап өткендей, аталған бағытта айтарлықтай ілгерілеу болған жоқ. Демек, экономикалық саясатқа өзгеріс енгізу қажет.

– Шағын және орта бизнесті толыққанды қолдау үшін кешенді шаралар қабылдау керек. Олар елімізді дамытуда маңызды рөл атқаратынын толық сезінуге тиіс. Бізге Қазақстан экономикасын дамыту жолында өзіне жауапкершілік ала алатын кәсіпкерлердің «жаңа толқыны» қажет. Оның бел ортасында әкімшілік ресурстарға иек артпай, кәсіпкерлік таланты мен еңбекқорлығының арқасында кәсібін табысты жүргізе алған бизнесмендер болуға тиіс. Ондай адамдар әр аймақта бар. Оларға елімізде өз бизнесін дамытуға мүмкіндік беру және нақты көмек көрсету маңызды. Қазақстанның қазіргі экономикалық моделі, ең алдымен, шикізат секторына инвестиция тартуға негізделеді. Сондықтан ұлттық буржуазияның негізін құрайтын орта бизнес жүйесіз дамып жатыр. Тек жекелеген аймақтарда ғана оң қарқын байқалады, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Кемелұлы елді жайлаған індет және оның салдары кәсіпкерлерге оңай тимегені, ендігі жерде экономикадағы нақты мәселелермен айналысатын кез келгенін де шегелей түсті.

– Біздің басты міндетіміздің бірі – жеке меншікті қорғау және нарықтың бәсекелі болуын қамтамасыз ету. Сол үшін сот және құқық қорғау жүйесіндегі реформаларды жалғастыру қажет. Мен еліміздің кәсіпкерлеріне үндеу жасағым келеді. Қазақстан – бәріміздің ортақ мекеніміз. Ендеше қастерлі Отанымызды бірге өркендетейік, болашағымызды бірге құрайық. Мен Президент ретінде сіздерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетініне кепілдік беремін. Біз шағын және орта бизнестің бәсекеге қабілетін арттыру мәселесіне баса мән береміз. Осы орайда шағын және орта бизнеске қолдау көрсетудің бірыңғай кешенді бағдарламасын әзірлеу қажет. Ең бастысы, мемлекеттік қолдауға ие болатын жобаларды іріктеу ашық өтуге тиіс. Жобаның нақты әлеуметтік-экономикалық тиімділігін ескеру қажет. Осы орайда Үкіметке депутаттармен бірлесіп, орта бизнесті дамытудың тың тәсілдерін әзірлеуді тапсырамын. Өйткені орта бизнес ел экономикасын дамыту ісінде басты рөл атқарады. Бұл мәселе менің жеке бақылауымда болады. «Атамекен» ұлттық палатасы шағын және орта бизнеске қолдау көрсетіп, сыртқы нарықта ұлттық бизнестің мүддесін қорғауы керек. Сондай-ақ Үкіметпен ынтымақтастықты барынша нығайту қажет, – деді Президент.

Жалпы, алдағы бесжылдықта шағын және орта бизнесті қолдауға үлкен мән берілгелі тұр. Мұнда Ұлттық жобалардың уақытылы және сапалы жүзеге асырылуы қатаң ескеріледі. Бюджеттің әрбір тиыны тиімді жұмсалуы керек. Президент айтқандай, осының бәріне парламенттік бақылау жасау айрықша маңызды. Өйткені, депутаттарға дауыс берген азаматтар үлкен сенім артып отыр.

– Депутаттар билік пен қоғамның әріптестігін нығайтуға үлес қосуы қажет. Бұл жұмыс «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын орнықтыруға септігін тигізеді. Әсіресе, сайлауда жеңіске жеткен Amanat партиясы осы жұмысқа белсене атсалысады деп сенемін. Партияның тәжірибесі мол, қоғам тарапынан жан-жақты қолдау бар. Сондықтан Amanat партиясы алдағы өзгерістердің бел ортасында болады деп үміттенемін, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Кемелұлы осы ретте тұрғындардың әл-ауқатын арттыру және ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру, сол арқылы тамыры тереңде жатқан мемлекеттілік дәстүрімізді нығайта түсу айрықша маңызды екеніне тоқталды. Бұл ретте Парламенттің алдағы жұмысы туралы ойын ортаға салды.

