Қызылордалық бильярдшылар белесі

749

0

Қызылордада бильярдтан Қазақстанның ашық чемпионаты өтті. Оған еліміздің әр өңірінен
60 ойыншы келді.  Чемпионатқа Әлемнің 2 дүркін чемпионы Ернар Чимбаев қонақ ретінде қатысып, шеберлік ойынын көрсетті.

Ашылу салтанатында ішкі істер саласының ардагері Талғат Ыстықбаев, облыстық Сот әкімшісінің басшысы Сағатбек Сүлеймен сөз алып,  ұйымдастырушыларға алғыс айтып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Ашық чемпионатты облыстық бильярд қауымдастығы ұйымдастырды.

Бұл қатарда қызылордалық азамат, бильярд ойынының жанашыры Сейіткерей Досаев пен қаржылай қолдау көрсеткен жерлесіміз, ойынның бас төрешісі Руслан Мамановтың, сонымен бірге демеушілік жасаған Димаш Сауытовтың, Ербол Исламбаевтың еңбегі ерекше.

Кеше ашық чемпионат қорытындыланып, жеңімпаздар ақшалай сыйлыққа ие болды. 1-орын жүлдесін коммерциялық турнирлер жеңімпазы, алматылық Айдос Туғанбаев алды. 2-орын жүлдесі қызылордалық ойыншы Әскербек Нағызбековке  тиесілі  болды. 3-орынның сыйлығын екі қызылордалық ойыншы Нұртас Исмайылов пен Нұрсұлтан Құрбан бөлісті. Сегіздікке енген ойыншылардың бәрі ақшалай марапатталды.

Марапаттарды бильярд ойынының шеберлері – Талғат Ыстықбаев, Берік Ахметов және Руслан Маманов тапсырды.

Қызылорда облысында бильярд федерациясының болмауы – ойға сыймайтын нәрсе. Бұл – жастарды мергендікке, ептілікке, есепке және елдік қасиеттерді жоғары қоюға үйрететін спорт. Мәселен, қазір қазақтың намысын биік ұстап, елдің атын аспандатып жүрген Ерлан Чимбаевқа еліктейтін жастар жетерлік. Бір ғана Қызылорданың өзінде Қуат Бахрамұлы, Асхан Кеңесов, Фархад Қосжанов секілді Қазақстан чемпиондары бар. Олардың арасынан Әлем чемпиондары да шығады деп ойлаймыз. Сол үшін, жастарды салауатты өмірге көптеп тәрбиелеу үшін бильярд федерациясының қажеттігі түсінікті.

Осылайша, үш күнге созылған ашық чемпионат жанкүйерлерін бір желпінтіп, жақсы әсер қалдырды.

(Ернар Чимбаевпен тілші сұхбатын газеттің келесі санынан оқисыздар).

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<