«Сабалақ» орталықтандырылған су желісіне қосылды

627

0

Тұрғындар үшін өзекті саналатын мәселелерді шешу маңызды. Әсіресе, елді мекендерді ауызсумен қамту, жол сапасын жақсарту, білім ошақтарын салу сынды мәселелер кезең-кезеңімен шешілуде. Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Қызылорда қаласы «Сабалақ» саяжайындағы ауызсу қоймасының құрылысын көрді.

«Сабалақ» саяжайын ауызсумен қамтамасыз ету үшін 2019-2021 жылдар аралығында ұзындығы 67 шақырымды құрайтын магистральді және ішкі ауызсу желілері жүргізіліп, елді мекен тұрғындарына пайдалануға берілді. Сондай-ақ, жазда су тапшылығын болдырмау үшін жеке демеуші есебінен қосымша ұңғыма қазылып, сыйымдылығы 50 текше метр болатын ауызсу мұнарасының құрылысы жүргізілді. Бүгінде жұмыстар толық аяқталып, орталық су желісіне қосылды. 

Өңір басшысы тұрғындардың игілігі үшін елді мекендерді ауызсумен қамтамасыз ету жұмыстарының жоспарға сай әрі сапалы жүргізу керектігін қаперге салды.

Бүгінде облыс халқының 97%-і орталықтандырылған ауызсуға қосылған.

Мұнан кейін аймақ басшысы «Арай-3» шағын ауданындағы жаңадан салынатын мектеп құрылысына бөлінген жер учаскесіне барды. 800 орындық мектеп құрылысын салу үшін 3 гектар жер учаскесі белгіленген. Қазір білім ордасының жоба-сметалық құжаттамасын әзірлеу мен құрылысқа дайындау жұмыстары басталды.

Мұнан бөлек, аумақта сот қызметкерлерін баспанамен қамтамасыз ету үшін 1 гектар жер қаралған. Екі жоба бойынша аталған аумақтарды құммен толтыру жұмыстарын жүргізу керек. Мамандардың есебіне сәйкес, 250 мың текше метр, яғни 500 мың тонна құм қажет. 

Облыс әкімі демографиялық көрсеткіштің артуына байланысты жаңа мектептер салу қажеттігін, жаңа мектеп орын тапшылығын шешуге ықпал ететінін айтып, қала әкімі Ғанибек Қазантаев пен құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Бердияр Пірімбетовке мектеп құрылысына қатысты жұмыстардың уақытылы әрі сапалы жүргізілу керектігін тапсырды.

Айта кету керек, аймақта өткен жылдың қыркүйек айында 750 орындық 3 мектеп пайдалануға берілді. Оның екеуі – жекеменшік мектеп. Биыл 8 мектептің құрылысы жүргізіліп, 7 білім ордасы жыл аяғына дейін пайдалануға беріледі.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<