– бірінші. Іскерлік белсенділікті ынталандыру қажет. Ол үшін, ең алдымен, әділ, тұрақты әрі ашық салық жүйесін қалыптастыру керек. Салық саясатының жаңа моделі ұлттық байлықты тиімді бөлуді, экономикалық белсенділіктің жоғары деңгейі мен экономиканың басым бағыттарын нақты қолдауды қамтамасыз етуге тиіс. Салық кодексі және тұтас салық саясаты түсінікті, тұрақты болуы қажет.

Фискальдық органдардың бизнеспен қарым-қатынасына қатысты бүкіл процесті толық цифрландыру керек. Бұл кәсіпкерлердің тіршілігін айтарлықтай дәрежеде жеңілдетуге және бюджет кірісін жүйелі түрде ұлғайтуға септігін тигізеді. Парламентте мемлекеттік бюджетке мол кіріс әкелетін корпоративтік табыс салығы мен қосымша құн салығына қатысты мөлшерлемелерді әртараптандыру мүмкіндігін талқылауға болар еді. Ірі кәсіпорындар және шикізат экспортымен айналысатын компаниялар қазынаға көбірек төлем түсірсе, әділдік болар еді. Бұл – әлемде бар озық тәжірибе, – деді Президент.

Мемлекет басшысы атап өткендей, қазір елдегі жағдай түбегейлі өзгерді. Әділетті Қазақстан дегеніміз – жалаң ұран емес, бұл – анық ақиқат. Алда атқаратын жұмыс көп. Бұған ел болып түгел атсалысу қажет.

Президент қайта сайланғаннан кейін ең бірінші Заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке қайтару жөніндегі шаралар туралы Жарлыққа қол қойғанын еске салды. Үкімет пен Бас прокуратура жеке заң жобасын әзірлеген.  Парламент тиісті заңды жуық арада қабылдауы керек.

– Бұл қаржы тек елімізді дамытуға жұмсалуы қажет. Аталған мәселе бюджет шығындарына да қатысты. Алайда бюджеттің жоспарлануы мен жұмсалуы көңіл көншітпейді. Мемлекеттік қарызды өтеу шығыны артып барады.

Ұлттық қордан бөлінетін трансферт азаймай тұр. Барлық деңгейдегі бюджетті тиімді игеру проблемасы әлі де бар. Сондықтан бізге жан-жақты ойластырылған әрі теңгерімді бюджет саясаты керек. Биыл Парламент қарауына енгізілетін Жаңа Бюджет кодексінің жобасы аталған мәселелерді шешуге бағытталуға тиіс. Тағы бір маңызды мәселе. Үкімет және Парламент туризмді дамыту мәселесіне баса назар аударуға тиіс. Еліміздегі туризмнің әлеуеті зор, көрікті жерлеріміз өте көп. Бірақ сол жерлерге барып, демалуға әлі де жұрттың қолы жете бермейді. Бұл салаға тың серпін беру үшін, ең алдымен, инфрақұрылым мәселесін кешенді түрде шешіп, қызмет сапасын түбегейлі жақсарту қажет. Кәсіпкерлер туризмнің болашағы зор екенін көруі керек. Сол үшін қажетті жағдайды жасаған жөн. Осы салаға салынған жеке инвестицияның көлемі, іштен және сырттан келген туристердің саны неғұрлым көп болса, жұмыстың нәтижесі де соғұрлым тиімді болмақ, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы сессиядағы сөзінде «Ақ жол» партиясы шағын және орта бизнесті дамыту, экономиканы монополиядан арылту туралы үнемі айтып жүргенін, сондай-ақ, кәсіпкерлердің бастамасымен құрылған Respublica партиясы да Парламентке өтіп, бұл ұйымдардың бизнестің дамуына қолайлы жағдай қалыптастыруы қажеттігі туралы ойын айтты. 

