Қызылордалық математик халықаралық байқауда топ жарды

492

0

Өркениет жолында әлемдік дамудың биік белесіне көтерілу үшін білім мен ғылымның орны қашан да ерекше. Жастардың ғылымға деген ынтасын арттыру мақсатында Сыр өңірінде дәстүрге айналған халықаралық А.Жұмаділдаев атындағы «Жас математиктер» байқауы биыл да өтті. ТМД елдері арасында ұйымдастырылған байқауға 800-ден аса үміткерден өтінім келіп, оның ішінде 100 қатысушы іріктеліп, байқауда бақ сынады.

Математика пәні мұғалімдері арасындағы білім додасына Сыр елінен Назарбаев зияткерлік мектебінің мұғалімі Бәймен Сәбит қатысты. Ол еліміздің барлық аймақтары мен көршілес Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан мемлекеттерінен 18 бен 28 жас аралығындағы жас математиктермен сайысты. Байқау ережесі бойынша барлық қатысушылар 7 күрделі есеп шығарып, кәсіби шеберліктерін көрсетті.

Нәтижесінде қазақстандық жас математиктер жүлделі орындарға ие болып, арнайы сыйлықтармен марапатталды. Олардың қатарында сырбойылық Бәймен Сәбит те бар. Ол 2-орынға ие болып, 500 мың теңге сыйақы иеленді.

– Жүлделі орын алғаным үшін қуаныштымын. Ең алдымен математика пәні мұғалімдерінің Қазақстандық қауымдастығы республикалық қоғамдық бірлестігіне және тікелей қолдау көрсеткен аймақ басшысына алғыс айтамын. Маған қолдау көрсетіп, сенім білдірген ұжымдастарыма және барша сырбойлықтарға рахмет. Әрдайым жеңіс тұғырынан көрініп жүре берейік, – дейді ол.

Жас математик 1995 жылы Жаңақорған ауданы Кеңес ауылында дүниеге келген. Астана қаласындағы Еуразия Ұлттық университетінде білім алып, 2017-2018 жылдары Жаңақорған кентіндегі №3 мектеп-интернатында мұғалім болып қызмет атқарған.

– Менің математикаға деген қызығушылығымды анам ұштады. Ол кісі өте шығармашыл адам. Үйде үлкен сөрелер болатын. Көпшілігі математикалық кітаптар. Сол кітаптарды оқып, логикалық есеп шығаруды үйрендім. Жалпы айтқанда анамның көрсеткен қолдауы көп, – дейді.

Жерлесіміздің бұған дейін түрлі деңгейдегі олимпиадаларға қатысып, үздік математик екенін дәлелдеп жүруінің өзі көңілге қуаныш сыйлайды. Ол 2019 жылы ұйымдастырылған халықаралық «Жас математиктер» байқауында ІІІ орын, V халықаралық IMPACT-2023 сайысында І орын иеленген. Алдағы уақытта мұнан да жоғары жетістікке жетеріне сенім мол.

Сыр елі – тек қасиетті өнердің ғана емес білімділердің де ордасы. Жастар ғылым жолында талай жетістіктерге жетуі керек. Бұл байқау нағыз метематиктерді анықтауға және жас ғалымдардың атын шығаруға үлкен мүмкіндік береді.

Аружан ЕРАЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<