Қыс мезгіліндегі қауіпсіздік шаралары пысықталды

615

0

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі облыстық комиссияның кезекті отырысында бірқатар мәселелер қаралды.

Жиында облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Жандос Еркінбек ықтимал су тасқынының алдын алу мәселелері бойынша атқарылуға тиіс жұмыстарды баяндады. Оның айтуынша, жыл сайын өңірде мол суды қауіпсіз өткізу үшін қорғаныс бөгеттері мен су шаруашылығы нысандарының ахуалы зерттеліп, анықталады. Соның нәтижесімен жөндеу, күшейту және қалпына келтіру жұмыстары атқарылады.

Аймақ басшысы су толып, мұз қатқан кезде қауіпсіздік шараларын сақтап, ең қауіпті деген тұстарды алдын ала анықтау жұмыстарын уақытылы жасауды тапсырды. Бұл ретте қажетті техника мен құрал-жабдықтар тиянақты әзірлену керек.

Отырыста қысқы мұз ұстасу кезеңінде су деңгейі көтеріліп, елді мекендерге, инфрақұрылымға су басу қаупі туындауы ықтимал Арал, Қазалы, Қармақшы аудандарының әкімдері баяндама жасады. Сондай-ақ, «Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясы мен «Қазсушар» РМК басшылығы қазіргі су тоғандарында қалыптасқан жағдайға, ал «Қазгидромет» РМК облыс бойынша филиалының директоры алдағы қыс мезгіліндегі ауа райы болжамына тоқталды.

Комиссия отырысында қыс мезгіліндегі жол қауіпсіздігі мәселесі де қаралды. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Руслан Қайрақбаев пен «ҚазАвтожол» мекемесінің басшысы Ерұлан Жүнісов баяндама жасады.

Аймақ басшысы қысқы уақыттағы төтенше жағдайлардың басым бөлігі жол бойында орын алатынын қаперге салып, алдағы уақытта ескерілуі тиіс мәселелерді тізбектеді. Оның ішінде, «Қызылорда-Жезқазған» трассасы бойындағы ұялы байланыстың жоқтығы жол бойындағы қар басу қаупі бар учаскелерді қардан тазалау үшін арнайы техникалар және жылыту бекеттерінің дайындығы, аймақтағы қалқымалы көпірлердің жағдайы бақылауды қажет етеді. Алдын ала арнайы техника мен жылыту бекеттерінің дайындығын пысықтап, төтенше жағдайдан зардап шегушілерге көмек көрсету үшін қажетті бұйымдарды әзірлеу тапсырылды. Сондай-ақ, жауапты мекемелерге халықты қауіпсіздік шаралары туралы кеңінен ақпараттандыру бойынша міндет жүктелді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<