– Тағы бір өзекті мәселеге назар аударғым келеді. Заңдар мен түрлі ережелерді әзірлеген кезде қаржы-өнеркәсіп топтары, ірі бизнес өкілдері шешім қабылдауға зор ықпал етеді. Ашығын айтсақ, бұл – барлық елге, тіпті, дамыған мемлекеттерге тән жағдай. Бірақ осы үдерісті қоғамнан жасырмай, заңмен реттеу керек, әйтпесе, жемқорлық белең алады. Өркениетті елдерде саясат жабық есік жағдайында астыртын жасалмайды. Сондықтан лоббистік қызметті заңмен реттеудің және оған бақылау жасаудың халықаралық тәжірибесін зерттеу керек, – деді Президент.

Мемлекет басшысы екінші басымдық ретінде елдің өндірістік әлеуетін барынша арттыру маңызды екенін алға тартты.

– Қазақстан экономикасы әлі күнге дейін пайдалы қазбаларға тәуелді болып отыр. Яғни, ел экономикасының құрылымы – қарапайым. Шын мәнінде, бізге қарқынды даму үшін күрделі, әртарапты экономикалық құрылым қажет. Әрине, шикізат нарығындағы әлемдік бәсекеде біздің өз артықшылығымыз бар. Қазіргі және стратегиялық міндеттерді орындау үшін оны тиімді пайдалану қажет. Сондықтан осы саланы одан әрі дамыта беру керек.

Бірақ жер қойнауын пайдалану саласында ондаған жыл бойы қордаланған проблемалар аз емес. Геологиялық барлау жұмыстарының ойдағыдай жүргізілмеуі тау-кен өнеркәсібін өркендетуге кедергі келтіріп отыр. Минералды шикізат базасын толықтыру қарқыны бәсеңдеп барады. Оның үстіне қазір игеріліп жатқан кен орындарының қоры сарқыла бастады. Қазба байлықты тиімді және үнемді пайдалану қажет. Ол үшін заңнаманы жақсартып, рәсімдерді жеңілдету керек. Геологиялық барлау және кеніштерді игеру ісіне инвестиция тарту айрықша маңызды. Үкімет пен Парламент осы салаға қатысты нақты шаралар әзірлеуге тиіс, – деп нақтылады Президент.

Президент былтыр тауар газына тапшылық туындағанын, бұл бүкіл еліміздің энергетикалық қауіпсіздігіне қатер төндіре жаздағанын айтты. 

– Мұндай келеңсіздікке жол бермеу үшін нарықты газбен қамтамасыз ету керек. Қазақстанда газдың бағасы көрші мемлекеттерге қарағанда әлдеқайда арзан. Шетелдегі сияқты әртүрлі тарифтерді бізге де енгізу мүмкіндігін қарастырған жөн. Жалпы төмен тарифтер мен төмен бағалар экономикамызға теріс ықпал етеді. Бөлінген барлық субсидиялар көрші елдерге босқа кетеді. Қаншалықты қиын болса да, бұл мәселені біртіндеп шешу қажет. Басқа жол жоқ, – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ зәулім үйлерін күндіз-түні төмен тарифтегі бағамен жылытып отырғандарға газдың текше метрінің бағасы қымбатырақ болуы керек. Президенттің пайымынша, әлеуметтік әділеттілік осындайда көрініс табады. Қазіргі геосаяси жағдайда қолда бар шикізатты тиімді қолдану маңызды. Арзан газды өндірісте, тұрмыста бей-берекет пайдаланудың уақыты өтті. Осы орайда Үкімет тауар газының энергетикалық тимділігін арттыру және үнемді пайдалану жоспарын әзірлеуі керек.  

Сондай-ақ Президент қазба байлыққа ғана арқа сүйеп, қамсыз отыратын заман келмеске кеткенін айтты. Жер қойнауынан шыққан қазынаның қосымша құнын барынша арттырып, оны сапалы және сұранысқа ие тауарға айналдыру өте маңызды.

