Қош бол, футбол королі!

713

0

Әлем футболында есімі алтын әріппен жазылғанған Пеле ұзаққа созылған ауыр науқастан 82 жасында өмірден өтті. Осылайша өткен ғасырдың орта шенінде жасыл алаңда жасындай жарқылдаған даңқты ойыншы аладоп сиқырына арбалған талайдың жұлдызына айналды. Енді оның қазасы күллі әлем жұртшылығына ерекше әсер етіп жатқаны сондықтан шығар.

1940 жылдың 23 қазанында Бразилияда дүниеге келген Эдсон Арантис ду Насимеенту жанкүйерлерге Пеле деген лақап есімімен белгілі еді. Мансабында үш мәрте Әлем чемпионы атағын жеңіп алған жалғыз футбол жұлдызы.

Ол ұзақ уақыт бойы онкологиямен күресіп келді. Қатерлі  дерт  оның ағзасынан 2021 жылдың күзінде анықталған. Бірнеше мәрте химиятерапиядан өтті. Алайда қатерлі дерт жеңіп тынды.

Пеле футболға алғашқы қадамын 1956 жылы Бразилияның «Сантос» командасында бастап, онда 1974 жылға дейін доп тепті. 1975-1977 жылдарда АҚШ-тың «Нью-Йорк Космос» клубында ойнады. Екі команда сапында 560 кездесуде 541 мәрте доп соққан.

Ал Бразилия ұлттық құрамасы сапында 1957-1971 жылдарда 92 ойында 77 голдың авторы атанды. Ол өзінің өмір жолында төрт мәрте Әлем чемпионаты финалдық сатысында бақ сынап, үшеуінде алтын кубокты төбесіне көтерді. Жасыл алаңның жұлдызын жер-жаһан жұртшылығы әлі күнге «Футбол королі» деп бағалайды. Расында, қаншама жұлдыздар жанкүйерлерді баурап жүргенімен, олардың есімі Пелемен шендес айтылған емес. Бұл да ерекше дарынды футболшыға деген зор құрмет болса керек-ті. Сол биігі ешқашан төмендемейтін де секілді. Тоқсаныншы жылдарға дейін доп тепкен әйгілі Марадонаның өзі оны ұстазы ретінде құрмет көрсетті. Айта кетсек, аргентиналық футбол жұлдызы 2020 жылдың 25 қарашасында дүниеден өткен еді.

Бразилияда футбол королі Пеленің қайтыс болуына байланысты үш күндік аза тұту жарияланды.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<