Салалар жұмысы сараланды

294

0

Қызылорда қаласындағы Достық үйінде облыстық қоғамдық кеңес мүшелерінің кезекті отырысы өтті. Онда үш мәселе қаралды.

 

Бірінші  мәселеде, жи­нақ­таушы зейнетақы жүйесінің қоры­тын­дылары мен даму келешегі және әлеуметтік мәсе­лелерді қорғау мекемелері бас­шы­ларының есебі тыңдалды. Бұл туралы “Бірыңғай жинақ­таушы зейнетақы қоры” АҚ-ның облыстық филиалы дирек­торының орынбасары А.Сәр­­сенбаев хабарлама жасады. Оның айтуынша, бүгінде БЖЗҚ-ның 18 филиалы мен 218 қызмет көрсету кеңсесі бар, оның ішінде облыс бойынша 9 қызмет көрсету кеңсесі жұмыс жасайды. Өңірде 335 мыңнан аса шот, 270 млрд теңге салым бар. Зейнетақы қызметтеріне тең қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында электронды сервистер, e-gov, ұялы қосымша, өз-өзіне қызмет көрсету терминалдарынан бөлек, сәуір айынан бастап мобильді кеңсе өз жұмысын бастаған. Сондай-ақ, “Қазпошта” АҚ бөлімшелері арқылы трансфер-агенттік қыз­мет көрсету де  іске қосылған. Екінші мәселе бойынша еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің облыс бойынша департамент басшысы Т.Жолымбетов сөз алып, 11 айдың қорытындысын баян етті.

Есепті  мерзімде аймақтағы әлеуметтік төлем алушыларға 84,0 млрд теңге төленген. Меди­ци­налық-әлеуметтік сараптама бойынша 11320 адамға “мүгедектікті немесе еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесін белгілеу және қажетті әлеуметтік қорғау шараларын айқындау” мемлекеттік қызметі көрсетіледі.

– Он бір айдың қорытын­дысына орай өңірде мүгедектікке шығудың төмендеуі байқалады. Осыған сәйкес, алғашқы мүге­дектікке шығу интенсивтік көр­сеткіші 10 мың халыққа шаққанда 28,1-ден 27,5-ке дейін азайған. Яғни биыл 2173 азаматтың мү­ге­дектік тобы анықталып, оның ішінде 1700-не композиттік мем­лекеттік қызмет көрсетілді.  Бұл алғашқы мүгедектікке шық­қан­дардың 78,2 процентін құрайды. Мүгедектер тобы арасында екінші топтағылар – 49,6 %, үшінші топ 63,5 % болса, бірінші топ 13,9% көрсетіп отыр, – деді департамент басшысы.

Бүгінгі күні облыс бойынша жолаушылар тасымалдау саласында 211 автобус маршруты, облысаралық 12 автобус маршруты қызмет көрсетеді. Биыл шілде айынан бастап халықаралық «Қызылорда-Ташкент» маршруты ашылды. Сонымен қатар, 20 жұп жолаушылар пойызы, оның ішінде мемлекетаралық бағытта 7 жұп пойызы өтеді. Жолақы тарифтері басқа өңірлермен салыстырғанда ең төменгі деңгейде сақталып отыр. Бұл туралы жиын барысында облыстың жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Д.Тілеуов хабарлады.

– Қазіргі таңда “Цифрлық Қазақстан” мемлекеттік бағдар­ла­масы шеңберінде 2 жоба іске асырылуда. Оның бірі “Салтанат” ЖШС автовокзалында аудан, қала, облысаралық маршруттарға электронды түрде билеттер сатып алу жүйесін енгізу. Дәл осындай жүйені қаланың қоғамдық көліктеріне де енгізу ойластырылуда. Сондай-ақ, жаңа әуежай терминалының құрылысы жобасы да қолға алын­бақ. Бұл жобалар мемлекеттік-же­ке­меншік әріптестік механизмі ая­сында жүзеге асатын болады. Ал­дағы жылы жолаушыларға қызмет көр­сету сапасын арттыру және көз­деген жеріне тікелей жетуін қам­та­масыз ету мақсатында Атырау, Алматы, Шымкент және Түркістан автобус бағыттарын ашу және автобус паркін кезең-кезеңімен жаңарту бағытында жұмыстар жүргізу жос­парланып отыр, – деді Д.Тілеуов.

Шара соңында баянда­ма­шы­ларға қоғамдық кеңес төрағасы С.Имандосов пен қатысушылар тарапынан бірқатар сұрақтар қойылды. Оның ішінде билет тапшылығы, жолдардың тозған жер­леріне жөндеу жұмыстарын сапалы жүргізу, мүгедектікке өту тәртібі секілді мәселелер сөз етілді. Сондай-ақ, мереке қар­са­ңында пойыздарға қосымша вагон тіркеуге ұсыныс жасалды.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<