– Бұған дейінгі индустрияландыру жұмысының барысында шикізаттық емес сала ойдағыдай дамыған жоқ. Азық-түлік пен күнделікті тұтынатын тауардың өзін әлі күнге дейін сырттан сатып алып отырмыз. Инфляцияның өсуіне басты себептің бірі – осы, – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент сыртқы сауданы еркін дамыту үшін шикізат та, мамандар да, кейбір технология да өз елімізде бар екенін, Қазақстан – Дүниежүзілік сауда ұйымының мүшесі, экономикасы сыртқы саудаға және инвестицияға әрдайым ашық екенін айтты.

Ең алдымен, ішкі нарыққа бағытталған өңдеу өнеркәсібін дамытудың маңызы зор. Ал өңдеу өнеркәсібін инновация мен жоғары технология ғана жедел дамытатыны айдан анық.

– Сол себепті Қазақстан экономикасы ғылыми жетістіктерді негізге алуы керек. Зерттеу жүргізіп, патент алу жеткіліксіз. Ғылыми жаңалықтарды өндірісте пайдалану қажет. Ғылымды жан-жақты дамыту үшін жаңа заң қабылдау керек. Депутаттар осы заң жобасына мән береді деп ойлаймын, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев үшіншіден, инфрақұрылымды дамытуға қатысты ұстанымдарды қайта қарау қажет деп есептейді. Қыстың көзі қырауда жылусыз қалған қалалар мен елді мекендерді мысал етіп, әбден тозған энергетика инфрақұрылымының бүгінгі ахуалын бүкпесіз айтты.

– Менің тапсырмаммен электр энергетикасы нарығын дамытудың жаңа үлгісі дайындалып жатыр. Сол арқылы осы салаға қосымша инвестиция тарту көзделіп отыр. Сондай-ақ бұл құжат осы саланың барынша ашық болуын қамтамасыз етпек, – деді Мемлекет басшысы.

Президент Мәжілістегі электр энергетикасына қатысты үш заң жобасын депутаттық корпус шұғыл түрде қарап, қабылдаса, еліміздің инфрақұрылымдық қуатын қалыптастыруға негіз болатынына тоқталды. Сондай-ақ Ұлттық инфрақұрылым жоспарын қабылдауды ұсынып, бұл құжатта осы саладағы басты мәселелер ашық көрсетілуге тиіс екенін айтты.

Мемлекет басшысының айтуынша, халықтың басым көпшілігінің ең  өзекті мәселесі – тұрғын үй саласындағы саясатты қайта қарап, оның мейлінше әділ әрі икемді болуын қамтамасыз ету керек. Үкімет шекаралық аудандарға орнығуға ниетті азаматтарға арзан баспана берудің тиімді жолдарын табуы тиіс. Еліміздегі 65 шекаралық ауданның әлеуметтік-экономикалық ахуалы төмен. Бұл аумақтардың стратегиялық маңызын ескере отырып, нақты жұмыстар атқарылуы керек.

Төртіншіден, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге баса мән беру қажет.

– Ашығын айтсақ, агроөнеркәсіп кешені бұл міндетті толық орындап отырған жоқ. Осы саладағы саясат бірізді емес. Мемлекет тарапынан бөлініп жатқан қаражат тиімді жұмсалмайды. Өнім өндіруші мен тұтынушының арасында делдал көп, – деді Президент осы орайда.

Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығын қарқынды дамытуға қажетті жағдай жасау – мемлекеттің міндеті деп есептейді. Елімізде бірнеше жылдан бері жүзеге асырылып жатқан «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 1 мыңнан астам ауылдағы үш мың жеті жүз әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым нысаны жаңғыртылды. Бұл жұмыс болашақта да жалғасады. Биыл тағы 1,5 мыңнан астам жобаға бюджеттен 143 миллиард теңге бөлінеді.

– Мен сайлау алдында ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту қажеттігі туралы анық айттым. Бұл – маңызды міндеттің бірі. Оны ауыл шаруашылығы кооперациясы арқылы жүзеге асыру керек. Сол үшін «Ауыл аманаты» жобасы қолға алынады.

