«Qyzylorda» шоколады немесе «бәрі өзімізден болса»

1040

0

Мынадай мәлімет бар бізде. Біздің облыста 55 мыңнан аса кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Оның ішінде 2373-і өңдеуші өнеркәсіп саласында жұмыс жүргізеді. Жоғарыда айтқан ең үлкен цифрдың ішінде ауыл шаруашылығы саласында, яғни, өсімдік, мал, құс өсіру кәсібімен айналысатын 12456 кәсіпкерлік тіркелген.

Біз мұны неге айтып отырмыз. Шынымен сырттан келер дайын өнімді бірінен алып, біріне сату жақсы дамығанмен, өзімізден өнім шығару әлі де кенжелеп тұр. Оған сандық көрсеткіш дә­лел. Әсіресе, жергілікті жерден тұты­нушыға қажет затты шыға­ратын шағын цехтардың үлесі аз. Дей тұрғанмен де…

Осы айда Қызылорда қала­сында «Qyzylorda» арнайы белгі­сімен шоколад шыға бастады. Иә, сіз бен біз білетін «Қазақстан» мен «Аlpen gold» тәттісінен кем түспейтін өнімді жерлестеріміз дайындап отыр.

– Өзіңіз білесіз, карантин уақытында біз де көп адамдардай дағдарып қалдық. Жұмыс тоқтап, «екі қолға бір күрек» іздегенімізде осы идея пайда болған еді. Шоколад жасауға алдымен досым Әлібек ой салды. Одан соң анам қолдау көрсетті. Талаптандық, аз­ды-көпті өз қаражатымызды сал­дық, тәуекелмен бастап кеттік, – дейді шағын шоколад цехының иесі, кәсіпкер Дархан Асан.

Ал Дарханның анасы Жәмила Елеуова бұрыннан үй жағдайында тәттілер пісіріп келген. Шоколад жасауда арнайы курсты тәмам­дапты.

– Интернет аман болсын, – деп күлді Жәмила апай бізбен сөйлесіп тұрып. – Онда бәрі бар. Бірақ, ондағы ақылы курстардың барлығы бірдей өзіңе керек мә­ліметті бере бермейді. Жақын сіңілім арқылы арнайы курстан өтіп, өнім рецептісіне әбден қа­ны­ғып барып, осы шаруаны бас­тадық.

Жәмила апайдың айтуынша, цехтан шығатын өнім әзірге Жа­ңа­қорған, Шиелі, Сырдария, Қар­мақшы аудандарына тарайды. Бір күнде 150 дана тәтті шығаратын цех­тың өніміне қала дүкендері де қызығушылық танытуда.

– Керек шикізатты Ресейдің Калининградынан, сосын өзіміз­дің Қарағандыдан алдырамыз. Ал­ға­шында қиындық болды. Шы­ғын да аз емес. Шоколад дәміне келтіру – өте қиын жұмыс. Қазір үш түрлі тәттіні халыққа ұсынып отырмыз. Олар – сүтті шоколад, арахис қосылғаны және жүгері дәні бар тәтті түрі. Бұның бас­ты айырмашылығы сол, Сыр өңірінен шығатын өнім болатыны бізді қатты қуантады. Біз әу бас­та осыны армандадық, – дейді Дарханның досы әрі серіктесі Әлібек.

Қызылордада шығатын шоко­ладтың нарықтағы бағасы 270-300 теңге аралығында. Дизайны өзгеше, салмағы 90 грамм бо­латын тәттінің келешекте ай­мақ­тық брендке айналатынына сенім мол. Тек жергілікті кәсіп­кер­лік саласына жетекшілік ете­тін орындар қолдауын аямаса бол­ғаны. Өйткені, Дархан осындай құзырлы мекемелер арқылы кәсібін кеңейтсем деген ойын ашық айтқан. Әзірге ол «Ақмешіт» шағын ауданынан ғимарат жалдап, анасы және досымен бірлесе шағын цехты өз халінше жүргізіп отыр.

Ержан ҚОЖАС

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<