Қолдау сала жұмысын ілгерілетеді

644

0

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы лауазымына тағайындалғалы Олжас Ысқақов әр сала бойынша Қызылорда облысының штаттан тыс бас мамандарын жеке қабылдап, проблемалық мәселелерді тыңдады. Тұрғындардың арыз-шағымын азайту, хирургия саласын және нефрологиялық қызметті дамыту бойынша жол карталары әзірленуде.

Басқарма басшысы өткен жылы атқарылған жұмыстар, алға қойған мақсаттарды талқылау үшін барлық медицина ұйымдарының бас дәрігерлерін жеке қабылдап, тыңдады. Нәтижесінде облыс тұрғындарына көрсетілетін медициналық көмекті жетілдірудің 2023-2028 жылдарға арналған стратегиялық даму жоспары әзірленуде.

«B.B.NURA» және «DIAVERUM» амбулаторлы гемодиализ орталықтарының басшылары, мемлекеттік органдар және МӘМСҚ КЕАҚ филиалы өкілдерімен бірге бүйрек жетіспеушілігі бар науқастарға медициналық көмек сапасын жақсарту және анықталған кемшіліктерді жоюға 1 шілдеге дейін уақыт берілді. Облыстағы бүйрегі ауыстырылған тұрғындар қанындағы такролимус концентрациясын анықтау үшін облыстық қан орталығында арнайы аппаратқа реагент және орталық қалалық емханасына иммунохимиялық анализатор аппаратын сатып алу жұмыстарын үйлестіріп, алдағы мамыр айының ортасында қондырғы іске қосылатын болады.

Алматы және Жамбыл облыстарындағы үздік практика орталықтарының тәжірибесін енгізу үшін Шиелі ауданаралық ауруханасы және №6 қалалық емханасы мамандарын мамыр айында сол орталықтарға жолдау министрлікпен пысықталды.

Медициналық ұйымдар бас дәрігерлерімен 1 облыстық штаб отырысы, 3 апталық лездеме өткізілген. Басқарма басшысы ДСМ-нің алқа отырысына қатысып, саладағы мәселелерді, шешілу жолдарын талқылады.

Республикалық және жергілікті бюджеттен алынатын медициналық құрал-жабдықтардың тізімі қайта қаралып, аймақ басшысы айқындаған даму бағыттарына сәйкес өзектендірілді.

Облыс әкімінің қолдауымен облыстық перинаталдық орталығының жүктемесін азайту мақсатында көпбейінді облыстық ауруханасының жанынан 70 төсектік перинаталдық орталығы, 150 төсекке арналған көпбейінді қалалық балалар ауруханасы, Қызылорда қаласында 0-3 жас аралығындағы балаларға Ерте араласу орталығы, Арал ауданынан балаларға арналған ауданаралық оңалту орталығын құру жоспарланып отыр.

Бүгінгі күнге дейін тар буынды дәрігер мамандарды дайындауға облыс әкімінің 20 гранты бөлінсе, биыл 30 грант бөлініп, облысқа аса қажетті мамандар тізімі жасақталды.

Ана мен бала денсаулығын қорғауда биылға жергілікті бюджет қаражаты есебінен дәрігерлерді 18 тақырып, орта буын қызметкерлерін 22 тақырып бойынша оқыту жоспарланды.

Өткен айда Н.Батпенов атындағы травматология ғылыми орталығының  жоғары санатты травматолог ортопед дәрігері облыс тұрғындарына 8 күрделі ота жасады (оның ішінде 3-і бала). Облыстық көпбейінді балалар ауруханасының базасында ҚР ДСМ-нің бас балалар ревматологі Зәуре Мұқышева «Балалар жасындағы аутоиммунды патологияны ерте диагностикалау» тақырыбында ЖТД, ревматолог, педиатр мамандарға семинар өткізді, 46 науқасқа кеңес берумен қатар, 4 балаға буынішілік глюкокортикоидтарды енгізу тәжірибесін көрсетті.

ҚР ДСМ-нің бас неонатальды хирургі Асылжан Ерекешов «Туабітті  өт шығару жолдарының даму ақауы», «Туабітті асқазан-ішек жолдарының даму ақауы» тақырыптарында мастер класс өткізді.

Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады, барлық республикалық орталықтарға басқарма тиісті сұраныс хаттарын жолдады.

Сессияда орфанды сирек кездесетін ауру түрлерімен сырқаттанатын облыс тұрғындарына жергілікті бюджеттен қосымша 100 млн теңге қаражат бөлінді. Одан бөлек басқарма «Қазақстан халқына» қорына 34 млн теңгеге 3 науқасты керекті «Цинрайз», «Рисдиплам» препараттармен қамтамасыз ету үшін сұраныс беріп, қолдау тапты.

Басқарма басшысының   жеке қабылдауында 59 азаматтың мәселесі қаралды.  Оның ішінде 58 жеке тұлғадан, 1 заңды тұлғадан  өтініш келіп түсті. Осы өтініштердің  37-сі оң шешімін тауып, 12-сі заң аясында түсіндірілді. 

Аймақ басшысының қолдауы облыстың денсаулық сақтау саласының жұмысын айрықша ілгерілетуде. Саланың игі істері алдағы уақытта да өңір халқының игілігіне айнала бермек.

М.МЕРЕЙ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<