Сахна төрінде − «Жаңа жұлдыздар»

714

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы жылды «Балалар жылы» деп жариялауы бүлдіршіндерді үлкен қуанышқа бөлеп отыр. А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде «Мажкен» балаларға арналған спорттық-шығармашылық орталығының ұйымдастыруымен «Жаңа жұлдыз» атты ерекше балалардың шығармашылық кеші өтті.

Кеште үйден оқытылатын, облыстық балалар оңалту орталығында, №7 арнайы түзету мектеп-интернатында,  №6 есту қабілеті бұзылған балалардың арнайы мектеп-интернатында қызмет алатын, №5 көру қабілеті бұзылған балалардың арнайы мектеп-интернатының тәрбиеленушілері өнер көрсетті. Бірі ән салды, енді бірі мың бұрала биледі, өлең оқып көрермен көзайымына айналды.

− Облыста 5912 мүмкіндігі шектеулі бала бар. Олардың 1943-і мектепте, 2000-ға жуығы үйде оқытылады. Балаларды қоғамға қосу, инклюзивті ортаны дамыту үшін мұндай шаралар қажет, − деді облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Шолпан Жүнісова.

Бұған дейін «Кескіндеме, сурет салу», «Бисермен өру» бойынша ұйымдастырылған қалалық байқау қорытындыланды. Шығармашылық сайысқа 70 бала қатысқан. Жеңімпаздар дипломмен марапатталды. Аниматорлар балалармен бірге ойын ойнап, қуаныш сыйлады.

Кеш барысында аталған орталық жетекшісі Жандос Тұсмағанбетов  балалармен тікелей жұмыс істеп отырған бір топ сала мамандарын марапаттады.  Алғаш рет сахнаға шығып, өнер көрсетіп, дипломмен марапатталған балалардың жүзіндегі қуанышты сөзбен сипаттап жеткізу мүмкін емес.

Айта кету керек,  «Мажкен» балаларға арналған спорттық-шығармашылық орталығында 400-ден астам ерекше бала түрлі үйірмелерге қатысады. «Балалар жылына» орай ашылған орталық жұмысы өз жемісін бере бастады.

Гүлбану МАҚАЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<