Ауыл тұрғындарына 5-7 жылға жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі. Ауыл шаруашылығы кооперативтері халыққа қызмет көрсету және өнім өткізу үшін құрылады. Оларға құрал-жабдық және техника сатып алу үшін субсидия беріледі. Осы мақсатқа 1 триллионға жуық теңге бөлінеді, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы саласындағы реформаларға қажетті сапалы заңдардың қабылдануына Мәжілістен орын алған «Ауыл» партиясы өз үлесін қосатынына сенім білдірді. Сонымен қатар су қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты стратегиялық маңызы бар міндетке тоқталды. Су мәселесі ушығып кетпеуі үшін оның алдын алуды, Үкімет әзірлеп жатқан Су кодексінің жаңа жобасында ресурстарды тиімді басқаруға және оларды қорғауға баса назар аудару керектігін айтты. Осы жұмыста ғылыми ұстанымды, инновацияны, халықаралық озық тәжірибені басшылыққа алған абзал.

– Біздің елде судың 65 пайызы ауыл шаруашылығы саласына жұмсалады. Соның 60 пайызға жуығы құмға сіңіп кетеді. Мұндай ысырапшылдыққа жол беруге болмайды. Жаңа тариф саясатына көшу қажет. Оны дереу қолға алмасақ, ахуал одан әрі күрделене түсетіні анық.

Президент адам капиталының сапасын барынша арттыруды айрықша назарда ұстап келеді. Сондықтан алтыншы басымдық ретінде білім беру жүйесін жан-жақты дамыту қажеттігін атады. Кейінгі жылдары мемлекет бұл салаға инвестицияны едәуір көбейткенмен, балабақша тапшылығы біртіндеп азайғанмен, мектеп салу, жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізіліп, оқу орындарын материалдық-техникалық жабдықтау ісі жанданғанмен, мұның өзі жеткіліксіз болып отыр. Білім сапасын, әсіресе, орта білімнің деңгейін арттыру үшін батыл шешім қабылдау қажет.

Мұғалімдердің, директорлардың және педагогикалық оқу орындары түлектерінің көпшілігінің Ұлттық біліктілік емтиханынан өте алмауына қарағанда оны жеңілдету, жетілдіру керек шығар. Бірақ негізі, ұстаздарға қойылатын талап жоғары болуға тиіс.

– Мұғалім тапшылығын желеу етіп, мектепке кез келген адамды жұмысқа ала беруге болмайды. Мұндай әрекет ұстаздардың біліктілік деңгейін күрт төмендетеді. Сол себепті мұғалім даярлау ісін жетілдіру үшін нақты шаралар қабылдау қажет. Бұл – өскелең ұрпақтың болашағына байланысты өте маңызды міндет.

Білім беру жүйесіндегі менеджментті жақсартуға баса мән берілуге тиіс. Осы салаға нағыз кәсіби мамандарды тарту қажет. Бізде Президенттік жастар кадр резерві бар. Дәл сол сияқты білім саласына өзгеріс әкелетін 1 мың маман арнайы дайындықтан өтетін болады. Осыған орай тиісті бағдарлама қабылданады. Кадр мәселесі жоғары білім беру жүйесі үшін де өте өзекті, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі медицина инфрақұрылымын жақсарту үшін «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында ауыл-аймақта 600-ден астам нысан салу жоспарланғанын айтып,  жұмыстың бәрі уақытылы әрі сапалы жасалуы керектігін ескертті. Өте маңызды жауапкершілікті әкімдерге жүктеді.

Сондай-ақ медицина қызметкерлерінің құқығын қорғау, әлеуметтік жағдайын назардан тыс қалдырмау жайына тоқталды. Осыған қатысты арнайы заң жобасы Парламентте бір жылға жуық талқыланды. Бұл құжатта, негізінен, дәрігерлердің жауапкершілігін сақтандыру ғана көзделген. Негізінде медицина қызметкерлерінің заңмен қорғалғаны маңызды.

