Ревакциналау басталады

676

0

Елімізде  22 қарашада ревакциналау басталады. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты.

–    Мемлекет басшысының тапсырмасымен республика халқын иммундау жөніндегі консультативтік комиссиясының ұсынысына сәйкес, бұған дейін халықты ревакциналау тәсілдері баяндалған болатын. Науқан 22 қарашада екі кезеңмен басталады, – деді министр.

Оның айтуынша, ең алдымен, халықтың тәуекел тобына кіретіндер өтеді.

–    Бірінші кезекте тәуекел тобына кірген адамдардың екпе алғанын, яғни, бірінші вакциналау мерзімі ескеріледі. Жыл соңына дейін халықтың әлжуаз тобы ревакциналаудан өтеді. Олар – медицина қызметкерлері, педагогтер, медициналық-әлеуметтік мекеме қызметкерлері мен контингенті, жабық балалар мекемелері, күштік құрылым қызметкерлері,– деді ол.

Ал келер жылдың басынан жаппай жүргізіледі. 

Министрдің мәлімдеуінше, 60 жастан асқан адамдар, сонымен қатар COVID-ке қарсы антиденеге арналған тесттің теріс нәтижесі бар және зерттеуден өз бетінше өткендер белгіленген мерзімсіз-ақ ревакциналауға жіберіледі. Алғашқы жаппай вакциналау сәуір айында басталғанын ескерсек, бірінші вакциналауды және толық курсын аяқтаған соң 6-9 айдан кейін еліміздің барлық азаматы келер жылдың басынан егіледі. Осыған орай министр  бірінші кезеңді аяқтаған және ревакциналау уақыты келген барлық қалған адамдар өтетінін айтты.

Мамандардың айтуынша, бізде вакцинаның екі түрі бар – векторлық және инактивтендірілген. Sputnik V – векторлық вакцина, ал қалғандарының барлығы инактивацияланған. Векторлық вакцина алған адамдарға тоғыз айдан кейін белсенді емес вакцинаны, яғни, Vero Cell мен QazVac алу, ал кез келген инактивацияланған вакцина алғандарға алты айдан кейін Sputnik V векторлық вакцина алу ұсынылады.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<