«Сәт» фильмінің түсірілімі басталды

622

1

«Aslan films» − өңіріміздегі балаларға арналған тұңғыш киностудия. Кәсіпкер Жасұлан Алдабергеновтың бастамасымен 2020 жылы «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Балалар киностудиясы» жобасы арқылы қайтарымсыз грантқа қол жеткізіп, 3 миллион теңге көлемінде қаржылай қолдау­ға ие болған.  Бұл қаржыға арнайы құрал-жабдықтар алынып, студия заман талабына сай техникалармен, жарықтармен жабдықталған. Бүгінде 7 адам жұмыспен қамтылған.

Мұнда 6-18 жас аралығындағы талантты, өнерге құштар балалар екі бағыт бойынша, тәжірибелі мамандардан білім алады. Оқушыларға облыстық ­Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық  академиялық драма театрының артисі З.Төлепова сахна тілі, актёрлік шеберлік сабақтарынан дәріс береді. Оның айтуынша сенбі, жексенбі күндері арнайы дәріс­тер ұйымдастырылады. Оқу­шылар тек қана актёрлік шеберлікті шыңдап қана қоймай, өлеңді мәнерлеп оқуға бейімделеді және бұл жерден операторлық мамандықты меңгеруге болады. Басты мақсат − балалардың бойындағы талантын ашу.

Мұнда көпбалалы, тұрмысы төмен отбасынан шыққан балалар үшін 30 проценттік жеңілдік қарас­тырылған, тіпті тегін оқуға мүмкіндік алуға болады.

Қазірдің өзінде шығармашылық топ көптеген тап­сырыстар қабылдап, кең кө­лемді сериалдарды түсіріп, жарыққа шығарған. Осыған дейін 12 қысқаметражды және 2 толықметражды фильм, 15 әлеуметтік ролик со­нымен бірге, 20 бөлімнен тұратын «Бақталас» атты телехикая жарық көріп, көрерменнің оң бағасына ие болған. Мұнан бөлек жақын арада жастарға арналған жаңа телехикая түсіріледі.

− Ақпанның 24-нен «Сәт» атты телехикаяның түсірілімі басталады. Бұл бес бөлімнен тұратын веб-сериал. Киноның жастарға ой салатын тәрбиелік мәні бар. Сондай-ақ, кинода бозбала мен бойжеткеннің арасындағы бала махаббат ерекше сипатталады, − дейді Ж.Алдабергенов.

Аймақта өнерлі, талапты жастар мен жасөспірімдер көп. Балалар киностудиясы осындай жастарды қолдап, өңір экономикасының және киноиндустрияның дамуына септігін тигізіп келеді. Осы сынды игі жобалар мемлекет тарапынан қолдау тапса, Сыр жастарының мүмкіндігі еселене берері анық.

Аружан ЕРАЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<