Президент саламатты өмір салтын насихаттап, бұқаралық спортты дамыту, әсіресе, балалардың спортпен айналысуына жағдай жасау қажеттігін баса айтты. Еліміздегі 43 мыңнан астам спорт ғимаратының жартысынан көбі ауылдық жерде орналасқан. Бірақ қарапайым және қолжетімді нысандар әлі де аз.

Спорт саласын өркендетуге жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, меценаттардың және жарнама берушілердің әлеуетін пайдалану, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тәсілін кеңінен қолдану керек. Бұл ретте Үкімет пен әкімдіктер тиісті бағдарлама әзірлеп, шешім қабылдаған кезде осының бәрін ескеруге тиіс.

Президент мәдениет саласын өркендету үшін жасалып жатқан жаңа тұжырымдаманың еліміздің мәдени мұрасын сақтау, насихаттау және ұлттық бірегейлікті нығайту ісінде шешуші рөл атқаратынына сенім білдірді. Ұзақ жылдар бойы берілмей келген «Қазақстанның халық әртісі» атағын қайта қалпына келтіру туралы шешім қабылдағанын, Республика күнінде оған лайықты мәдениет қайраткерлерінің алғашқы тобы марапатталатынын жеткізді.

Мемлекет басшысының айтуынша, мемлекеттің әділдігі мен қоғамның жанашырлығы әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы азаматтарды қолдаудан көрінеді.

– Әсіресе, ана мен баланы қорғауға айрықша көңіл бөлінуге тиіс. Менің тапсырмаммен биыл бала күтіміне жәрдемақы беру мерзімі 1 жылдан 1,5 жылға ұзартылды. Тұрмысы төмен отбасындағы 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға берілетін әлеуметтік көмек қайта қаралды. Енді 100 мыңнан астам бала бұл көмекті ақшалай алатын болады. Көпбалалы отбасыларға да айтарлықтай қолдау көрсетіліп жатыр. Жарты миллионнан астам отбасына арнайы жәрдемақы төленеді.

Мен былтыр «Ұлттық қор – балаларға» бастамасын көтердім. Қазір осы бастаманы жүзеге асыруға дайындық жүргізіліп жатыр. Мемлекет мұқтаж жандарға атаулы әлеуметтік көмек көрсетуді жалғастыра береді. Осы орайда ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арнайы тоқталғым келеді. Елімізде осы санатқа кіретін 700 мыңнан астам адам бар. Азық-түлік пен дәрі-дәрмек бағасының қымбаттауы оларға оңай тиіп отырған жоқ. Біз ерекше қажеттілігі бар адамдарды және олардың күтушілерін қолдау шараларын күшейтуіміз қажет.

Сондай-ақ асыраушысынан айырылған азаматтар назардан тыс қалмауы керек. Осы орайда Үкіметке аталған санаттағы адамдардың жәрдемақысын орта есеппен 14,5 пайызға көбейтуді тапсырамын. Мұны биылғы 1 қыркүйектен бастап қолға алу қажет. Қазақстан біздің аймақтағы осындай әлеуметтік жәрдем беретін жалғыз мемлекет деуге толық негіз бар. Жалпы әлеуметтік қолдау алдын ала және шын мәнінде мұқтаж жандарға көрсетілуге тиіс, – деді Президент.

Бірақ бұл еңбекке жарамды жас азаматтарды жәрдемақыға қол жайғызатындай масылдыққа себеп болмауы керек. 

Мемлекет басшысы зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін адамдарға арнайы төлем төлеу мәселесін ойластыру керектігін айтты. Бұл ретте Қазақстан халық партиясы мен Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы депутаттарының әлеуметтік мәселелерді шешуге белсене атсалысатынына сенім білдірді.

Президенттің пайымдауынша, адам құқығын қорғау жүйесін нығайтуды жалғастыруда барлық саладағы құқық үстемдігі қағидасы сақталуы тиіс. Әр азамат өз құқығының қорғалатынына, сот әділдігіне сенімді болғаны маңызды.

Сондай-ақ адвокаттардың рөлін арттырып, оларға сотқа дейінгі тергеудің басынан бастап қылмыстық істің материалдарын еш кедергісіз беру керек.

– Жұрт заңдардың кейбір ережелеріне наразылық білдіріп, шағым айтуда. Конституциялық Соттың шешімдері кейбір шағымдардың орынды екенін көрсетіп отыр, яғни, заңнаманың жекелеген нормалары Ата заңға қайшы екені анықталды. Бұл келеңсіздіктер құқық қолдану ісінде қиындықтар туғызады. Конституцияға қайшы мұндай нормалар жарамсыз деп танылады. Осындай ережелерге сүйеніп қабылданған соттың және басқа мемлекеттік органдардың шешімдері қайта қаралуға тиіс. Заңдарымыз Конституцияға толық сай болуы керек. Парламент осы маңызды мәселеге байланысты табандылық танытып, басты рөл атқаруы қажет. Бұл жұмыс азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау жүйесін күшейте түсуге мүмкіндік береді, – деді Президент.

Мемлекет басшысы адам саудасына тосқауыл қою үшін арнайы заң қабылдау қажет екенін, бұл үшін әлемдік тәжірибенің озық үлгілеріне зер салуды да маңызды мәселелердің бірі ретінде атап өтті. 

Президент мемлекеттік басқарудың тиімділігін және стратегиялық жоспарлаудың сапасын көтеруге де айрықша тоқталды.  Сайлау алдындағы бағдарламалар және уәделер ретімен орындалғанда ғана азаматтардың билікке және шынайы өзгеріске деген сенімі артады. Реформаларды әзірлеуді және жүзеге асыруды жұмысқа ынтасы бар және жоғары білікті мамандар атқаруы керек. Ол үшін жеке секторда жүрген кәсіби және дарынды басқарушылар үшін жол ашылғаны маңызды.

– Бізге мемлекеттік қызметтің барынша үйлесімді үлгісіне көшу қажет. Орталыққа жалтақтамай, жергілікті жерде мәселені шешуге дағдылану керек. Мемлекеттік органдардағы жұмысты ұйымдастыру мәдениетін де толық жаңғыртқан жөн,– деді Президент.

Мемлекет басшысы  министрлердің шешім қабылдауға батылы жетпейтінін, бар жауапкершілікті әріптестері немесе қарамағындағыларға жүктеу қолайсыз екенін айтты.

Мемлекеттік басқару жүйесінің маңызды факторы – цифрландыру. Электронды Үкімет инфрақұрылымын дамытумен қатар биліктің өкілді тармағын цифрландыруға да назар аудару керек.

– Сапалы мемлекеттік қызмет көрсету үшін деректер қорын өзара кіріктіру және «ақылды технологияны» пайдалану өте маңызды. Бұл қадам қабылданатын шешімдердің сапасын арттырады. Сондай-ақ шалғайдағы ауыл тұрғындарына осы игіліктің бәрі қолжетімді болады. Ол үшін мемлекеттік қызмет, мемлекеттік статистика және мемлекет көрсететін қызметтер туралы заңдарға өзгертулер енгізу қажет, – деді Президент.

Мемлекеттік жоспарлау жүйесін жаңғырту мәселесіне жеке тоқталған Мемлекет басшысы «Қазақстан – 2050» стратегиясын» түбегейлі қайта қарау қажеттігін айтты. Бұл құжатты қазіргі жаһандық үдерістерді ескере отырып, ел дамуының ұзақ мерзімге арналған басымдықтарын айқындайтын стратегияға айналдыру керек. Жалпы кез келген жұмыс мұқият жоспарлануы керек. Сонда мемлекеттік саясат стратегиялық сипатқа ие болады және тұрақты жүзеге асырылады. Сонымен бірге еліміз кез келген сын-қатерге төтеп бере алады.

Қасым-Жомарт Тоқаев барлық істің бел ортасында болатын депутаттарға:

– Мына мәселені баса айтқым келеді: ел мүддесінен жоғары ештеңе жоқ. Сондықтан популизмге, жеке бастың мүддесін көздеуге жол бермеу керек. Парламент пен мәслихаттар әрдайым бірлесе жұмыс істеуі қажет. Сонда мемлекет саясаты барынша үйлесімді болады. Жергілікті биліктің шамасы келмейтін ауқымды мәселелерге орталық дер кезінде көңіл бөледі, – деді. 

Еліміздегі реформалардан кейін депутаттардың өкілеттігі біршама кеңейгені белгілі. Қос палатаның жұмысындағы бірқатар өзгеріске тоқталсақ, бұрын заң жобасын Мәжіліс мақұлдап, Сенат қабылдайтын болса, енді заң қабылдау құзыреті Мәжіліске берілді.

Президент Премьер-министрдің кандидатурасын сайлауда жеңіске жеткен партия Мемлекет басшысына ұсынуға құқылы екенін айтты.

– Осы ретте саяси жауапкершілік те сол партияға жүктеледі. Бұл тәсіл «күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасына сай келеді. Үкімет әлеуметтік-экономикалық реформаларды іске асыруға тиіс. Болашақта Үкіметтегі және аймақтардағы басшылық қызметтерге түрлі партия өкілдерін тартқан жөн. Ол үшін саяси партиялардың кадрлық резервін жасақтауды ұсынамын. Сондай-ақ өкілді және атқарушы биліктің қарым-қатынасы жаңаша сипатқа ие болады. Енді Үкімет, шын мәнінде, есеп беретін Үкіметке айналады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Мемлекет басшысы министрлердің өз жұмысын жетік білуі  жеткіліксіз, олар өз ұстанымын Парламент алдында қорғауға қабілетті болуы, бастамаларын қоғамға анық түсіндіруі қажет деп есептейді. Қазір Үкіметтің қателігі мен кемшілігін ашық айтып, жөнге салып отыруға толық мүмкіндік бар. Осы мүмкіндікті халық мүддесі үшін дұрыс пайдалану керек.

– Парламенттің өз жұмысы да барынша ашық болуға тиіс. Бүгінде оның жиындары интернет арқылы көрсетіледі. Бұл жақсы үрдіске айналды. Оған журналистер де, қалың көпшілік те қызығушылық танытады. Парламентте аса маңызды мәселе талқыланса, жалпы отырысты мемлекеттік телеарна арқылы тікелей эфирде көрсету қажет деп санаймын. Азаматтар өздері сайлаған депутаттың қалай жұмыс істейтінін нақты көріп, баға бере алады. Парламенттегі пікірталастар, шын мәнінде, жалпыұлттық ауқымға ие болады.

Сонымен бірге бұл тәсіл ашық саясат жүргізудің жаңа стандарттарын қалыптастыруға, қоғамдық диалог мәдениетін дамытуға септігін тигізеді. Депутат болу – биік мансап емес, бұл – зор жауапкершілік және маңызды міндет. Сіздерді халық сайлады. Жұрт өздеріңізге сенім артып отыр. Ел сенімі – ел аманаты, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сессияның ашылуындағы сөзінің қорытындысында Президент:

–  Бізге орасан зор жауапкершілік жүктелген. Бұл – өткен тарихтың және болашақтың алдындағы жауапкершілік. Келер ұрпақтың қандай мемлекетте өмір сүретіні біздің бүгінгі шешімдерімізге тікелей байланысты.

Еліміздің мақсаты – айқын, бұл – Әділетті Қазақстанды құру. Мұның бәрі бір күнде жасалатын шаруа емес. Баршамыз табанды, еңбекқор, білікті, ұқыпты, тәртіпті болуымыз керек. Ең алдымен, отаншыл болуымыз қажет. Ұлттың және мемлекеттің мүддесі бәрінен биік тұруға тиіс. Әрине, қоғамның дамуы үшін пікір алуандығы қажет. Бірақ елдік мәселелерге келгенде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білген жөн.

Елімізді өркендету үшін еңбек ету – баршамыздың азаматтық борышымыз. Ендеше Отан алдындағы осы перзенттік парызымызға әрдайым адал болайық.

Жұмыстарыңыз табысты болсын!

Қазақстанымыз көркейе берсін!– деді.

Қуат Шарабидинов, Гүлжазира Жалғасова,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<